​«ТҰЛҒА» СЫЙЛЫҒЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫ

Жезқазғанда Арқаның Атымтай жомарты атанған белгілі меценат, қоғам қайраткері, ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты Бекзат Алтынбеков тағайындаған 2020 жылғы «Тұлға» сыйлығын тапсыруға арналған салтанатты кеш өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл мәртебелі іс-шара әлемнің екінші ұстазы, көрнекті ойшыл ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Өнер мен мәдениеттің шамшырағына айналған және білім мен ақпарат айдынында кәсіби біліктілік биігінен көрініп жүрген талантты жандар шоғырына тағайындалатын атаулы сыйлық тапсыру алғашқы рет өткен жылы ұйымдастырылған болатын. Биыл екінші рет сәтімен жалғасын тауып отыр. Дәстүрлі «Тұлға» сыйлығының лауреаттары дипломмен марапатталып, арнайы жасатқан кәдесый мүсіні мен қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Қайырымдылықты парызы, меценаттықты асыл мұраты санайтын абзал азамат Бекзат Қомарұлы кәсіпкерлікті баюдың жолы емес, халыққа көмек қолын созудың көзі деп біледі. Кәсібінен нәсібін көрумен қатар ол, меценаттықтың мерейлі жолымен танылған 15 жылдан бері қала, облыс және республика деңгейіндегі алуан іс-шараларға демеуші болып, ізгілікті істердің қолдаушысы болып келеді. Руханият саласының шынайы жанашырына айналды. Жомарт жүректі жан жетім балалар мен мұқтаж отбасыларына қайырымдылық жасаудан да ешқашан тартынған емес. Сондай-ақ, талантты жеткіншектер мен шығармашылық, білім, өнер, спорт, медицина өкілдеріне атаулы сыйақылар тағайындаумен кеңінен танылып жүр. Ал, бастауын өткен жылдан алатын «Тұлға» сыйлығының аясы мен деңгейі тіпті ауқымды. Дәстүрге айнала бастаған тағлымды шараға еліміздің әр аймағындағы еселі еңбегімен рухани өмірдің өрінен көрініп жүрген өнер мен мәдениет, білім мен ақпарат салаларының таңдаулы майталмандары, сондай-ақ билік өкілдері мен қоғам белсенділері құрметпен шақырылды.

Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне ат басын тіреген қонақтарға көрсетілген құрмет пен қошеметтің салтанаты да айрықша айшықты болды. Мәдениет үйінің фойесіндегі қолөнер шеберлерінің көрмесі де келушілер назарын аударарлықтай келісті. Сахна шымылдығы Ұлы дала өнерін паш еткен киелі қылқобыз бен қара домбыраны бабалардың ұрпаққа аманаттауын өзек еткен театрландырылған көрініспен ашылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Тұлға» сыйлығын тапсыруға арналған іс-шараға онлайн арқылы құттықтау тілегін жолдап, меценат Бекзат Алтынбековке осындай бағалы бастамасы үшін алғысын білдірді. Бұдан соң қала әкімі Қайрат Әбсаттаров та өз ризашылығын танытып, үлкен істің жүзеге асуымен құттықтады. Сахна төріне сыйлы қонақтар қатарынан кино мен театр өнерінің жұлдызы Меруерт Өтекешова мен Алаштың айбынды ақыны Серік Ақсұңқарұлын шақырып, бірінің иығына камзол, екіншісіне шапан жауып құрмет көрсетті. Алғыс хатын тапсырды.

Әуезді әнмен әдіптеліп, толғамды ой қозғаған тағлымды шарада лайықтыларды марапаттаудың беташары ең әуелі номинациялық атаулы сыйлықтарды тапсырудан басталды. Алайда, біз бұл рәсім туралы айтар сөзді «Тұлға» сыйлығына ұсынылған айтулы тұлғалардың ұлықталуы сәтінен бастағымыз келіп отыр. Қазақтың Қыз Жібегіне айналған талантты өнер иесі Меруерт Өтекешованы кім білмейді! Кино және театр өнерінің көрнекті өкілі ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Қаратайқызы жұртшылықтың зор ықылас-құрмет көрсетуімен сахна төріне шақырылды. Айтулы актрисаға лайықты марапаты – «Тұлға» сыйлығын Қарағанды облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері, өңірдің абыз ақсақалы Мұзараф Аханұлы тапсырды. Келесі кезек әдебиет әлемінде танылған тұлғаны ұлықтауға ұласты. Сахна төріне Алаштың арқалы ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы шақырылды. «ХХ ғасырдың жиырма сәті», «Ғасыр кардиограммасы», «Адам Ата – hауа Ана» және басқа да жыр жинақтарындағы рухты өлеңдерімен оқырманға ерекше әсер сыйлап жүрген ақын биыл 70 жастың желкенін керіп отыр. Арқалы ақын «Тұлға» сыйлығын қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтың қолынан алды. Жезқазған жеріне, Ұлытау төріне келген ақын рухтанып «Қасқырдың монологы» өлеңін оқыды. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин С.Ақсұңқарұлының «Үштауым-ай» әнін орындап, ән шашуын жолдады.

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік ұстаным мен ұлттық мүддені ұштастыра отырып, халыққа қоғам тынысының ақиқатын жеткізуде, дәуір шежіресін жасауда өміршең істерімен ерекшеленеді. Осы бағыттағы ортақ іске зор үлес қосып, айшықты қолтаңбаларымен танылып жүрген қаламгерлер қатары аз емес. Сондай жандардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры, ұстаз-журналист Сәуле Мешітбаева ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті атындағы «Тұлға» сыйлығына лайықты деп танылған екен. Бұл сыйлықты қайраткер журналистке қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев тапсырды. «Тұлға» сыйлығының келесі иегері ретінде ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева сахна төріне көтерілді. Мәртебелі сыйлықты айтулы шараны ұйымдастырушы меценат, облыстық Мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан Халықы ассамблеясы облыстық кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков өз қолымен тапсырды. Сондай-ақ, «Тұлға» сыйлығының бесінші иегері болып танылған ҚР Премьер министрі орынбасарының кеңесшісі, қоғам қайраткері Нәзипа Шанай іссапарда болуына байланысты сыйлығы кейін жеткізіліп берілетін болды.

Салтанатты шара барысында бұдан бөлек, руханият саласының әртүрлі бағыттары бойынша 19 адамға атаулы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, әдебиет пен журналистика саласындағы сыйлыққа мына адамдар лайықты деп танылып, Мемлекет және қоғам қайраткері Камал Смайылов атындағы сыйлық Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат саласының үздігі, «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байкал Баяндиновқа, ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Байдалин атындағы атаулы сыйлық «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасына, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зулпа Супьяновна атындағы сыйлық «Жезказганский вестник» газетінің бас редакторы Эльвира Алпанбаеваға, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық қазақ айтыс өнерінің «Дәридәй» ақыны, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, республикалық, халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Мұқаш Сейтқазиновқа, ақын Сайлаухан Нәкенов атындағы сыйлық ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Қайырбек Сәдуақасовқа, Мұқан Иманжанов атындағы сыйлық «Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС директоры, танымал журналист Дархан Мұханға және белгілі қаламгер Аппаз Қаражігітов атындағы сыйлық халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Танакөз Ильясоваға тапсырылды.

Ән шашуымен әдемі әсерге бөлеген салтанатты шара одан әрі білім саласы бойынша тағайындалған атаулы номинация иелерін марапаттауға ұласты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, құрметті педагог Шабал Бейсенбекова атындағы сыйлыққа «Құрмет» орденді Білім беру саласының Құрметті қызметкері Айман Түкбаева, Халық ағарту ісінің үздігі Қабден Шыңғысов атындағы сыйлыққа Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Балқаш қаласындағы № 15 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Дүбірбекова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Нүрия Жұмажанова атындағы сыйлыққа Нұр-Сұлтан қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директоры Сапура Төлекова ие болды.

Өнердің қасиетті саласы – театр десек, меценат Бекзат Қомарұлы халыққа рухани азық сыйлап жүрген өнердің қарашаңырағына ұдайы қамқорлық жасап келеді. Соның бір айғағы ретінде С.Қожамқұлов театрына айрықша еңбегі сіңген Д.Жанботаев, Р.Ибраева, С.Бұлғақбаев сынды арамызда жүрген актерларды көзі тірісінде құрметтеу ниетімен 10 жылдан бері олардың атындағы сыйлық тағайындауды дәстүрге айналдырды. Өткен жылдан бері осы игі дәстүрдің ауқымы кеңейе түсіп, республикалық деңгейдегі «Тарлан» сыйлығын тапсыру салтанаты аясында жалғасын табуда. Сонымен бұл жолғы шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, талантты режиссер Жанат Хаджиев атындағы сыйлық С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрының актері Бақытжан Ибраевқа, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев атындағы сыйлық ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Бөкеева атындағы Орал қазақ драма театрының актері Ербол Есендосовқа, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Кеңес Нұрланов атындағы атаулы сыйлық ҚР еңбек сіңірген қайраткері», Елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Мейрам Қайсановқа, Қонысбек Бегайдаров атындағы сыйлық І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының талантты актері Азамат Чукеевке, Серік Бұлғақбаев атындағы сыйлық С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының актері Ардақ Жарқынбековке, «Құрмет» орденінің иегері, театр шебері Райхан Ибраева атындағы сыйлық С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының актрисасы Қарлығаш Байдалинаға, Қайрат Кемалов атындағы атаулы номинация С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Наурызбай Есейге тапсырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 25 жылдығына орай бір арнайы сыйлық тағайындалыпты. «Достық» деп аталған бұл сыйлыққа Қарағанды облысы әкімі аппаратының этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық келісім мәселелері жөніндегі инспекторы Гульфайруз Рымбекова ие болды. Биыл кәсіптік-техникалық білім беру саласына 80 жыл толып отыр. Осыған орай тағайындалған атаулы сыйлыққа Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің директоры Марал Тілеужанова лайықты деп табылды. «Тұлға» сыйлығының символы ретіндегі қобыз мүсініндегі кәдесый жасаушы қызылордалық қолөнер шеберлері де дәстүрлі іс-шараны ұйымдастырушы Бекзат Қомарұлына өз ризашылықтарын білдіріп, арнайы сыйлығын ұсынды.

Таланттар таразыланып, тұлғалар таңдалған тағлымды шара осылайша өз мәресіне жетті. Бұл өңіріміздің мәдени-рухани өміріне ерекше серпін берген айтулы оқиға ретінде бағалануда. Туған елінің көркейіп, дамуы жолында еселі еңбегімен танылып, мемлекет пен ұлт мүддесіне қызмет етумен қатар халықтың рухын биікке көтеріп жүрген нар тұлғалы азаматтар қатарымызда аз емес. Олардың ішіндегі топ жарып жүрген тұлғалардың жөні бір бөлек. Дархандықтың дарабоз үлгісін көрсеткен меценат Бекзат Алтынбековтің Жезқазғандағы бұл кәделі іс-шарасы осы бағыттағы үлкен жолдың бастауына айналып отыр. Ізгі дәстүр жалғасын таба берсін дейік.

Амандық РАХҰЛЫ

14:42
1917

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020