​ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қарағанды облысы ішкі саясат басқарамасының тапсырысы аясында «ZOOM» платформасында абайтанушы, Қазақстан Журналистер обағының мүшесі Бақытқали Мұсабеков конференция өткізді. Жезқазғандық БАҚ өкілдері, мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері, қала белсенділері мен еріктілерді қатысқан онлайн кездесуде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының негізгі бағыттары талқыға салынды.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауы ерекше мәнге ие. Ол халық пен елдің басты өзекті мәселелеріне нақты жауап береді. Жолдау әрбір қазақстандықтың әл-ауқатына байланысты барлық негізгі салаларды қамтыды, — деген баяндамашы әр салаға міндеттерді айқындап берген 11 бағытқа жеке-жеке тоқталды. Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды.

Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті және шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Үнемделген қаражат арқылы қалған мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы артатын болады. Бұл өз кезегінде олардың жұмыс сапасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жағдайдағы экономиканы құру басымдығында көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешіндерін дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін, моноқалаларды дамыту мен ауыл әлеуетін толық пайдалану қажеттігін қаузаған стратегиялық құжатта азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық берілді.

Тұрғын үйдің қолжетімділігі, балалардың қауіпсізігі мен құқығын қорғау бойынша нақты тапсырмалар берілген төртінші басымдықта келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алатыны айтылды. Білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешу, ұстаздардың жалақысын көтеру, оқулықтар сапасын арттыру, орта, орта арнаулы, жоғары білім беретін оқу орындарының жұмыс сапасын көтеру үшін мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлу, дәрігерлердің еңбегін лайықты бағалау, медициналық инфрақұрлымды дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық ахуалды оңалту, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын құру, цифрландыру процесін жеделдету, ұлт болмысының жаңа қағи­даттарын орнықтыру сияқты ел дамуы үшін маңызды мәселелерді қамтыған Жолдау әр қазақстандыққа зор жауапкершілік жүктейтінін алға тартқан Бақытқали Мұсабеков баяндамасын Президенттің: «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» деген міндетімен тәмамдап, конференция қатысушыларына ой салды.

Өз тілшіміз

09:32
397

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020