​ТОЙ ТОЙЛАЙТЫН УАҚЫТ ЕМЕС

COVID-19 індеті белең алып, карантин талаптары күшейтілгеннен бері кісі қарасы көп жиналатын шараларға тыйым салынғаны белгілі. Барлық халыққа қызмет көрсету мекемлерінің жұмыс уақыты шектелді және карантин талаптарын қатаң орындауға міндеттелді.

Карантин аптаның қай күні болмасын демалыссыз думандатып жататын тойханаларға да оңай соқпады. Олардың жұмысына мүлдем тыйым салынды. Күнделікті өмірде жиі болатын қуаныш-қызықты жақындармен бөлісу мүмкіндігінен айырылған халық та абдырап қалды. Осы тұста елдің пікірі де екіге айрылды. Бірінші тараптағылар тойда сақтық шаралары мүлде сақталынбайтынын айтып, бұл тыйымды қос қолын көтеріп қолдаса, керісінше, қарсы болғандар да табылды. Осылайша, хан сарайындай салтанатты тойханаларда өтетін басқосулар үй ішінде, шағын адаммен ұйымдастырылатын болды.

Алайда, көп адам жинамауға, өзгелердің басын қауіп-қатерге тікпеуге шақырған Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының сөзіне құлақ түріп жатқандар шамалы сияқты. Бұлай дейтініміз – осыдан бірер күн бұрын республика жұртшылығын елең еткізген жезқазғандық әнші Қуандық Рахымның тойы. Әлеуметтік желіде тараған фото және бейнематериалдар желі қолданушыларының қарсылығын тудырды. Осы тұста Жезқазған қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жұмысына сенбестік таныстқандар да табылды. Аталған мәселенің анық-қанығын білу мақсатында басқарманың жетекші маманы Нұрбол Жолдыбаевқа хабарластық.

– Шектеу шараларына қарамастан пәтерлерінде немесе коттедждер жалдап той істеп жатқандар бар. Біз оларды анықтап, бұның дұрыс еместігін ескертеміз. Тәртіп бәріне ортақ. Соған сай той иесіне айыппұл салынады. Осы мақсатта күн сайын біздің басқарма, полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілінен тұратын мобильді топ бақылауға шығады. Қазан айы басталғалы біздің басқарма қызметкерлері 9 заң бұзушылық жағдайын тіркеді. Оның 4-еуі – кафе-ресторандарда жасалған той болса, 5-еуі – жер үйлерде ұйымдастырылған. Жақын күндері көпшілік назарын аудартқан жайдың бірі – әнші жерлесіміз Қуандық Рахымның тойы. Біздің қызметкерлер шағым түсісімен дереу той өтіп жатқан мейрамханаға барды. 100-ге тарта адам жиналған бұл жерде санитарлық талаптар сақталмайтыны анық. Сол себепті той иесіне – 83 340 теңге, тойхана иесіне 638 940 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Олар бір апта ішінде айыппұлды төлемейтін болса, іс сотқа жөнелтіледі, – деген ол барша қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтап, өз денсаулықтарына бей-жай қарамауға шақырды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:36
175

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020