ҰЛТТЫҚ САНАМЕН САБАҚТАС

18 қазан – ұлт пен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бүгінгі мереке бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі болып табылады. Бұл мерекенің мақсаты – елімізде бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен сенімділік, ауызбіршілік пен сыйластық орнату.

Бүгінде Тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Ел басы Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз»,– деген.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (с.а.с) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», — деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді.

Алла Тағала былай деді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят). Осы аятта айтылғандай көршіге жақсылық жасау бұйырылған. Яғни, ел болып, шетелдермен тату-тәтті тұру, көршің мұсылман болмаса да онымен тату болуы барша мұсылманға парыз.

Ибн Омар (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», — деген (Бухари, Муслим).

Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» — деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с): «Есігі ең жақын орналасқанына», — деп жауап берген (Бухари). Бұл хадис, өзге ұлт өкілі немесе өзге дін өкілі болғанына қарамастан көршімен тату болуға, мейіріммен қарауға, қайырымдылық жасауға шақырады.

Бұл мысалдармен айтқымыз келгені, ағайын-туыс, бауырмен, сондай-ақ еліміз үшін көрші мемлекетпен тату болу, тіпті алыстағы шекарамыз түйіспейтін елдермен тату болуы қазақ халқы үшін, барша мұсылман үшін өте қажет нәрсе. Өйткені, көршімен жақсы қарым-қатынаста болғанда ғана біз Аллһтың разылығына бөленеміз, елімізде тыныштық орнап, бейбіт өмір сүреміз.

Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Жаратушы Иемізден елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Нұрбол ТАҒАЕВ,

Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы Жезқазған мешітінің бас имамы

14:06
233

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020