​ЖІГЕРЛІ ЖАС МАМАНДАР

Бүгінде ұстаз мамандығын меңгерген жастар саны жыл санап артып келеді. Болашағын білім беру саласымен байланыстырған жас мамандар Жезқазғанда да аз емес. Жас мамандардың көптеп шоғырланған ордаларының бірі № 1 мектеп. Бүгінгі таңда білім ошағында еңбек етіп жатқан 14 жас маманның арасынан кез келген пән мұғалімін кезіктіруге болады.

Журналистермен кездесуге келген мамандар арасында бірінші болып көзімізге түскен ұстаздың бірі – Марат Сәрсенбаев. 1984 жылы бүгінгі Түркістан облысында дүниеге келген ол 2007-2010 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Кейін мысты шаһарға қоныс аударып, еңбек жолын мектептен емес, «Қазақмыс» корпорациясынан бастады. Өндіріс саласында 13 жыл еңбек етті. Мараттың осынша уақыттан соң білім саласына оралғаны бізге қызық болды. «Мен корпарацияда жұмыс істеген кезімде үнемі іссапарларда жүрдім. Уақыттың тығыздығынан балаларыңа да жеткілікті көңіл бөле алмайсың. Сол себепті өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеуді жөн деп шештім» деген ол ұстаздық кәсіптің қызығы мен шыжығы қатар екенін жасырмады. Алғашқы оқу жылын қашықтан білім берумен бастаған Марат жетекші тәлімгерлеріне алғысын білдірді.

Шәкірттері әзірден-ақ республикалық өнер байқауларынан жүлделі орындарды қанжығалаған жас маман музыка пәнінің мұғалімі – Ғанибек Уәлиханов. № 1 мектеппен қатар № 11 мектептің де балаларын ән-күйге баулып жүрген оның шәкірттері Ақерке Байсова мен Асылбек Малғожин Республикалық «Қосбасар» байқауында ІІІ орынды, Айзат Қайрақты көпке белгілі Республикалық «Жеті өнер» байқауында ІІІ орынды иеленіп үлгерді. І орынды иеленген шәкірттері де бар.

Оқушылардың, әсіресе, ұл балалардың бойында жігітке тән жігерлілік пен қайсарлық сынды мінез-құлықтардың қалыптасуы мектепте берілген тәлім-тәрбиеге тығыз байланысты. Осы орайда, ер мұғалімдердің еңбегі ерекше көрінетіні жасырын емес. Көркем еңбек пәнінен сабақ беретін Олжас Есімбаев пен информатика пәнін оқытатын Абылай Рахатовтың да алдарына қойған мақсаттары орасан. Бірі қызмет жолын № Шеңбер орта мектебінен бастаса, екіншісі ұстаз болу үшін жеке кәсібін тастап туған жеріне қайтып оралған. Десе де, қос жігіттің де мақсаты бір. Ол – бәсекеге қабілетті, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар шәкірттер тәрбиелеу.

Аталған білім ордасында білімді әрі биязы нәзікжанды ұстаздар да аз емес. Шәкірт бойына білімнің алғашқы нәрін сеуіп, іргетасын қалайтын бастауыш пәнінің мұғалімі екені аян. Бастауыш пәнін еске алғанда сіздің де көз алдыңызға өзіңізге алғаш рет қалам ұстатып, әріп танытқан мұғаліміңіз елестеген болар. Ең жылы жүректі, таусылмас шыдам иесінің бүгінгі жалғасы – Қызғалдақ Қараша. Жезқазған гуманитарлық колледжін бітірген ол өзі сынды бірнеше құрбыларымен бірге аталған шаңыраққа жұмысқа қабылданған. «Өзімнің педагогикалық іс-тәжірибемді № 1 мектеп табалдырығында өттім. Сол себепті бұл жер маған тым ыстық. Оқуды аяқтап, диплом алған соң осында қайта оралғанды жөн санадым» дейді ол. Құрбылары Жібек Советова, Эльмира Соқабекова, Гүлдана Мұханбетрахым, Мархаба Толықбаева және тағы да басқаларымен бірге мектеп ұжымының оларды жылы шыраймен қабылдағанын, тәжірибелі әріптестерінің кез келген уақытта көмек қолын созатындықтарын айтқан Қызғалдақ ұстаздық жолды таңдағанына еш өкінбейтінін айтты.

–Әрине, басында қиындықтар көп кездесті. Оқу мен тәрбие жұмысын ұштастыру көптің қолынан келе бермесі анық. Әріп танымайтын балаға білім үйрету – орасан еңбек. Қазіргі онлайн оқу барысында балаларға да қиын болып тұр. Өйткені олар әлі кішкентай болғандықтан білім беру платформаларына өздері кіріп-шыға алмайды. Осы тұста ата-аналардың көмегі ұшан-теңіз. Қазір аса қатты қиындық жоқ. Біз де, оқушылар да қашықтан білім беру үдерісіне икемделе бастады, – дейді ол.

Уақыт алмасқан сайын білім ошағындағы көнекөз мұғалімдердің орнына жаңа буын келетіні ақиқат. Сол буынның білім мен білік сапасына қарай ұрпақтар өсіп-өнеді. Ал ұрпақ – елдің болашағы. Ендеше, ұлтты тәрбиелеуші ұстаздардың еңбегі қашан да бағалы, қай кезде де құнды. Осы жезқазғандық жас ұстаздардың да қанатын кеңге жайып, туған жерлерін түле беретініне сеніміміз кәміл.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

18:32
325

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020