​ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары БАҚ өкілдерімен кездесіп, қысқа дайындық жұмыстарын баяндады.

– Біз Жезқазған қаласы әкімдігімен бірге қысқа дайындық жұмыстарын пысықтадық. Ойламаған жерден әр түрлі төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Табиғат құбылыстарына сенім жоқ. Бүгінгі таңда төтенше жағдайларға 24 қызметкер мен 12 техника дайын. 150 шақырымдық республикалық Қызылорда-Павлодар тас жолы бойынан қар қалың түсетін 11 учаске анықталды. Қарағандыға шығатын жолдағы «Нұртай», Қызылорда бағытындағы «Жұлдыз» кафелерінің де қысқы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Қысқы мерзімге арналған 17 жол белгісі қойылды. 900 тонна құм мен 22 тонна техникалық тұз және 114 қар қалқаны әзірленді, –дейді басқарма бастығының орынбасары, подполковник Сұлтан Ахметов.

Басқармада жылыту маусымына дайындық тамыз айында басталыпты. Бүгінде қала бойынша 4589 жер үй болса, оның 1835-і пешпен жылынады. Ал қалғаны орталық жылу жүйесіне қосылған.

– Қыркүйек айындағы бақылау жұмысына сәйкес әлеуметтік осал топқа жататын 104 тұрғынның үйіне бақылау жасалған болатын. 47 үйде өрт қауіпсіздігі сақталмаған болып шықты. Негізі өрт шыққан үйлердің көбі жылыту құралдарын қолданған болып шығады. Тілсіз жаудың тырнағына іліккен тұрғындардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, – деген Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Дидар Құйқабаев әкімдік және басқарманың басшылығымен әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың үйлеріне улы газдан сақтайтын 12 дабылқаққыш орнатқанын жеткізді. Алдағы уақытта тағы 5 отбасыға көмек көрсетілмек. 

14:45
189

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020