​ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫ АРАЛАДЫ

Covid-19 екінші толқынына дайындық барысында Президенттің тапсырмасына сәйкес 13 өңірде бой көтеруі тиіс модульді инфекциялық аурухананың біреуі Жезқазғанда да пайдалануға берілді. Заманауи медициналық орталықтың ашылуына қала әкімі Қайрат Әбсаттаров арнайы барды.

Модульдік аурухананың ашылуына сондай-ақ, Жезқазған қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев пен Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов та қатысты.

Алғашқыда облыс орталығында салынады деп жоспарланған госпитальдің мысты өлкеде бой көтеруіне Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қолдау білдіргенін айтқан қала басшысы білікті мамандарымен толыққан, қажетті медициналық аппараттармен жабдықталған инфекциялық орталық халық игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Көпбейінді ауруханаға қарасты 200 орынға шақталған инфекциялық орталықтың ішін аралатқан госпитальдің меңгерушісі Қарлығаш Шариязданова:

-Орталық екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте ауру жұқтырған науқастар жатса, екінші бөлікте тек қана медициналық қызметкерлер жүреді. Бұл ұжымды ауырып қалудан сақтайды. Орталықта науқастарға барлық жағдай жасалған. Көріп тұрғандарыңыздай әр науқастың кереуетіне өттегі келіп тұр. Гемодиализ аппараты да орнатылған. Бізде науқастарды бейнебақылау камералары арқылы қадағалап отыру мүмкіндігі бар. Одан бөлек дәрігер не медбибінің көмегін қажет еткен науқастар дабыл түймесін пайдалана алады, – деді.

Коронавирус жұқтырғандар қызыл аймақта емделеді. Әр алты сағат сайын ауысып тұратын медицина қызметкерлерінің таза аймаққа шықпас бұрын қорғаныш костюмдерін залалсыздандыратын, жуынып-шайынатын, тынығатын орындары да ойластырылған. Қызыл аймақтағы палаталардың терезелері ауа өткізбейді. Бұл іштегі вирустың сыртқа тарауына мүмкіндік бермейді. Ауаны ылғалдандырып, тазартып тұратын арнайы желдету сүзгілері орнатылған.

Науқастарды жеткізген жедел жәрдем көлігін залалсыздандыру орны, вакуум мен газ қоймасы, қазандық, мәйітхана мен медициналық қалдықтарды зарарсыздандыратын қосалқы ғимараты бар жаңа госитальде ПТР тестілеудің зертханасын ашуға да мүмкіндік бар. «Қазіргі таңда сынамалар Жезқазған медициналық орталығынан ашылған зертханаға жөнелтіледі. Тәулігіне 540 сынаманы талдауға қауқарлы зертхананың қуатын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасы бойынша 1000-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Зертхананы кеңейту бойынша келіссөздер басталып та кетті. Медициналық орталықтың басшылығы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Оңтүстік Кореядан зерттеу аппараттарын сатып алуды жоспарлап отыр. Инфекциялық орталық базасынан ПТР зертханасының ашылатын күні алыс емес», – деген денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова Жезқазған қаласында қызмет ететін 9 жедел жәрдем көлігі тағы 4 жаңа көлікпен толығатынын жеткізді.

Маңайы абаттандырылып, көгалдандырылған жаңа инфекциялық орталықтағы жағдаймен жіті танысқан қала басшысы ақ халаттылардың жауапкершілігі мол жұмысына сәттілік тіледі.

Диана ОРАЗАЛИНА

09:19
330

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020