«БҰЛ ЖОЛ – ӨЗІМ ТАҢДАҒАН ЖОЛ»

«Мен теміржолшының қызымын. Анам — үй шаруашылығындағы әйел. Екеуі де мәдениет пен өнерге қатысты қызмет саласында болған емес. Шешем музыкалық аспаптарға құмар еді. Өзі тілін білмесе де біздің туған күндерімізге сыйлыққа үйге домбыра, мандолин, сырнай сатып әкеп қоятын. Сол аспаптарды қызықтап жүріп марқұм болған ағам Жақсылық музыкаға, өнерге ынталы болып өсті. Анамыз сатып алып берген аспаптардың бәрін үйреніп алды. Кейде өзім де: «Осы мәдениет пен өнерге құштарлық маған қай қаннан берілді екен»,- деп ойланатыным бар. Сонан соң «арғы ата-бабаларым не болмаса нағашы жағынан келетін бабаларымыз әнші не күйші болған шығар» деп өз сауалыма өзім жауап беріп қоямын. Мен мәдениет саласының қызметкері болуды қаладым. Бұл — менің өз таңдауым».

Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан шағынан сыр тарта отырып әңгімелескен кезімізде Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева өз ойын осылай бір түйіндеп тастады.

Жаңаарқа ауданы орталығындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті 1977 жылы 24 түлек ойдағыдай бітіріп, әрқайсысы өз көңіл қалауларымен өмір жолына түсіп жатты: бірі ауылда қалды, бірі училищелерге құжаттарын тапсырды, енді біреулері Алматы, Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына түсіп, жоғары білім алуды таңдады. Салтанат «Шымкент қаласында жоғары білімді мамандар даярлайтын институт бар» дегенді естіп, түстіктегі тірлігі қайнаған шаһарға қарай тартты. Мақсаты – жоғары білімді мәдениет қызметкері болу. Сонан соң мектеп қабырғасында жүріп үйренген, кейін ол өнерін музыка мектебінің домбыра сыныбында шыңдаған домбырашылығын дамыту.

Иә, ол мәдениет саласы маманы болуды ешкімнің ақыл-кеңесінсіз өзі таңдады. Таңдауын анасына айтқан. Анасы: «Қарағым, мынау іргедегі Қарағандыға неге бармадың? Жұрттың баласы заңгер, экономист, мұғалім болам деп талаптанып жатыр. Сен мәдениет саласында қызмет ететін боламын»,- дейсің деп ашық қарсылық жасамаса да, қызының таңдауын олқысынып тұрғанын ақырын сездірген болатын.

Алған бетінен қайтпайтын өжеттігі, қайсарлығы бар қыз өз дегенінде тұрды. Жол жүгін жинастырып, түу сонау түстіктегі Шым қалаға тартты. Қасында – анасы. «Өзімде тауып бара аламын ғой, әуре болмашы» дегеніне анасы да көнбеді. Бантигін кеше ғана тастаған қызын бейтаныс қалаға беталды жібере салып, байыз тауып үйде отыра ала ма ана деген? Қызымен қоса кетті. Қанатты арман жетелеп Арқадан шырайлы Шымкентке келген Салтанаттың жолы болды. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына оқуға қабылданды. «Мәдени-ағарту жұмысы» біліктілігі бойынша білім алуды қалаған Салтанат алғашында үркектей келген Шымкентке тез бауыр басып, студент жастардың қайнаған ортасына еніп кете берді.

Институт жанынан құрылған халық аспаптар оркестрінде домбырашы болып өнерін шыңдай бастады. Күндіз — теориялық, практикалық сабақтар, кешке — оркестр даярлығы, концерттер. Дамылсыз күндер бір-біріне жалғасып жүріп жатты.

-Былай қараған адамға мәдениет қызметкері болып оқудың еш қиындығы жоқ сияқты болып көрінеді. Шындығында, оның да зеректікті, білімді, дүниетанымды, ойлылықты қажет ететін пәндері жетерлік. Менің ойымша, мәдениет пен өнер саласында кез келген адам табысты еңбек ете алмайды. Осы салаға бейімі бар, таным-түйсігі терең, қағылез, мәдениет дегеннің не екенін жан-тәнімен түсіне алған, өнер әлемінен хабары бар, хабары бар ғана емес, сол әлемде өмір сүре алатын адам ғана шыдап, қызмет жасай алады. Институттағы сабақ кезінде сүйікті ұстаздарымыз бізді осылай тәрбиеледі. Мәдениет тарихынан бастап, мәдени-ағарту жұмыстарының бүге-шігесінен дейін тәптіштеп түсіндіріп, бойымызға сіңірді»,- дейді Салтанат Сүлейменқызы.

Сөйтіп ата-ана мен бауырларының ортасында еркелеп өскен қыз орта көріп, республиканың түкпір-түкпіріне келген замандастарымен танысып, дос тауып, бала көңілі байыпты оймен толыса бастады. Ең бастысы, өзі таңдаған мамандықтың қызығы мен қиындығын жан-тәнімен сезінді.

Ұйымдастырылатын мәдени іс-шараның мақсатын айқындап, тақырыбын белгілеу, оның сценариін жасау, шараның табиғатына сай музыкалық нөмірлерді таңдау, сахна мәдениеті, оның безендірілеуі, жарық түсіру т.с.с. сияқты ізденуді талап ететін шаруалар жетіп артылады. Демек мәдениет саласы қызметкері болдың екен, сен сан салалы шығармашылық адамы болуың қажет. Кейде іс-шара барысында күтпеген тосын жағдайлар болып қалады. Одан табан астында шығудың жолы қандай? Мұндайда тапқырлық пен шешімді қимыл қажет. Салтанат институт қабырғасында жүріп осы мәселелердің қыр-сырына қанығып өсті. Институт қабырғасынан да, көрермен ретінде қатысқан түрлі мәдени іс-шаралардан да ол көп үйренді. Жадына жазып, жанына түйді. 1981 жылы сүйікті институтын ойдағыдай тәмамдап, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Жезқазған қаласына келді.

Облыс орталығы болып, қызу тірлігін қаузап жатқанына сегіз жыл болған Жезқазғанның өз басында да, облысқа қарасты қала-аудандар мен ауылдарда да мәдениет саласы бойынша шешуін күтіп жатқан түйінді мәселелер жеткілікті болатын. Осы мәселемен тікелей айналысатын Жезқазған облыстық мәдениет басқармасы – жас маман Салтанат Әбішеваның (ол кезде тұрмысқа шығып, Нұрлыбаева деген фамилияны алмаған кезі – авт.) алғаш еңбек жолын бастаған құтты мекеме. Ол кезде Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының бастығы партия-кеңес жұмысының шыңдалған қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, мәдениет саласының майталманы Қалкен Мәкенбаев болатын.

-Мен Қалкен ағадай жан-жақты білімді, зор мәдениеттің иесі, іскер, адам жанының инженеріндей көрінетін жанашыр жанның қарамағына қызметке келуімді өмір олжасы санаймын. Мақтауы болса да, ескертуі болса да ақырын сөйлеп отырып, санаға шымшымдап сіңіретін ардагер аға маған көп нәрсені үйретті. Ұстазым болды,- деп еске алады еңбек жолын бастаған тұсты әңгіме өзегі еткен Салтанат Сүлейменқызы.

Қолында күректей дипломы бар жас маман Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік орталығының халық шығармашылығы бөлімінің аға әдіскері қызметіне кірісіп кетеді. Көп ұзамай ісіне тиянақты, өзі еңбек етіп жүрген орталықтың жұмысын үйіріп әкеткен, алдындағы аға-апаларынан үйрене жүріп аз уақыттың ішінде өзінің талабы мен дарынын таныта білген Салтанат халық шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кезінде бұл орталықтың атқарған шаруасы ерен болды. Ел ішіндегі өнерпаздар шығармашылығын танып, насихаттау, халық мұрасы саналған арғы замандарда өмір сүрген айтулы өнерпаздардың жәдігерлерін жинастырып, дәріптеу сияқты жұмыстар сергектікті, зеректікті, ғылыми-зерттеушілік қабілетті талап ететін. Ұстазы Қалкен Мәкенбайұлының: «Салтанат, сен өзіңді өзің ісіңмен танытып, ізденісіңмен көрініп, жаңашылдығыңмен қала, облыс басшыларының назарына түсе беруің керек. Сенен жақсы маман, іскер басшы шығады. Өзіңді осы жолға тәрбиеле»,- деген сөзін үнемі жадында ұстап келе жатқан жас маман осы үддеден көріне білді. Арада біраз жылдар өтісімен ол ғылыми-әдістемелік орталығының директоры қызметіне тағайындалады. Жұмыс еселене түсті, жауапкершілік күшейді. Бірақ ол қат-қабат шаруаның біріне мойымады, керісінше, ұштала түсті.

Ширек ғасырға жуық облыс орталығы болып өмір сүрген Жезқазған облысы тарағаннан кейін Қарағанды облысына бағынысты қала болып қалды. Салтанат Сүлейменқызы 2001 жылы Жезқазған қалалық мәдениет бөлімінің бас маманы, төрт жылдан кейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ішінара ауыс-түйіске байланысты екі жылдай бөлім меңгерушісінің орынбасары болып істейді де 2008 жылдан бастап Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болады. Содан бері он екі жыл бойы қала өмірінің маңызды әрі жауапты буындарының бірі саналатын мәдениет саласының ыстығы мен суығына, қызығы мен шыжығына көніп келеді.

Жасырары жоқ, нарыққа негізделген қоғамдық даму үдерісі ел дамуының әр саласын қатал сынақтардан өткізді. Ол сына мәдени мекемелерді айналып өтпеді. Өзін өзі қаржыландыра алмаған мәдениет ошақтары бәсекеге шыдай алмады. Шамадан тыс ұлғайған штаттар қысқартылды. Мәдени мекемелер оңтайландырылды. Ауылдар мен бөлімшелердегі кітапханалар мен клубтарды айтпай-ақ қояйық, қала-аудан орталықтарындағы мәдени мекемелердің өзі нарық сынына төтеп бере алмай жатты. Жасыратыны жоқ, мәдени мекемелердің біразы жабылды, ғимараттары қаңырап бос қалды. Ал оларды қалпына келтіру уақытты талап етті, қаржыны қажетсінді. Салтанат Нұрлыбаева бөлім басшысы қызметіне тағайындалғанда күрмеуі қиын мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отырған болатын.

-Мен Жезқазған облысы болып тұрған кездегі мәдени ошақтардың жұмыс мен нарық заңы үстемдік еткен жылдардағы мәдени мекемелердің санын да, сапасын да салыстыра аламын. өйткені екі кезеңде де мен мәдениет саласында қызмет етіп, көзіммен көрдім, тыныс-тіршілігімен таныспын. Рас, сол мекемелердің көбісінің есігінің жабылып қалғаны жаныма батты. Енді ел экономикасы бойын тіктеп, қуаты артып, қауқарлана бастаған тұста сол мекемелерді қалпына келтіру міндеттері күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты біраз ұсыныстарымды қала басшыларының назарына ұсындым. Әкімдік тізгінін ұстап отырған басшылар қолдау білдірді, қаржы көзі де шешілді. Сөйтіп көкейде жүрген біраз жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды»,- деген бөлім басшысының сөзі көп жайтты аңғарсақ керек.

Салтанат Нұрлыбаева бөлім басшысы болып жүрген жылдардың да ауыз толтырып айтарлық табыстары жеткілікті. Мәдени мекемелердің саны 9 нысанға артты. 5 кітапхана-филиалы, 4 клуб-филиалы ашылды.Кеңгір, Талап, Қорғанбай ауыл клубтары іске қосылып, тірлігін тіктеді. Он бір мәдени орынға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа жобалар жүзеге асты. мәселен қаланың 9-орамында модельді кітапхана филиалы ашылды. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі құрылып, материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Оқырмандарға қызмет ететін заманауи бөлімшелер, орталықтар ашылды. Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшпелі сахна мен ледэкран, заманауи сапалы аппаратуралар сатып алынды.

Кезінде тілдерді оқытуға арналған оқу-әдістемелік кабинетінің базасында «Тілтану» орталығы ашылды. Аз уақыттың ішінде кадрлармен, оқыту үдерісіне қажетті құралдар мен әдістемелік матераилдармен қамтамасыз ету ісі жүзеге асты. Қазіргі үлгідегі мультимедиялық кабинет сатып алынды. Сөйтіп бөлімнің қос қанатындай болған мәдени жұмыстар мен тіл саясатына қатысты жұмыс бағыттары құлашын кеңге салды.

«Лира» мамандандырылған мәдениет үйінің жұмысы да ырғақты күйге түсіп, қызмет түрлерін арттырды. Кезінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-іне қарасты болған көркемөнерпаздық ұжымдардың біразы оңтайландыру шаралары жүргізілген тұста иесіз қала жаздаған кезі де болды. Сол ұжымдарды Халықтар достығы мен мәдениеті үйі құрамына қабылдап, өнерпаздар әлеуетін сақтап қалуды да бөлім басшысының шешімді қимылы деп бағалаған жөн.

Көпшіліктің көңілінен шыққан, тағылымдық, эстетикалық мәні зор, руханият саласының өрісті болуына ықпал ететін мазмұнды шаралар – мәдениет бөлімі жұмысының нақты көрсеткіші. Бөлім жұмысының сапасын да айқындайтын — осы өлшем.

«Ұлытау үні» фестивалі, «Жезқазғанның жұпар қымызы», «Жезқазғанның сөнбес жұлдыздары», «Көңілді әуен кештері» сияқты ауқымды шаралар қазір қала жұртының сүйікті мерекесіне айналған. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған мегажобалар деп жарнамаланған кейбір фестивальдердің ғұмыры төрт-бес жылға ғана жетіп жығылып жатқанда, «Ұлытау үні» фестивалі 29 рет жалауын көтеріп, 29 рет көпшілікті көзайым еткеніне таңқаласыз.

-Биыл дәстүрлі фестиваліміз өзінің отыз жылдығын тойлауға тиіс еді. Жұмыс жоспары жасалып, қаржысы қаралып, фестиваль аясында республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланған болатын. Өкінішке орай іргеден енген індет бұл жоспарымызды жүзеге асыртпады. Өкініштісі сол»,- деп сүйікті фестивалінің жалауының биыл көтерілмей қалғанына қынжылғанына куә болдық. Қынжылса қынжылғандай еді. Алғаш шымылдығын ашқан уақыттан бері осы фестивальдің думанды кездерінің ен ортасында өзі де жүрген. Ыстық-суығын кешкен. «Күні ертең осы фестивальдің қалай басталып, қалай жылдар бойы жалғасқанын, кімдер түлеп ұшқанын жас буын біле бермеуі мүмкін. Фестиваль тарихын тасқа басып, кітап етіп шығарып қою керек»,- деп «Ұлытау үні» фестивалінің жиырма бес жылдығында халық өнері мерекесінің шежіресін де шығартқан болатын. «Зейнет демалысына шығар кезде осы фестивальдің отыз жылдығын атап өтермін деген ойының орындалмай қалғанына қалай өкінбесін?

Иә, бертінгі кезде, яғни соңғы үш-төрт жылда бөлімнің қолға алуымен өткен тағы қандай қомақты іс-шараларды атап өтуге болады?

2017 жылы өткен халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі қаланың мәдени өміріне леп әкелді. 2018 жылы «Волшебные струны гитары» атты республикалық бард әндерін орындаушылардың сайысы өтіп, Кеңгір жағасы тағы да дүр сілкінді. 2019 жылы халықаралық «Кетбұқа» күйлерін орындаушылардың байқауы, республикалық Жақсыкелді Сейілов әндерін орындаушылардың байқауы өтіп, өнерсүйер қауымға орны айрықша қуаныш сыйлағанын ел ұмытқан жоқ.

Айта кету керек, Жақсыкелді Сейілов – Салтанат Сүлейменқызының өнер өлкесіндегі сүйікті ағасы. Осы ағасының өмірі мен шығармашылығының барынша кең көлемде дәріптелуіне күш салды. Әр жылдарда өткен Ж.Сейілов атындағы қалалық, облыстық, республикалық конкурстар, Жақаң туралы естелік-кітап, деректі фильм, көркем фильмнің шығуы – осының бұлтартпас дәлелі.

Соңғы он жылда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жергілікті қаламгерлердің кітаптарын баспадан шығарып, насихаттауды жолға қойды. Қала тарихына қатысты тарихи-танымдық жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Он төрт қаламгердің кітабы жарық көрді. Қаламыздың 60 және 65 жылдығына орай екі энциклопедия баспадан шықты. Ал «Жаңа өлеңмен жүздесу» жобасы жас ақындардың жыр алаңына айналды.

Бөлім С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драм театры, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясы және Жезқазған тарихи-археологиялық музейімен тығыз шығармашылық бірлікте жұмыс істеді. Қайсыбір мәдение шара өткізілгеннен кейінгі аз-маз үзілісте Салтанат Сүлейменқызының: «Театр да, филармония да, музей де – Жезқазған қаласының мәдениеті мен өнерінің бағы ғой. Кәсіби өнер адамдарының орны бөлек қой»,- деп сүйсініп отырғанына талай куә болғанбыз. Ол өнердің, руханияттың бұл үлкен шаңырақтарының еңбектерін ерекше бағалап, құрметтеп отырады. Аталмыш мәдени мекемелерде қызмет етіп жатқан өнер иелерінің жеке шығармашылық кештерін, мерейтойларын өткізіп, оларды халыққа етене таныстыруды парызы санап келді. Театр, филармония әртістерінің, музейде қызмет ететін қолөнер шеберлері мен суретшілердің әлемін танытатын тамаша танымдық кештер өтіп, қолдау көрсетілді.

Иә, атқарылған жұмыстардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес және жарнамалауды жаны ұнатпайтын Салтанат Сүлейменқызына бұл шешіміміз ұнамай қалуы да мүмкін.

Тоқ етерін айтсақ, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасының, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметшілерінің кәсіптік одағының «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері Салтанат Сүлейменқызы осыдан аттай 43 жыл бұрын Жаңаарқадан Шымкент қаласына қарай сапарға шыққан еді ғой. Мақсаты Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына түсіп, мәдениет саласының жоғары білімді қызметкері болу еді. Анығы сол, мектеп қабырғасына шығып, институт қабырғасына барған ол сол жылдары Қазақстанның өндірісті қаласы Жезқазғанда еңбек етемін, үлкен бөлімнің басшысы боламын, ауыз толтырып айтарлық игі істердің басы-қасында жүремін, ұйымдастырушысы боламын, мәдениет қайраткері атанамын деп ойламағаны анық. Рас, ол даңқы шыққан домбырашы бола алмады, бірақ мәдениет саласының жілігін шағып, майын ішкен маманы атанды. Оның арманы да осы еді.

***

Біз ұзақ әңгімелестік. Әңгіме үстінде біраз сауал қойдық.

-Мәдениет қызметкері болуды таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

-Жоқ. Менің жүрек қалауым осы мамандық болатын.

-Бір мерекелік шараны сәтті өткізіп алғаннан кейінгі ләззаты керемет болатын шығар?

-Әрине, керемет. бірақ Кейде өзің бейнетін кешкен тамаша кештердің рахатын сезіне де алмай қаласыз. Келесі іс-шараға кірісу керек қой.

-Ел мереке күні деп тынығып жатады. Сіздер мереке күнінде халыққа қызмет етемін деп жүгіріп жүресіздер. Шаршатқан жоқ па?

-Жоқ. Бұл — мәдениет саласындағы қызметкерлердің маңдайына жазылған рахаты күшті бейнет.

-Қала мәдениеті мен өнеріне «мынау менікі» дейтіндей із қалдырдым деп ойлайсыз ба?

-Оны қала жұртшылығы айтар. Әлгінде айтылған іс-шаралар мен жобаларды жалғыз өзім атқардым десем, бұл – өтірік. Бастама бөлімнен шығады, әрине. Бірақ оны қолдап, қаржы жағын шешіп беруге ниетті қала басшыларының пейілі болу керек. Қолдау болмаған жерде қолға алған ісің мандымайды. Мен әр жылдарда қала басшылығында болған жандардың мәдениет саласына деген қамқор пейілдерін көп көрдім.

-Жезқазғанның мәдениеті мен өнері алдағы жылдарда қандай дәрежеде болады деп ойлайсыз.

-Жезқазған – өнерпаздық әлеуеті күшті қала. Ондай жерде мәдениет пен өнердің тұншығып қалуы мүмкін емес. Жақсы күндеріне сенімім мол.

Ғазиз Ештанаев,

Қазақтан Жазушылар одағының мүшесі 

11:14
655

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020