​МАҚСАТ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ОҢАЛТУ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Айгүл Соловьева бастаған Арнайы мониторинг тобы мен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы өкілдері Жезқазғандағы жұмыс сапарымен болды.

Топпен бірге облыстық экология департаменті, табиғатты пайдалану басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшылары да келді. Қалалық әкімдікте өткен жиынды ашқан Жезқазған әкімі Кайрат Абсаттаров топ мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеп, өңірдегі қордаланған мәселелерді шешуде қоғамдық бақылаудың маңызы зор екенін баса айтты.

-Мониторинг топтарының жұмысы қолға алынып жатқан жобалардың тиімді жүзеге асуына ықпал ететін болады. Қалада экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы жоспарланып отыр. Зауыт іске қосылғанда қаладағы қоқыс полигоны «KazЕnergy» компаниясының басқаруына беріледі. Сонымен бірге, санитарлық аумақ саналатын 5-аудан мен, 1,2,3-ауыл тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Бұл мәселені шешуде «Қазақмыс» корпорациясының қолдауы маңызды, — деді қала әкімі.

Жиында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз тазалау жүйесін құру сынды экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.

Топ мүшелері Жезқазған мыс зауытында болып, ондағы экологиялық талаптарды қанағаттандыру бағытындағы жұмыстармен, алдағы жоспарлармен танысты. Жезқазғандағы ауыз су тазарту мекемесін қайта құрылымдау жобасы да топ мүшелерінің назарынан тыс қалмады.

Елордадан келген топ сонымен бірге, қалалық қоқыс полигоны, Кеңгір су қоймасының, Үйтас-Айдос су құбырының жағдайымен де танысты. 

14:27
290

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020