ПРАЙМЕРИЗ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы ұйымдастырған партияішілік іріктеу 1- 4 қазан аралығындағы дауыс берумен қорытындыланды.

Дауыс берудің алғашқы екі күнінде «Primaries.kz» мобильді қосымшасында техникалық ақаулар орын алуына байланысты дауыс беру тағы бір күнге созылған болатын. 3 қазан күні таңғы сағат 08:00-ден 14:00-ге дейін сайлау учаскелерінде дауыс беру жұмыстары ұйымдастырылды. Мобильді қосымшаны пайдалану мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалында 10 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Ал «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалынына қарасты интернет желісі жоқ кейбір аймақтарда қағаз бюлетенмен дауыс беру жүргізілді.

Таңдау қорытындысы бойынша алдыңғы орындарды иеленген қалалық мәслихат сайлауында партиялық тізімге енетін және облыстық мәслихат кандидаттары арасындағы жария дебатқа жолдама алған, сонымен қатар Жезқазған қалалық филиалының төрағасы саналатын қала әкімінің квотасын иеленген праймеризшілер тізімі алда өтетін партия конференциясында белгілі болмақ.

Праймериз қорытыдыланған соң қала әкімі, филиал төрағасы Қайрат Әбсаттаров кандитаттармен кездесті.

– Партия көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық ауқымда өтті. Бұл – Елбасы бастамасымен қолға алынған партияны «қайта жандандыруды» түйіндейтін кезеңнің бірі. Праймериз қала тұрғындарының жоғары белсенділігін көрсетті. Алдағы уақытта мәслихат құрамына өткен депутаттар өз сайлауалды бағдарламасында көпті толғандырған мәселелердің шешілуіне атсалысып, өз міндеттерін абыроймен атқарады деген сенімдемін, – деген ол праймеризге қатысқан 34 кандидатты Қарағанды облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбектің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:52
167

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020