ДАМУДЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

Жақында Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілердің мәдениет сарайында «Қазақмыс» компаниялар тобы еңбек ұжымдарының жұмысшы жиналысы болып өтті. Компания басшылығының еңбек ұжымдары өкілдерімен бұл кездесуі тікелей пікірлесу және қашықтықтағылармен бейнебайланыс конференциясы түрінде ұйымдастырылып, еңбеккерлердің көңілдегі сауалдарын қоюына мүмкіндік жасалды. Жұмысшы жиналысында компания басшылығының жаңа құрамы таныстырылды және өндірісті дамытудың алдағы кезеңге белгіленген жаңа көкжиектері ортаға салынды.

«Kazakhmys Holding» ЖШС Директорлар кеңесінің және «Қазақмыс»корпорациясы» ЖШС Басқармасының төрағасы Эдуард Огай Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин бастаған «Қазақмыс» корпорациясының жаңа басшыларын таныстырды. Сондай-ақ, Басқарма төрағасының орынбасарлары болып Әділет Бәрменқұлов, Марина Красюк тағайындалды. Қызмет бөлінісі бойынша А.Гайдин корпорацияның өндірістік-техникалық дамуына, қауіпсіздік пен еңбек қорғау мәселелеріне басшылық жасайды. Сонымен қатар, өндіріс нысандарындағы еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының қазіргі талапқа сай болуын қадағалайды. Ә.Бәрменқұловқа аймақтық және әлеуметтік даму мәселелері, мемлекеттік органдармен, Үкіметпен байланысты жұмыстар, корпорацияның ішкі және сыртқы саясатының мәселелері жүктеледі. М.Красюк байыту өндірісінің болашақтағы даму және техникалық қайта жарақтандыру мәселелерімен айналысады. Корпорация басшылары өздеріне жүктелген міндеттерге орай алдағы жүзеге асырылмақшы маңызды жобалар туралы айтып, жиналысқа қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің 2040 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына сәйкес кен өндіру көлемін ұлғайтуды көздеген жаңа өндірістер қатарға қосылатын болады. «Жомарт» кенішінде 2025 жылға дейін жаңа байыту фабрикасы салынады. Іске қосылғанда онда қуатына сай жылына 4 млн. тонна кен өңдеудің мүмкіндігі туады. Нұрқазған байыту фабрикасының ұнтақтау кешенін жаңғырту жоспарлануда. Сол арқылы кен өңдеу көлемі 2022 жылы 4 млн. тоннаға жеткізілсе, 2027 жылы фабриканың қуаты одан әрі арттырылып, жылына 6,5 млн. тонна кен өңдейтін болады. Тағы бір толымды жоба, 2027 жылға дейін «Құсмұрын-Ақбастау» кеніштері бойынша белгіленген күрделі жұмыстардың барлығы орындалады. Мұндағы жерасты тәсілімен кен өндіру көлемі 1,7 млн. тоннаға жеткізілмекші.

Жалпы «Қазақмыстың» өндірісті дамыту жөніндегі бағдарламасы 20 жылға арналған. Жаңа нысандарды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту арқылы осы кезеңде кен өндіру көлемін 6 906 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Орта есеппен кен құрамындағы мыс 1,08% болады деп күтілуде. Жылына 600 мың тонна кен өндіретін жаңадан Жайсан кенішін іске қосу жоспарлануда. Осы өңірдегі Шатыркөл-Жайсаң кен көздерінің өнімдерін өңдейтін жаңа байыту фабрикасы салынбақшы. Қуаты жылына 1 млн. тонналық бұл фабрика 2024 жылы пайдалануға беріледі. Болашақта кеңейтіліп, 1,5 млн. тонна кен өңдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, стратегиялық жоспарда әкімшілік-тұрмыстық бағыттағы құрылымдар мен ғимараттарға жөндеу жүргізіп, вахталық әдіспен жұмыс істейтін еңбеккерлерге қолайлы тұрмыстық жағдай жасау тетіктері де мұқият қарастырылған.

Жиналыста «Қазақмыстың» коронавирус пандемиясы кезінде компания ішіндегі, сонымен қатар қанаттас қалалар бойынша көптеген шараларға атсалысқаны да атап айтылды. Оған жобамен 17 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Оның ішінде корпорация еңбеккерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге және барлық өндірістік кәсіпорындарда қорғаныш шаралары мен дезинфекция жүргізуге 10 млрд. жұмсалса, 7 млрд. теңгедей қаржы республикалық «Birgemyz» қорына, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының денсаулық сақтау мекемелеріне қолдау көрсету шараларына бөлінді. Жұқпалы індет пен тұмаудың алдын алу мақсатында компания қызметкерлеріне грипке қарсы вакцина егу жүргізілуде. Қазірде 10 мың еңбеккер вакцина қабылдады. Бұл шара ерікті түрде, тегін жасалуда.

Компания жыл сайын еңбекақыны көтеру мәселесін де ойдағыдай шешіп келеді. Мәселен, 2020 жылы еңбекақыны өсіру нәтижесінде компания бойынша төменгі жалақы 100 мың теңгеден 140 мың теңгеге жетті. Үстіміздегі жылдың 8 айында орташа жалақы 14,1% өсті. Жиналыста компания басшылығы тағы бір әлеуметтік қолдау жөніндегі шешім жасалғанын хабарлады. Коронавирус індетінің екінші толқынының айналып соғуы мүмкін екеніне орай компанияның барлық еңбеккерлеріне қолдау көрсету мақсатында екінші рет 100 мың теңгеден төлемақы беріледі. Төлемақыны аутсорсингтік компаниядағылар да алатын болады. Жұмысшы жиналысында жыл қорытындысымен сыйақы беру мен жалақыны өсіру мәселесі де көтерілді. Экономикалық жағдайға тиісті мониторинг пен талдау жасалғаннан кейін еңбекақыны көтерудің мөлшері мен сыйақы беру мерзімі қосымша хабарланатын болды.

19:34
475

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020