​ЖЫЛУ МАУСЫМЫНЫҢ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

2 қазаннан бастап Жезқазғанда жылу беріле бастағаны белгілі. Өткен нөмірде хабарлағанымыздай жылу №№11, 9, 3 жылу магистральдарының дайындығына байланысты кезең-кезеңмен беріліп жатыр. Апта басында №11 жылу магистралі бойындағы үйлерге жылу толық берілді. Сонымен бірге, 6 қазанда жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты қалада ауыз су беру де шектелді. Осы мәселелерге байланысты қалалық әкімдікте Жылу энергия орталығы, «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ басшылығы арнайы брифинг өткізді.

Брифингіні ашқан қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов тұрғындар тарапынан жылумен, сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қатысты сұрақтар көптеп түсіп жатқанын атап өтті. Сол үшін «Kazakhmys Energy» ЖШС Жезқазған жылу энергия орталығының операциялық директоры Мадияр Алтыбаев пен «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директоры Ахметулла Мырзалиев ақпарат құралдары арқылы жұртшылықты толғандырған сұрақтарға жауап беретінін жеткізді.

-Сейсенбі күні таңғы сағат тоғыздан бастап Кеңгір су қоймасының сорғысындағы жөндеу жұмысына байланысты қалаға ауыз су беру шектелді. Кешкі сағат беске дейін жөндеу жұмысы аяқталады деп жоспарлағанбыз. Бірақ, қосымша жұмыстар шығып, жөндеу жұмысы созылып кетті. Бүгін, яғни сәрсенбі күні сағат 11.00-де аяқтады. Қазір ауыз су қалаға біршама шектеліп беріліп жатыр, кешке дейін құбырлар толық толтырылған соң шектеу алынады, — деді ол.

— Біз Кеңгір су қоймасынан су соратын насосты тексердік, қосымша бұрандалар орнаттық, құбырлардың бір бөлігін ауыстырдық. Осы жұмыстар біраз уақыт алып, қалаға су беру шектелді. Бүгін жөндеу жұмысы аяқталды, кешкі беске дейін қалаға толық ауыз су беріледі, — деді «ЖСЖК» АҚ басшысы.

Одан әрі спикерлер қалаға жылу беру маусымының басталуына қатысты мәліметтермен бөлісті.

«ЖСЖК» АҚ директорының айтуынша, 7 қазанға дейін №11 жылу магистралі бойындағы үйлерге жылу берілген. №9 магистраль дайындалып, жылу берілгелі отыр. Осы магистраль қосылғанда қаланың 80 пайызына, 325 көп қабатты үй мен 1429 жер үйге жылу беріледі. Қаланың қалған бөлігі №3 жылу магистралі бойындағы үйлер, ол магистраль жақын күндері қысыммен сыналып, қысқы режимге көшіріледі.

-Қазір №11 магистраль бойындағы үйлерге жылу қалыпты режимде беріліп отыр. Қалаға берілетін жылу температурасы 62 градусты құрап отыр. Ал, шаю режиміндегі желілерде температура 42 градусты құрайды, — деді «ЖСЖК» АҚ басшысы.

-Бүгінде ЖЭО қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. 4 қазандық,1 қазандық резервте, 4 турбоагрегат жұмыс істер тұр. 170 мың тонна отын қоры бар. Бұл белгіленген мөлшерден екі есе көп. 1620 тонна мазут қоры бар. Екі агрегат әлі жөнделіп жатыр. Бірақ бұл қаланы жылумен қамтуға кедергі келтірмейді. Күннің суытуына байланысты қала басшылығының тапсырмасымен қазанның 5-інен 6-сына қараған түні біз №11 жылу магистралін толық қостық. Алайда, уақыттың тығыздығына байланысты бұл магистраль бойындағы желілер толық шайылмады, сондықтан, ыстық су сапасына байланысты шағымдар түсуде. Қазір №9 магистральді шаю жұмысы жүріп жатыр. Бұл желі қысқа болғандықтан, оны шаюға 2-3 тәулік жеткілікті. №3 жылу магистралінің дайындығы да ойдағыдай. Бүгін жоспар бойынша бұл желіні қысыммен сынаймыз. №9 магистраль шайылып болған соң, осы магистральді шаямыз. Ыстық судың сапасын төмендетіп алмау үшін біз жылу беруге байланысты нұсқаулықтарды толық орындауымыз керек. Судың таза болмауы біздің бойлерлік қондырғыларға да нұқсан келтіреді әрі қайнауы тежеледі, — деді ЖЭО-ның операциялық директоры Мадияр Алтыбаев.

Брифингіде қала әкімінің орынбасары Қ.Бапанов пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, көпқабатты үйлердің ішкі желілерін шаю, сынау жұмыстары қызу жүргенін де атап өтті. 

19:55
354

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020