​ЕЛ АЛҒЫСЫН АРҚАЛАҒАН

Адам өмірін аман алып қалуды басты миссиясы еткен құтқарушылар жұмысында қателікке жол жоқ. Республика бойынша құрылғанына 25 жыл толып отырған төтенше жағдайлар қызметі үшін биыл ерекше жыл болды. Өйткені, 2014 жылы 6 тамызда таратылған Төтенше жағдайлар министрлігі Президент Қ.Тоқаевтың пәрменімен қайта құрылды. Соңғы жылдары елімізде орын алған түрлі апаттық жағдайлар жедел қызмет көрсетіп, әрбір өңір жағдайына бақылау жасайтын арнайы органның қажет екенін көрсетіп берді. Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап шығу қажет. Оған жатпайтын функциялардан босатқан жөн. Соның арқасында жаңа ведомствоның жұмыс тиімділігін көтеруге болады. Біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құрған дұрыс» деген болатын. Президент бастамасынан кейін қыркүйек айында министрлік құрамы бекітілді.

Елдің амандығын қоритын қызметкерлердің жұмысы зор жауапкершілікті талап етеді. Осындай ауыр жүкті арқалап жүргендердің бірі – Жезқазған төтенше жағдайлар басқармасы ұжымы. Азаматтық қорғаныс полковнигі Ләззат Төлеуғалиева басшылық ететін ұжым әрдайым қауырт тірлік үстінде. Нәзікжанды болғанына қарамастан осынау қатал тәртіп пен жеделдікке негізделген жұмысты абыроймен атқарып, ел мен ұжым арасында зор құрметке ие болған Ләззат ханым осы саланы таңдағанына еш өкінбейтінін айтты. Бүгінде ол басшылық ететін басқармада азаматтық қорғаныс бөлімі және зіл-залалық қауіп-қатерді азайту және азаматтық қорғау саласын бақылау салалары бойынша тәжірибелі мамандар қызмет етеді.

Азаматтық қорғаныс саласындағы іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру, соғыс жағдайларын бақылау негізгі міндеті саналатын азаматтық қорғаныс бөлімінде 3 офицер мен 2 бас маман еңбек етеді. Ал зіл-залалық қауіп-қатерді азайту және азаматтық қорғаныс саласын бақылау бағытында 11 азаматтық қорғаныс офицері қызмет етуде. Бүгінгі таңда басқарма 94 пайыз қажетті кадрлармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта жарияланытын мараторий негізінде 100 пайыздық толық құраммен жұмыс істеу жоспарлануда. Басқарманың техникалық базасы жыл сайын толықтырылып отырады. Бүгінде бұл жерде 30 шақты құтқару техникалары мен тасымал көліктері жүйткіп жұмыс істеп тұр.

– Құтқарушы болу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Бұл салада жұмыс істей білу үшін тек заңнамалық тестілеуден өту аздық етеді. Мамандар арнайы физиологиялық және психологиялық тестілеулерге жіберіледі. Себебі, құтқарушы болып жұмыс істейтін маман тек берік күшке ғана ие болып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да мықты болуға міндетті. Мен Алматы қаласында тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алдым. Кейін туған жерге оралып, менде өзге жезқазғандықтар секілді «Қазақмыс» корпорациясында еңбек еттім. 2009 жылы осында бас маман болып жұмысқа орналастым. Міне биыл 11 жылдай уақыт өтіпті. Мен осы салада қызмет ететінімді мақтаныш етемін, – дейді Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Дулат Асанов.

Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері апаттық және адам өміріне қауіп төндіретін жайттарды болдырмау мақсатында түрлі алдын алу шараларымен айналысады. Олар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескертеді. Апатты жағдайлардың себебін анықтайды.

Басқарма құрамында тілсіз жау өртпен бетпе-бет келіп, қызыл жалын ошағына қасқая қарсы тұратын өрт сөндірушілерде аз емес. Солардың бірі – Еркебұлан Әнуар. Өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызметететін оның осы салада жүргеніне биыл 10 жыл толады.

– Өрт жағдайы көбінесе адамдардың мас күйінде үйде темекі шегуінен, пәтерде жылытқыш құрылғыларды қолданғандықтан, жер үйлердегі пештердің дұрыс жанбауынан және қысқа тұйықталу тоқтарындағы ақаулардан орын алады. Біз қандай жағдай болмасын өрт орын алған жерге жеткенде, алдымен адам өмірін сақтап қалуды ойлаймыз. Әрбір құтқару жұмысы ерекше. Мамыр айында Ғарышкерлер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде өрт орын алды. Подъезд іші көк түтін болп кеткен. Соның салдарынан тұрғындар сыртқа шыға алмай қалды. Өрт шыққан пәтер иелері көрші пәтердің балконына шығып алыпты. Олардың ішінде 1-2 жастағы бала да бар. Сонымен мен және екі әріптесім – үшеуміз үйге кіріп, тұрғындарға құтқару қалпағын кигізіп сыртқа алып шықтық. Өрт сөндірілді. Ешкім зардап шекпеді. Бастысы – құтқарылған адамдардың жүзінен бізге деген ризашылықты сезіндік. Соның өзі бізге ерекше күш береді, – дейді ол.

Биыл қала бойынша төтенше жағдайлар саны біршама азайған. Бұған карантин шектеулері де себеп болған сыңайлы. Мысалы, 2019 жыл мен биылғы тоғыз ай көрсеткішін салыстырғанда салыстырғанда өрт 22 пайызға, суға бату фактісі 50 пайызға қысқарған. Бұл жерде Жезқазған қаласы төтенше жағдайлдар басқармасы қызметкерлерінің де еңбегі орасан.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

14:57
261

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020