ТЕРЕКТІДЕ МЕКТЕП САЛЫНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінгені белгілі.

Әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарды, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу, елді мекендерді абаттандыру бағытты бойынша ел аумағында 6 107 жобаны іске асырып, 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарланды. Бүгінде 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып үлгерген мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Қазақстан бойынша 80 жаңа мектеп құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерде білім беру орындарына қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ 7 мыңға жуық мұғалімді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Осындай зор қолдаудан теректіліктер де құр қалмады. Стансада жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

80 оқушыға шақталған мектеп құрылысына тапсырыс беруші – Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі. Құрылыс құны – 768555226,1 теңге, биыл құрылысқа республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Бүгінде мердігер компания «Балхашпромтехстрой» ЖШС 36,540 млн теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, мектеп учаскесін толықтай құрылысқа дайындаған. Құрылыс алаңында В, Г корпустарының қанқасын орнату, ең төменгі еден қабатын тегістеу жұмыстарына 5 арнайы техника жұмылдырылған. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады.Сондай-ақ, жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынуы тиіс. Басымдық жұмыссыз жүрген жастарға беріледі. Осы ретте мердігер отандық өндірушілердің құрылыс материалдарының алғашқы легін 300 дана іргетас блогын, 20 м³ ағаш қалып құрылымдары мен 15 тонна 14 мм диаметрлі арматураны, 300 тонна силикат кірпішін жеткізіген. Жаңа мектептің құрылысына жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз деп тіркелген 63 тұрғынды қабылдау жоспарланса, қазірдің өзінде 21 азамат еңбекке араласқан.

2021 жылдың желтоқсанында құрылысы аяқталуы тиіс білім ошағы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта вестибюль, гардероб, ем-шар бөлмесі бар медициналық кабинет пен күзет бөлмесі, қабылдау, директор мен оның оқу, трбие ісі жөніндегі орынбасарларының кабинеттері және технология сабағының кабинеттері орналасады. Ұлдарға арналған технология кабинеттерінде сыртқа шығатын бөлек есік қарастырылған. Сонымен бірге әр кабинетте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ыңғайлы орындар да болады. Ал, екінші қабатта химия, биология, физика, информатика, алғашқы әскери дайындық пәндерінің кабинеттері мен мультимедиалық класс, мұғалімдердің әдістемелік кабинеті, сондай-ақ, логопед пен психологтың кабинеті мен бухгалтерия орналасады. Мектептің ауласы абаттандырылып, жасыл желектендіріледі. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңқайымен бірге жекелеген футбол, волейбол мен баскетбол алаңдары салынады. 72 орынға арналған асхана, әншілік мен актерлік шеберлікке баулитын үйірме сыныптары да мектеп жобасында бар.

Естеріңізге сала кетсек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласында 40 жоба қолға алынып, оның 28-і толық аяқталған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылған 528 тұрғынның 228-і – жастар.

Бота ШАЛҚАР

09:13
249

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020