​САЙЛАУХАН АҚЫНДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен ақын, журналист Сайлаухан Нәкеновтің 80 жылдығына орай тартымды да тағлымды іс-шара болып өтті. «Өмірін өлеңмен өрген» деп аталған бұл басқосуға қаламгердің әріптестері, шәкірттері және кезінде қатар жүрген ниеттес жақындары шақырылды. Олар Сәкең марқұмды еске алып, айрықша талантты жанның шығармашылық жолы мен адамгершілік абзал қасиеті туралы естеліктерін ортаға салды.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Сайлаухан ағамыз еңбек жолын туып-өскен Жаңаарқа ауданы «Өркендеу» ауылында мұғалім болудан бастаған еді. Бұдан әрі өзінің өмірлік ұстанымына сай 1962 жылы баспасөз саласына ауысты. Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды», кейінде «Орталық Қазақстан» аталған газетте айшықты қолтаңбасымен танылды. Әдеби қызметкер, меншікті тілші болып 10 жылдай жемісті еңбек етті. Жезқазған облысы ашылған 1973 жылы облыстық «Жезқазған туы» газетіне бөлім меңгерушісі болып келді. Кейін осы газеттің жауапты хатшысы, 1979-1983 жылдары Қазақ радиосының Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі, 1983-1997 жылдары «Жезқазған туы» («Сарыарқа») газеті бас редакторының орынбасары болды. Газет жұмысына жегіліп, ауыл арасында қалып қойғаны болмаса Сайлаухан ағаның ақындық қуаты ерекше болатын. Сырбаз ақынның лирикалық жырларына кезінде Тұманбай, Қадыр сынды ақындар жоғары баға бергенін білеміз. Оның «Құдіретті қолдар» атты шағын тұңғыш жыр жинағы 1977 жылы баспадан шықса, «Жұмақтың жолы» жыр кітабы арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде 2001 жылы жарық көрді. Сәкең газетте еңбек еткенімен өмірін өлеңге арнаған адам. Алайда, өлермендік танытып, кітап шығаруға аса ұмтылмағаны анық. Соның айғағындай, әр жылдары жазылып, жарық көрмеген сыршыл өлеңдерінің өзі бір жинаққа жүк болды. Өзі өмірден өткеннен кейін баспа бетін көрген бұл жыр жинағы «Бозторғайы жанымның» деп аталады. Ақынның өлеңдерін ыждағаттылықпен жинақтаған зайыбы Мәкіжан, баспаға дайындаған шәкірті, белгілі қаламгер, ғалым Кенжебай Ахметов бұл тұрғыда көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ, «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен топтастырылған өлеңдер жинағы да ол кісі өмірден өткеннен кейінгі шыққан дүниеге жатады.

Сыр-сұбхат ретінде өрбіген кітапханадағы кездесудің тізгінін ұстаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алмагүл Үмбетова Сәкеңнің өмір жолы, ақындық қуаты туралы ой өрбіте отырып, іс-шараға қатысушыларды ортақ әңгімелерімен бөлісуге шақырды. Ол өзі де алғаш өлең жазып жүргенінде Сайлаухан ағаның алдынан өтіп, ақ батасын алғанын, ол кісінің ақындыққа бет бұрған көптеген жастарға шапағаты тигенін ризашылықпен жеткізді. Сәкеңмен көп араласып, қатар жүрген ардагер журналист Аманжол Үсенов: «Сайлаухан жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Ол негізінде өзін мықтымын деп бағаламаған болар, ал қазір оның қай өлеңін оқысақ та мықты ақын екенін мойындаймыз» деп, бірге жүрген кездерден біраз сыр шертті. «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров баспасөз бетінде С.Нәкеновтің жазған мақалалары мен өлеңдерін сүйсініп оқығанын, басқалардан бөлекше, әсерлі жазғанын, ақиқатқа жүгінетінін ерекше атап өтті. Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Рахұлы, туысқан інісі Сексен Рахметуллин Сәкеңнің ақындығы, журналистикадағы шеберлігінің қыры мен сыры, Жезқазған мәдениетіне сіңірген еңбегі жайлы әңгімеледі. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов өзінің өлең ауылына қонсы қонуына Сайлаухан ағаның бір ауыз жылы лебізі себепкер болғанын айта келіп, ол кісінің өнерге, мәдениетке жасаған қамқорлығы жайлы айтты. Жақсыкелді сынды тума талантпен шығармашылық ынтымақтастығының арқасында туған «Ұлытау» әнін орындап берді. Шындығында сөзі мен әні ерекше қабысқан бұл ән барша қазақ жұртына Ұлытаудың ұлылығы мен қасиетін қапысыз жеткізген жәуhар туынды екені даусыз.

Сайлаухан ақын туралы көп айтуға болады. Ол өңір руханиятының шынайы шырақшысы бола білді. Айтыс аламанына қосылған жас таланттарды ақындыққа баулыды, институт басшыларының алдында беделін салып жүріп олардың оқуға түсулеріне жол ашты. Көп жыл жергілікті қаламгерлердің «Құрыш», кейіннен «Аққұс» әдеби бірлестіктеріне жетекшілік жасады. Сәкен ескерткіші алдында ақындардың басын қосып, өлең оқуды дәстүрге айналдырған да Сәкең болатын. «Ұлытау үні» фестивалінің шынайы жаршысы болып, оның жан-жақты, мазмұнды өтуіне тікелей атсалысып отыратын. Ақынның өлең мұрасы – мәңгілік. Еске алу шарасында ҚарМУ-дің 1-курс студенттері мен №13 жалпы орта білім мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, айрықша әсерге бөледі. Іс-шараға Сайлаухан ағаның немерелері келіп қатысты. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Ғалия Түгелбаева айтулы ақынның шығармашылығы алдағы уақытта да кеңінен насихатталатынын алға тартып, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Амандық РАХҰЛЫ

18:34
1710

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020