САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ!

COVID-19 індетінің екінші толқыны есік алдында тұрғандай көрінеді. Америка, Европа, таяу Шығыс елдеріне қайта оралып, шеңгеліне іліккендер көбейіп, апшыны қуырып барады. Ресейдің өзінде ауруды жұқтырғандар саны тәулігіне 10 мыңнан асып кетіп жүр. Қазақстан да құр алақан емес. Тәулігіне 70-90 үлкен-кіші коронавирус жұқтырып, ауруханаларда және отбасында ем-домын алып жатыр. Қыркүйекте жүзден астам мектеп оқушысы тест жүргізгенде бойында қауіпті дерт вирусы бар екені аңықталды. Оған тұмау қосылды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді.

Біздің Жезқазған қаласының тұрғындарының біразы арқаны кеңге салып, үрейі қайтып, босаңсып кеткендей. Оның себебі – үкіметке сенген баяғы психология. Індеттің алғашқы айларындағы емдеу, санитарлық-эпидемиялық жұмыстардың қарқыны, көлемі мен нақты нәтижелерін сараптап облыс әкімі Жеңіс Қасымбек нақты және нәтижелі шараларды қолданды. Алғашқы бетте төтеннен келген дертті емдеуде дәрігерлердің тәжірибесінің аздығы ескеріліп, оларға медицинасы дамыған елдердің тәжірибелі мамандары келіп оқыту-таныстыру жұмыстарын жүрізді. Қарағандыдан келген дәрігерлердің жағдайды оңалтуға ауыз толтырып айтарлықтай көмектері тиді.

Дәрі–дәрмектің қажетті түрі жеткілікті көлемде әкелінді. Мемлекеттік бюджет, ірі өнеркәсіп нысандары, жеке кәсіпкерлер, «Халқым» деп жүрегін жұлып беретін азаматтар қандағы оттегіні аңықтағыштарды, конценттраторларды, өкпенің жасанды желдеткіш аппараттарын сатып алып берді. Көпбейінді аурухананың емдеу блоктарын оттегімен қамтамасыз ету жүйесі қалпына келтірілді. Қысқа мерзімде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы толық аяқталды. COVID-19 індетінің екінші толқыны ұрса, 600 төсектік жұқпалы ауруларды қабылдайтын емдеу орындары науқастарды қабылдауға әзір.

COVID-19 пандемиясының екінші толқынының қандай болатынын білмейміз. Ол жайлаған елдерде жағдай ауыр. Жас кезімізде үлкендер «Сақтансаң–сақтайды» деп айтып отыратын. Пандемия кезінде қазақ халқының, Жезқазған–Ұлытау азаматтарының асыл қасиетіне, жүрегінің жылуына, бауырмалдығына, қолының ашықтығына куә болдық. Алланың осы сынақ кезеңінде де етек-жеңімізді жинап, сақ отырғанымыз дұрыс қой. Негізі жаратқан аманаттаған жанды мен денсаулықты қорғау – пендешілікте жоғары тұрған парызымыз. Көпшілік жиналатын ойын-тойларды, отбасылық салт-дәстүр шараларын, еске алу рәсімдерін жағдай түзелгенше тоқтата тұруға әбден болады. Бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау – туған-туыстарымыздың. аралас–құралас жақындарымыздың, жерлестеріміздің денсаулығын қорғаудың кепілі.

Арабтар «Ауылдың ақсақалы – әрі пірі, әрі құлы» дейді екен. Қазіргі жағдай ақсақалдарға, әулет басшыларына, отағасыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жолымыздан жаңылмай, елімізді осы кезеңнен аман алып шығуға үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ

14:21
27

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020