ЖҰМЫС САПАСЫНА – ҚАТАҢ ТАЛАП

Қаладағы әбден тозығы жеткен жылу, су құбырларының жаңартылғаны жақсы, әрине. Алайда, жұмысын мүлтіксіз атқарып жатқан мердігерлердің аздығы көптің ашуын туғызатыны болмаса. Бұған қала әкімі Қайрат Әбсаттаров жасаған рейд кезінде тағы бір рет көзіміз жетті.

Жылу желiлерiн жөндеймiн деп, жолды ойдым-ойдым еткен мердігерлердің мардымсыз жұмысына көңілі толмаған қала әкімі бақылау жұмыстарын «Жастар» саябағы маңынан бастады. №3 жылу магистралі жөнделген Холмецкий көшесінің бүгінгі сиқы көңіл көншітпейді. Асфальті дұрыс төселмей, құмы бұрқырап жатқан аумаққа жауапты мердігер – «Құлагер» ЖШС. Ал жобаға тапсырыс беруші – «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ. Сондықтан жаза да алдымен сол кәсіпорынға қолданылмақ. «Жауапсыздар тиісті жазасын алуы керек» деген Қайрат Бектайұлы жергілікті полиция қызметіне аталған кәсіпорынға айыппұл салуды міндеттеді.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 631-бабына сәйкес 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды Жанасов, Түсіпбеков, Әуезов көшелерінде жөндеу жұмыстарын жасаған «Сервис НС» ЖШС де арқалады. Айыппұл төлеуге міндеттелгендер бұнымен шектелмеді.

Одан әрі үш бірдей нысандағы жұмыстарға жауапты «Молдашев» ЖК хаттама толтырылды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов әуелгіде Шевченко көшесі, 4 мекен-жайында орналасқан қараусыз ғимараттың иесін құқық қорқау саласы қызметкерлері анықтап берді. Ғимараттың иесі Сұлтан Балаевқа аумақты ретке келтіруге кеңес берілді. Шевченко-Аманжолов көшесі қиылысындағы жолды тегістеу жұмыстары да сапасыз орындалыпты. Әйткенмен, «қазба» жұмыстарымен айналысуға құмар кәсіпорын мамандары өз кінәларын барынша мойындамай, табиғат құбылыстарының әсерінен деп ақталды. Абай мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы жүргіншілер жолының да жағдайы сынға ілікті.

Мердігер «Молдашев» ЖК-ге тағы бір ескерту Абай-Байқоңыров көшесіндегі жұмысқа қатысты берілді. Онда көлік қозғалысы тоқтаған, көше қазылып жатыр. Алайда, ешқандай техникалық талап сақталмапты. Біріншіден, халыққа алдын ала хабарландыру айтылмаған, екіншіден аумақта ескерту және қоршау белгілері мүлде жоқ. Мердігер мекеме өкілі бұл тапсырыс берушінің міндеті екенін алға тартты. Мұны тәртіп сақшылары растады. Қалалық құрылыс бөліміне бұған дейін де дәл осындай мәселе бойынша ескерту жасалағынымен, оңды жауап қайтпаған. Сондықтан бұл нысан бойынша айыппұл құрылыс бөліміне тағайындалды. Сонымен қатар, «Ар компани», «Ракада А» ЖШС иелеріне де айыппұл салынды…

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

18:23
434

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020