​ТҰМАУҒА ДА БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Бүгінде жұқпалы аурулар мен олардың пайда болуы және таралу жолын зерттейтін эпидемиология ғылымы медицинаның аса маңызды салаларының біріне айналып отыр. Күз келіп, күн суытысымен өршитін жұқпалы аурулар туралы мағлұмат алу мақсатында Жезқазған қалалық перзентханасының эидемиолог дәрігері Өмірзақ МАЙГЕЛДИНОВпен арнайы сұхбаттастық.

Өмірзақ Шәріпбекұлы, алдымен, жіті респираторлық аурулар дегеніміз не деген сұраққа кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Жіті респираторлық аурулар жұқпалы болып келеді. Ауру қоздырғыштары ағзаға ауа-тамшы жолдарымен, яғни тыныс алу жолдары арқылы тасымалданады. ЖРБИ-дің тұмаудан айырмашылығы – ол адам бойында ұзақ сақталмайды. Тұмауға қарағанда тез кетеді. ЖРВИ-мен көбіне балалар мен мен егде жастағы адамдар ауырады. ЖРВИ-ге қарағанда тұмаудың белгілері сәл бөлектеу. Тұмау кезінде адамның дене қызуы 38-40 градус аралығында болады. Аталған ауру күн суыған кездерде өрши бастайды. Денсаулық сақтау министрлігінің шығарған соңғы 126 бұйрыққа сәйкес 1 қазан мен 1 желтоқсан аралығы эпидемиологияға дейінгі кезең болып есептеледі. Ал 1 желтоқсан мен 30 сәуір аралығы эпидемиологиялық кезең. Яғни, тұмаудың өршитін уақыты. Тұмау А, В және С деңгейі болып 3 топқа бөлінеді. Бұл жерде С деңгейі – жеңіл түрі, В – орташа түрі. Аса қауіптісі – А деңгейі. А деңгейі пандемияға апарып соғуы мүмкін. Мысалы өткен ғасыр басында болған испан тұмауында 50 000 000-нан астам қаза тапқан. Бұл деңгей жан-жануарларда да жиі кездеседі. Құс тұмауы, шошқа тұмауы дегендерді естіп жүрген боларсыздар. Жануарлардағы тұмау түрлері адамға оларға жақындағанда, қолмен ұстағанда, қолды тазалап жумағанда, олардың етін тамаққа қолдану барысында дұрыс қайнатпағанда жұғады. Сол себепті әрдайым тазалықты сақтағанымыз, ауық-ауық қолды жуып жүргеніміз абзал.

– Тұмаудың коронавирустан қандай айырмашылығы бар?

– Байқағанымыздай, бұл екеуі де жұқпалы аурулар. Біз көбіне елеп-ескере бермейміз. Бірақ, тұмау тиген адам қатаң түрде төсек режімін ұстауы керек. Ондай науқас бес күннен артық жұмыстан босатылады. Дәрігер нұсқаулығына сүйену керек. Сондай-ақ, тұмау кезінде антибиотик қабылдамаған абзал. Тұмаумен ауырған адам да оқшаулануға міндетті. Оның жеке ыдысы, қол орамалы болуы керек. Ол жатқан бөлменің терезесін ауық-ауық ашып, желдетіп алу қажет. Тұмау кезінде халықтық емдер де жақсы көмектеседі. Мысалы, біреулер шәйнекке су қайнатып, соның буымен тыныстайды. Енді біреулер құрамында антиоксиданты бар пияз, сарымсақ сынды көкөністерді қолданады. Бұның барлығы да көмектеседі. Тұмау тиген 3-5 күн аралығы өте қауіпті. Себебі осы күндері науқас күніне 10-15 адамға дейін тұмау вирусын жұқтыруға қауқарлы.

Ал коронавирустың тұмаудан айырмашылығы – ол өте жылдам тарайды. COVID-19 індетіне шалдыққан науқас араласқан адамына бірден ауру жұқтырады. Бұл жағдайда тіпті маска кию де әсер етпей қалуы мүмкін. Қытайдан басталған індет бүкіл әлемді жаулады. COVID-19 мутацияға, яғни өзгеріске ұшырап отырады. Ол әр науқаста түрліше кездесуі мүмкін. Ең қатерлісі – ол адам ағзасындағы осал тұсына шабуыл жасап, сол жерді құртуға тырысады. Бүгінгі таңда коронавирусқа шалдыққандарды да 3 топқа бөліп қарастыруда. Олар: жеңіл, орташа және аса ауыр түрімен ауырғандар. Мен өзім де бұл індеттің жеңіл түрімен ауырып шықтым. Коронавирустың тұмаудан айырмашылығы – құрғақ жөтел пайда болады, дене делсалданып, бойыңды ауырлық билейді. Ештеңеге зауқың соқпайды. Соңғы деректерге сүйенсек, коронавирустың жеңіл түрімен ауырған науқастарда – 1 айлық антидене, орташа түріне шалдыққандарда – 3 айлық антидене, ал ауыр түрімен аурып шыққандарда – 5 айлық антидене пайда болады екен. Яғни, «Мен коронавируспен ауырып шықтым, менде иммунитет қалыптасты. Мен енді ауырмаймын» деуге мүлде болмайды. Қандағы оттегі мөлшері 90-нан төмен түсіп кетсе – ауру өкпеге қарай өтіп кеті деген сөз. Бұл кезде науқас жағдайы күрт нашарлайды. Бұл кезде өкпенің жасанды желдеткіш аппараты көмегі қажет болады. Бұдан жазылғанның өзінде вирус өкпе қабаттарында сақталып қалады. Қандағы оттегі мөлшерін пульсисометр атты құрылғы көмегімен өлшейді. Оны кез келген адам сатып алып қойса да болады. Болмаса, бұл құрылғы барлық отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда бар. Сол жерде барып оттегі мөлшерін есептетіп тұрсаңыз болады.

– Еліміздің көптеген облыстарында карантиндік талап күшейтіліп жатыр. Жезқазған қаласы бойынша да санитарлық бекеттер қайта қойылды. Екінші толқынға жалпы дайындығымыз қалай деп ойлайсыз?

– «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Қандай жағдай болмасын қамсыз отырмауымыз керек. Бүгінде елімізде COVID-19-бен ауырып шыққандар саны 109 000-нан асты. Пневмания өршіп, халық жаппай ауырған уақытта ел медицинасында, соның ішінде Жезқазған денсаулық сақтау саласында бірқатар олқылықтар орын алғаны рас. Кадр тапшылығы байқалды. Дәрі-дәрмек қоры жеткіліксіз болды. Жоспарға сай 1 қарашаға дейін модульді инфекциялық стационар құрылысы толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қала бойынша 2 айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Сондай-ақ, жағдай қиындап, мамандар жетіспейтін болса Қарағанды қаласынан 23 дәрігер көмекке келмек.

Эпидемиолг дәрігер ретінде қала тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?

– Бастысы – тазалық, жеке бас гигиенасы. Қолымызды қайта-қайта сабындап жуып, антисептикпен тазалап тұруымыз керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыздар. 65-тен асқандардан адам қарасы қалың жерлерге жиі бармауды сұраймын. Сосын қазақ – тойшыл халық қой. Әлі де болса жасырынып той-томалақ ұйымдастыруды қойған жоқпыз. Бұл жерде бір адам қаншама адам өмірін бәйгеге тігетінін түсіну керек. Әрине, қуанышты көппен бөліскіміз келеді. Дегенмен, біршама уақыт көп адамдық басқасуларды кейінге шегере тұрсақ ештеңе етпейді деп ойлаймын.

Сосын мен қазір перзентханада жұмыс істеймін ғой. Бала көтергеніне 37 апта болған аналар ПТР тестін өткен соң ғана перзентханаға жатқызылады. Оған қоса перзентхана ішінен де 5 кісілік коронавирустық орын дайындалды. Оның екеуі – індетті жұқтырып алды деген қаупі бар аналарға, үшеуі – коронавируспен ауырған әйелдерді оқшаулап, ем көрсетуге арналған. Күн сайын өмірге сәбилер келіп жататын бұл жерде мынадай бір қиындық туындайды. Қазіргі аналардың біразы, солардың ішінде діни сеніміне байланысты көп әйелдер баласына екпе егуден бас тартады. Жаңа ғана сондай екі анамен жолығып келдім. Мен оларға бұның сал ауруы, полиомиелит, қызылша сынды көптеген ауруларға қарсы егілетінін, сол арқылы балада иммунитет қалыптасатынын түсіндірдім. Біреуі сөзіме құлақ асты. Екіншісін көндіре алмадым. Себебі – оның намазхан күйеуі бұған қарсы. Қанша жерден қандай пікір айтылса да ата-ана баланың болашағы үшін екпенің көмегі зор екенін ұғынғаны абзал. Біз білікті дәрігер ешқашан науқасына зиян тигізбейтінін түсінсек екен деймін. Айтпақшы, қазір барлық ОДА-ларда тұмауға қарсы екпе салынып жатыр. Ол арнайы есепте тұрған науқастарға және дәрігерлерге тегін. Бұны 15 қарашаға дейін салдырып үлгеруміз қажет. Одан кейін бұл екпенің әсері болмайды. Бұл да – тұмаудан сақтанудың ең үлкен жолдарының бірі.

– Пайдалы сұхбатыңызға рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:46
394

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020