​БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА АУЫЛ КЛУБЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Биыл біздің ауыл үшін қуанышты сәттермен есте қалмақ. Оған себеп – 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Теректі елді-мекеніндегі «Жас терек» ауыл клубының күрделі жөндеуден өтуі.

Қазіргі таңда ауыл клубы заман талабына сай жаңартылған. Жаңа ғимаратта әртүрлі мәдени, рухани кештер мен іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалған. Көрермен залы мен сахнасы кеңейтіліп, клуб ішінде кітапхана, медпункт және үйірме бөлмелері жаңартылып, қолданысқа берілді. Есік, терезе мен едендері ауыстырылып, шатыры жөнделеді. Сонымен бірге, 70 орынға шақталған көрермен залына жаңа орындықтар қойылып, сахна мен оның шымылдығы жаңартылады және безендіріледі. Бұған дейін пешпен жылытылатын клубтың сыртына қазандық орнатылып, кәріз жүйесі тартылады. Мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғындарының мәдениет ошағына еркін кіріп, шығуына жағдай жасау да назардан тыс қалмағанын айта кеткен жөн. 2009 жылы осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде клубтың маңайы абаттандырылып, қоршалған болатын. Биылғы күрделі жөндеу кезінде сол қоршауларға ағымдағы жөндеуден өтеді. Осылайша мемлекеттік бағдарлама 70 жылдай жөндеу көрмеген мәдениет ошағының бойына қан жүгіртіп, жаңа кейіпке енді.

Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер «Атакент – ТТS» ЖШС жүргізді. «Қазақ еліне танымал, композитор әрі әнші Жақсыкелді Сейілов ағамыздың талай ән шырқаған мәдени ошағын күрделі жөндеуден өткізу – мен үшін үлкен бақыт» деген компания басшысы Тілеуқабыл Такеев бастаған 10 жұмыскер өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы аяқтады.

Халық игілігіне қызмет ететін ауыл клубының көркеюіне мұрындық болған мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосқан жергілікті атқарушы орган мен мердігер компания жұмыскерлеріне Теректі тұрғындары атынан зор алғыс білдіреміз.

Қаныш ҚАРАЖІГІТОВ,

«Жас терек» ауыл клубының меңгерушісі

09:16
728

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020