ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН АКАДЕМИК

Әлемге танылған ғалым, Қазақстан мен Орта Азия республикаларында нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы, Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманұлы 90 жасқа толып отыр. Отыз жастан асқанда медицина ғылымдарының докторы, қырыққа жетпей профессор атанған ағамыз кезінде айтарлықтай жоғары қызметтерде болды. Алайда, өмірінің басым бөлігін дерттің алдын алудағы зор маңызға ие дұрыс тамақтану мәселесімен ғылыми негізде түбегейлі айналысуға арнаған адам. Оның есімі еліміздегі Ғылым академиясының Тағамтану инстиутын ұйымдастырушысы, әлем бойынша Халықаралық тағамтану орталығын құрушылардың бірі ретінде құрметпен аталады. Ғылым мен техника саласындағы зор жетістіктеріне орай екі мәрте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Төрегелді Шарманұлы әлемдік денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары марапаты Леон Бернард атындағы сыйлыққа ие болды. Мемлекеттік дәрежедегі басқалай марапаттары да жеткілікті. Соның кейбірін атап өтер болсақ, «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат», «Достық», «Барыс» ордендерінің және бірнеше медальдің иегері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты. Алматы және Жезқазған қалаларының Құрметті азаматы.

Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы 19 қазанда Ұлытау ауданында дүниеге келгені белгілі. Мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірген алғыр жас білімге құштар әрі зеректігімен ерекшеленсе керек. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң аспирантурада оқуға қалды. Болашақ ғылыми ізденістеріне де сол кезде негіз қаланғаны анық. Көп кешікпей кандидаттық ғылыми еңбегін қорғады. Еңбек жолын туған жердегі аудандық аурухананың бас дәрігері болудан бастады. Үш-төрт жылдан соң Төкең сол кездегі астанаға ауысып, 1962-1968 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында тағамтану бөлімінің меңгерушісі болды. Осылайша тағамтану әлемінің құпиясын ашуға нық қадам басқанын өзі де аңғармай қалды. Кейін Ақтөбе медициналық институтының кафедра меңгерушісі, ректоры қызметінде жүргенде де осы тың тақырыптың түйткілдерін жанына жақын көріп, көңілде ұстаған еді.

Алға қойған осы биік мақсат Кеңес одағындағы Медицина ғылым академиясы Тағамтану институтының республикадағы филиалын құруға итермеледі. Одақ ғалымдары бұған қолдау білдірді. Төрегелді Шарманұлы 1973 жылдан бастап өз ұсынысы бойынша құрылған филиалдың директоры болды. Кейіннен аймақтық тағам проблемалары, қазіргі уақытта Қазақ тағамтану академиясы атанып отырған бұл бірегей орталық адамдардың тамақтану физиологиясы мен иммуниологиясы, биохимиясы мен гигиенасының кең ауқымды проблемаларын қамтыған кешенді зерттеулер жүргізді. Адам организміндегі темір тапшылығы анемиясы мен йод жетіспеушілікті жою, сәбилерді ана сүтімен қоректендіруді қолдау сияқты бағдарламалардың халықаралық деңгейдегі жетекшісі болған Төкеңнің тікелей қолға алуымен ТМД елдерінде теңдесі жоқ Балалар тағамының орталығы құрылған болатын. Бұл абзал азаматтың ойға алған асыл армандарының бірі еді.

Балалар тағамдарын жетілдіру мәселесін бұл кісі министр болған кезеңде де ұдайы назарда ұстағаны белгілі. Жалпы Төрегелді Шармановтың Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі кезіндегі атқарған істері айтарлықтай айшықты іздерге толы болғанын еске алып өтсек артық емес. Әйгілі Алматы Декларациясын қабылдаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымы конференциясының Алматыда өтуі қазақтан шыққан КСРО Медицина Ғылым академиясының тұңғыш мүшесі, министр Шармановтың әлемдік медицина саласы қайраткерлерінің алдындағы зор беделін көрсеткен еді. ДДҰ мұның алдында, 1976 жылы Женевада өткен алқалы жиынында жылжымалы медициналық жедел көмек мәселесіне арналған кезекті конференциясын Кеңес Одағында өткізу туралы шешім қабылдайды. КСРО Денсаулық сақтау министрі Б.Петровский оны Ташкентте өткізуді қолайлы көреді. Талқылау барысында елге бір шапағаты тиетінін көздеген Т.Шарманов Алматыны ұсынып, бұл мәселе біршама дау-дамайға ұласып кете жаздайды. Ең соңында мәселе КОКП Саяси бюросының мүшесі, Қазақ республикасының басшысы Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен Алматының пайдасына шешіледі. Бұл сол заман үшін өте тәуекелшіл ұсыныс болатын. Конференцияға халықаралық беделді ұйым басшыларымен қатар әлемнің 146 елінің денсаулық сақтау министрлері бастаған делегациялары қатысатын ауқымы заңғар шара еді. Конференция қарсаңында дәрігерлер қауымының бұрын Мәскеу мен Ленинградтың белді деген ғылыми орталықтары мен клиникаларынан ғана көретін жабдықтарға қолдары жетіп, республикаға жаңа жедел жәрдем көліктері молынан бөлінді. Он күнге созылған ауқымды конференция медицина саласындағы тың жаңалықтарға толы болды. Төкең бүгінде: «Алматы конференциясы ғажап дүние болды. Адамзат өзінің денсаулығын жетілдіруді мемлекетке мойындатқан шешім қабылданды» деп еске алады. Біз әлем мойындаған академиктің 90 жасқа толуының қарсаңында хабарласып, біраз сауалдарымызға жауап алғанда сол кезең туралы да сөз қозғаған едік.

— Төрегелді аға, сөз орайы келген соң еске алып өтсек, 1971-1982 жылдары өзіңіз денсаулық сақтау саласын басқардыңыз. Министр болған тұстағы ең басты істеріңіз қандай болды? Және сол жылдардағы медициналық қызмет саласы мен еліміздегі қазіргі жағдайды ойша салыстырып көрдіңіз бе?

— Өзім 11 жыл Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқарыппын. Сол кезеңде елімізде көптеген медициналық институттың ашылуына айтарлықтай күш салып, үлесімді қостым. Мәселен, Қарағанды, Павлодар, Оралдағы оқу орындарының медицина факультеттері, Шымкентте медицина институты ашылды. Ғылыми-зерттеу, акушер-гинекология, кардиология, тағамтану институттары бой көтерді. Түрлі медициналық орталықтар, ауруханалар, алыс жерде тұратын халыққа уақытында жәрдем көрсететін фельдшерлік қызметтер, балалар тағамын жетілдіру үшін мыңға жуық балалар тағамын жасайтын асхана, балаларға сүт тағамдарын дайындау үшін Семей, Талдықорған, Алматыда цехтар пайда болды. Сондай-ақ, жаңағы еске алған 1978 жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясын өткіздік. Конференцияда қабылданған арнайы Декларацияның негізінде бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болды. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен айтарлықтай жетістігі болды деп бағаланды.

Ал, енді ол кездегі медициналық қызмет сапасын бүгінгімен салыстыру қисынсыз. Әлем елдерімен кеңінен араласып, техника мен жабдықтары дамыған бүгінгі заманда көп нәрсе өзгерді. Медицина саласындағы жаппай цифрландыруды алатын болсақ, медициналық қызмет айтарлықтай жылдам әрі қолжетімді бола түсті. Көптеген елдердің медицина тұрғысынан кеңінен тәжірибе бөлісуі, түрлі семинарлар мен конференциялар, тың жаңалықтар мен ізденістердің ашықтығы денсаулық сақтау саласын одан әрі жаңа деңгейге көтеруде. Мына коронавирус індетімен бүкіл әлем болып бірге күресіп, көмек беріп жатқандығымыздың өзі қуанарлық іс. Уақыт талабына сай қазіргі уақытта медицина саласын жетілдіруге Үкімет тарапынан мол қаржы бөлініп отыр. Алда дәрігерлердің мәртебесі бүгінгіден де артып, әлеуметтік жағдайлары жақсара түссе екен деймін.

— Төрегелді Шарманұлы сіз талай жылдан бері тағамтану мəселесімен шұғылданып келесіз. Ойға алған істеріңіз толық жүзеге асты ма?

— Халық денсаулығының деңгейiн анықтайтын негiзгi фактор – тағам мәселелерімен астасып жатыр. Негізі, көптеген аурулардың белең алуы және өлім-жітімнің көбеюі дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады. Жүрек-қантамыр аурулары, қан қысымының жоғарылауы, диабет және т.б. сырқаттардың алдын алумен Тағамтану академиясы айналысады. «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген сөзді халқымыз текке айтпаған. Қазақтың тұтынған тағамдарының бәрі қуатты, құнарлы, дәмді әрі ауруға ем болған. Қымызды, шұбатты алыңыз, мың сан ауруға ем. Ет-жүрек, қан тамырлары аурулары дейсіз бе, ішек пен асқазанның қабынуы, атеросклероз сияқтыларды болдырмауға пайдалы. Байыптап қарар болсақ, ата-бабаларымыз өздеріне қажетті әрі пайдалы тағамдарды тұтынуды білген ғой. Тағамтану академиясының бүгінгі жұмысы өзіміздің ұлттық тағамдарымызды дәріптеп қана қоймай, оның шынайы құнарлығы мен пайдасын көрсету. Сондай-ақ, халықтың өмір жасын ұзарту және қартайған кезде ауыратын кәрілік ауруын шектеу. Өмір жасын ұзарту деп отырғаным – ауруды болдырмай, оның алдын алу. Бұл тұрғыда тағам мәселесі маңызды міндет атқаратынын ерекше айтқым келеді. Академиямыздың басты міндеті – халық тұтынатын өнімдердің құрамын жіті тексеріп, оның зиянды тұстарын ашып көрсету. Яғни, халық өзінің жеп отырған тағамының сапасы туралы мәліметтен хабардар болып отыруы керек. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Тағамтану академиясы мамандарымен осы уақытқа дейін түрлі ауруларға қарсы көптеген тамақ әзірленді. Соның ішінде балалардың құнарлы тағамдарын жасауды, ғарыш кеңістігіндегі зиянды әсерлерге қарсы биологиялық қоспалар әзірлеуді, іш ауруы, жүрек-қан тамырлары ауруы, туберкулез, жүйке жүйесі, қауіпті ісік ауруларына қарсы тағам түрлерін шығаруды жолға қойды. Бұл өнімдер халықтың арасында кеңінен танымал болды. Біздің жасаған тұзды йодпен байыту, түрлі микроэлементтермен, дәрумендермен ұнды байыту сынды рецептураларымыз басқа елдерге де кең тарады. Мамандарымыздың нәтижелі жұмысының арқасында академия Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымымен бірлесіп ауқымды жобаларды іске асыруда. Ғылыми жобалармен айналыса отырып, осы жұмыстарға жетекшілік етіп келемін.

— Тағамтану академиясы «Балдырған», «Балбөбек», «Асыл» сияқты балалар тағамдарын шығаратынын білеміз. Қымыз бен бие сүтінің денсаулыққа пайдасы туралы да көп айтып жүрсіз. Бие сүтінен балаларға пайдалы өнімдер өндіріліп жатыр екен. Осы өнімдерге халықтың сұранысы қандай, өңірлерді толық қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ма?

— Сұраныс өте көп. Біздегі шығарылатын балалар тағамдары еш қоспасыз, таза әрі құнарлы өнім болғаннан соң, өз басым елден оң пікірлерді жиі естіп жатамын. Ал, бие сүтінің адам ағзасына пайдасы тіпті мол. Біз бие сүті негізіндегі абсолюттік инновациялық саналатын өнімдерді: йогурттарды, ашытылған сүт сусындарын, сүзбелерді, сондай-ақ, арнайы цехтарда балмұздақ пен шоколадты әзірлеп шығардық. Бие сүтінің емдік-профилактикалық бағыттағы қасиеті ерекше. Оның құрамында трансмайлар мен қант болмайды, болашақ өнімдерін әзірлеуде шексіз мүмкіндіктер береді. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртумен қатар біз бие сүті негізінде балаларға ем-дәмдік және жаппай тұтынуға арналған жаңа өнімдер шығарудамыз. Сол арқылы тағамдық қауіпсіздік мәселелерін шешуге де оң ықпал жасалуда. Пайдалы өнім халықтың аса әлжуаз топтары арасындағы – сәбилердің, жүкті және бала емізетін әйелдердің, қартайған адамдардың аурушаңдығы мен өлім-жітімнің қауіпін азайтуға, сонымен қоса, жалпы халықтың өмір сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы барлық өнімдеріміз өз елімізден бөлек, шетелдерде де сұранысқа ие. Осыған орай қалалармен бірге ауыл-аймақтарға да қолжетімді болуына барынша күш салудамыз.

— Төрегелді аға 90 жасқа толатын мерейтойыңызға да санаулы сәт қалыпты. Өз атымыздан, газет оқырмандары атынан құтты болсын айтамыз! Кейінгі кезде дүбірлетіп той жасауды қатты сынап жүргеніңізді естиміз. Мерейтойыңызды өзіңіз қалай атап өткелі отырсыз?

— Мен әрдайым халқыммен біргемін. Елдің мұң-мұқтажына да, қуанышына да ортақпын. Мені құрметтеп, мерейімді көтеріп отырған – халқым. Әлемді алаң күйге салған мына індеттен адамдарымыз запа шегіп, көптеп кетіп жатқанда, мерейтойды тойлау немесе той өткізу – барып тұрған әбестік. Сол той-томалаққа шашқан қаражатты көмекке зәру адамдарға таратып берген әлдеқайда пайдалы. Карантин кезінде көптеген адамдарымыз жұмыссыз қалды. Әлі де екінші толқын қалай және не болатыны белгісіз. Халықтың «көңілі тоқ, уайымы жоқ» дей алмаймын. Сондықтан, той тойлау дегенді алдағы бір-екі жылда мүлдем ұмытқан жөн. Ал, енді мені құттықтап, тілек білдірем деушілер телефон арқылы хабарласып, хат-хабар жолдаса да жеткілікті ғой. Коронавирус пандемиясы қызық қағиданы бекітті: «Егер жақыныңды шынайы жақсы көрсең, одан алшақ бол». Қонаққа әрдайым қабағы ашық қазақ үшін мұны қабылдау қиын, бірақ өте нақты айтылған. Карантин шаралары бітсін-бітпесін, бізге еш босаңсымау керек. Кез келген жан маска тағып жүру, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтау, гигиенаға мән беру, отырған орныңды таза ұстау сияқты қарапайым сақтық шараларын қаперден шығармауы қажет. Мерейтойымды қарапайым жағдайда отбасыммен ғана қарсы аламын. Өзгелерге де осылай жасауға кеңес берер едім.

Төкеңе қойылған азын-аулақ сауалымыз осылай түйінделген соң, бұдан он жылдай бұрын елге келген сапарында академиктің жерлестерімен болған кездесуде тебіреніп айтқан мына бір сөздері еріксіз еске түсті: «Бүгінде мақсатыма жеттім, болдым-толдым деп шалқымаймын, мен халқыма әлі де борыштармын. Орман өсірдім, үй салдым, ол тағамтану академиясының үйі, екінші ғимарат – балалар тағамын шығаратын зауыт. Халқым осылардың игілігін көрсе деймін. Бала өсірдім. Алмазым елімізбен қатар, Америкаға танымал азамат болды. Дж. Хопкинс атындағы университетінің профессоры атанып, ғылыми-зерттеу орталығын басқарды. Адам ғұмырын ұзарту мәселесімен шұғылдануда. Ізгі мұратым бұл өмірден қарғыс алмай, алғыс алып өтсем деймін», — деп ақтарылған болатын ағамыз. Иә, әкеден тәлім алып, өнегелі жолын қуған ұлы Алмаз Шарман – бүгінде биомедицина және медициналық-демографиялық зерттеулер жүргізіп үлкен жетістіктерге жеткен америкалық ғалым. Халықаралық ғылыми журналдарда зерттеу мақалаларымен танылған оны 1991 жылы АҚШ ғалымдары ат-түйедей қалап, Иммунобиологиялық орталықтарына шақыртып алған болатын. Алмаз 2008 жылдары өз елімізге де келіп біраз уақыт Ұлттық медициналық холдингті басқарды, ауылдық жерлерге телемедицинаны енгізудің негізін қалады.

Өмір – күрес. Ойға алған игі істердің орайын келтіру де оңай емес. Осы жолда Төрегелді ағамыз бетпе-бет келген талай қиыншылықты бастан өткерген адам. Бірақ, мойыған емес. Қарапайым, ұстамды қалпынан танбай халыққа пайдасын тигізуді алға қойып, заңғар биікке көтерілді. Әлем мойындаған академик қанша биікке көтерілсе де асып-тасқан емес. Өзі айтқандай, әлі де халқының кәдесіне жарауды мақсат тұтып отыр. Ол өмірлік асыл мұратына жеткен бақытты адам. Басқалары бір төбе, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының Леон Бернард атындағы ең мәртебелі сыйлығы кез-келген жанның қолы жете бермейтін марапат. Бұл сыйлықты жер-жаhанда сол уақытта 42 адам, бұрынғы ТМД аумағында 3 адам алса, соның бірі – Төрегелді Шарманов. Міне, тынымсыз еңбек пен өмірлік ғылыми ізденістің биік бір шыңы осы болса керек. Ал, ғылым шыңындағы мұндай тарлан тұлғалар санаулы-ақ.

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

15:00
666

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020