​ОТТЫ ЖЫЛДАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың болып өткеніне биыл 75 жыл толып отыр. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді.

Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты тың деректер мен көпшілікке беймәлім мәліметтер жинақталған. Оларды №322-ші Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер мен Кеңес Одағы Батырлары және еңбек ардагерлерінің топтамасынан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сүтемген Бүкіровтің №289 қорынан, Қазақстан Коммунистік партиясы Жезді аудандық комитетінің №143п қоры, Қ.Сәтбаев атындағы «Жезқазғантүстіметал» ғылыми-өндірістік бірлестігінің №152 қоры, Қарсақбай металлургиялық зауытының №161 қоры, Жезқазған аудандық Әскери Комиссариатының №186 қоры, Халық Комиссариаты түсті металлургиямыс балқыту және мыс кені өнеркәсібінің Жезқазған мемлекеттік, одақтық комбинатының бас басқармасының №381 қоры, Жезқазған облыстық «Боздақтар» кітабының редакциялық тобының №403 қорларларынан кездестіруге болады.

Жезқазған қалалық мемлекеттік архивінің №322 жеке тектік қор құжаттары Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер мен Кеңес Одағы Батырлары және еңбек ардагерлерінің топтамасын құрайды. Бұл қор құжаттары 1911-2018 жылдар аралығын құрайтын, 3 тізімдемеден, 146 істен тұрады.

№322 жеке тектік қор құжаттарының 1 тізімдемесіне 1943-1944, 1980, 1983 жылдарды құрайтын Кеңес Одағы Батырлары Қ.Б.Нұржанов, Н.И.Григорьев, А.И.Зенковский, Ф.Я.Иванишко, Н.И.Колбасов, П.К.Миллер, Н.Г.Подсадник, О.Н. Щербаковтардың, сондай-ақ Даңқ Орденінің Толық иегерлері Ж.Т.Үншібаев, Ф.А. Белов, В.К.Курьятов, В.П.Спицын, Н.П.Калмыковтардың қысқаша өмірбаяны, марапаттау қағазының көшірмесі, жауынгерлік ерлігі жайлы қысқаша баяндаулары, суреттері енгізілген.

№322 қордың 2 тізімдемесі 7-12 сақтау бірлігінен тұратын ҰОС ардагері, Социалистік Еңбек Ері, құрылысшы В.М.Раковскийдің өмірбаяндық және қызмет барысындағы құжаттарына арналған.

№322 жеке тектік қор құжаттарының 2 тізімдемесі (жалғасы) бойынша 13-42 дейінгі сақтау бірлігі ҰОС және еңбек ардагері Ж.Ирмұхамедовтің (1906-1978 ж.ж.) жеке өмірбаяндық, шығармашылық құжаттарынан тұрады.

Аталмыш қордың 2 тізімдемесі (жалғасы) бойынша №43-61 сақтау бірлігін құрайтын істер «Жезказганская правда» газеті редакциясы жинақтап өткізген ҰОС-на қатысушылардың естелік-хаттары, әскери іс-қимылдар жайындағы мақала мәтіндері, журналистік ескертпелері, қолжазба хаттары, сонымен қоса 62-81 істер Ұлытау, Ақтоғай, Ақадыр өңірінің ҰОС-на қатысушы ардагерлері мен партия, комсомол, еңбек ардагерлерінің өмірбаяны, майдан естеліктері, хаттары, еңбек жолдары туралы жазған естеліктері топтастырылған.

Ал №82-92 аралығындағы істер ҰОС-ның ардагері, ұстаз Қалиев Қожалепестің жинақтаған құжаттарына арналады. Мұнда қарт ұстаздың алғаш ұрысқа кірген күннен бастап, Жеңіске жету жолындағы шайқастар туралы жазған естеліктері жинақталып сақталған.

№322 қордың 2 тізімдемесі бойынша №93-104 сақтау бірлігін ҰОС-сы және еңбек ардагері, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанасов Жангер Жанасұлының құжаттары құрайды. Тізімдемеде жеке құжаттары, қызметіне байланысты құжаттары, фотоқұжаттары (Б.Момышұлымен түскен суреті) топтастырылған.

Жезқазған аймағына белгілі адамдардың жеке құжаттарының топтамасына ҰОС-ның ардагері, ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі Байбосынов Мырзағали құжаттары (105-113-ші істер) енгізілген. Мұнда ардагердің соғыс кезіндегі ауыл өмірі, совхоз өмірі жайындағы естеліктері, сондай-ақ өзінің өмір белестері туралы жазылған естеліктері жинақталған.

№322 қордың (2 тізімд.жалғ.) №114-130-шы сақтау бірлігін Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Жезқазғанның жорық жолдары» атты акция нәтижесінде жинақталған құжаттары және ҰОС-ның ардагерлері А.Абдуллаевтың, С.Арюшиннің, М.Балапановтың, Н.Гавриловтың, И.Қылышбековтың, Ж.Таубаевтың, А.Темирхановтың, А.Шуватовтың жеке құжаттары құрайды. Мұнда акцияны өткізу құжаттарымен қатар «Сороковые-роковые», «В тылу как в бою», «Детство, опаленное войной», «Жезказганцы на фронтах ВОВ» тақырыптарында жазылған мектеп оқушыларының шығармалары және В.Юрк, Т.Алланиязовтың «Жезқазған 1941-1945 соғыс жылдарында» атты кітабы, мұрағат құжаттары негізінде жазылған Б.Байжантаевтың «Жезқазған: тылдағы еңбектің жылнамасы» атты еңбектері, сондай-ақ жергілікті басылымдарда жарияланған ҰОС-ның ардагерлері туралы жазылған И.Бекмаханұлының, Ө.Мұқанұлының, Қ.Сихынбаевтің, І.Белгібайдың, Ә.Әбдіраштың, Қ.Құрмансейіттің, С.Жантуриналардың мақалалары енгізілген.

№322 жеке тектік қор топтамасының тағы бір өкілі – ҰОС қатысушы ардагер Ф.А.Сазоненко. 2 тізімдеменің 131-137 сақтау бірлігінде ардагердің жеке құжаттары, хаталмасулары, фотоқұжаттары топтастырылған.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері жайлы құнды деректер Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінің жеке тектік қор иесі белгілі өлкетанушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сүтемген Бүкіровтің №289 қорында жинақталған.

Ұлытаудан шыққан публицист жауынгер Б.Бұлқышев туралы жинақтаған мәліметтері: библиографиялық очерк, «Жауынгер ақын», «Предки Баубека» атты қор иесінің мақалалары №289 қор, 1 тізімдеме, №3, 50, 97 сақтау бірліктеріне енгізілген.

Аталмыш қордың 1 тізімдеме, №9 сақтау бірлігінде Сүтемген Бүкіровтің Ұлы Отан соғысының ардагері «Мырзағалидің әңгімесі», «Танкист Таңатар», «Танкист Тимаков», «Жезқазған стахановшылары», «Байқоңыр кенінің стахановшылары» туралы жазған қолжазбалары, ал №11 сақтау бірлігінде «Жезқазғандық бес боздақ» Жанахмет Баяхметов, Тәшібай Әлмұханбетов, Шәріп Қалманбаев, Сақтағанов Шаһарап, Қапатай Райымбеков туралы жинақтаған құжаттары топтастырылған.

Қаһарлы жылдардағы Қарсақбай – Жезқазған туралы, «Қарсақбай мектебінен соғысқа аттанған оқушылар», «Ұлытау әйелдері ҰОС жылдарында» Жезқазғандық толық кавалер Жақсымбек Үншібаев жайлы, «Майдангер жырлары», ағайынды жауынгерлер «Нұртаза және Мұстафа», «Партизан Алиакпаров», «Жауынгер хаты» атты мақалалары мен қолжазбалары №289 қор 1 тізімдеме, №37, 113, 128 сақтау бірліктерінде жинақталған.

ҰОС батырлары Николай Колбасов, Амантай Дәулетбеков, Анатолий Живов, Аркадий Зенковский, Федор Иванишко, Қазыбек Нұржанов, Вера Хоружая, Олег Щербаков, «Комиссар из Карсакбая» атты Шопан Қонысбаев туралы жазған мақалалары аталған қордың, 1 тізімдемесі, №105 сақтау бірлігіне топтастырылған.

№289 қор, 1 тізімдеме, №137 сақтау бірлігінде ҰОС ардагері К.Досановтың анықтама карточкасы, мақтау қағазы мен құттықтаулары, №155 сақтау бірлігінде ҰОС ардагері Ф.Корольковтың соғысқа қатысқандығы туралы анықтамасы, құттықтаулары мен өндірістік мінездемесі, №140-141 сақтау бірліктерінде ҰОС жылдарында қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен, госпиталда жарақаттан қаза тапқандардың тізімі, №178 сақтау бірлігінде Қарсақбай, Жезқазған, Никольский, Жезді, Ұлытау әскери комиссариатынан шақырылып, ҰОС жылдарында қаза тапқандардың тізімі, №175 сақтау бірлігінде ҰОС ардагері Ғаббас Алиакпаровтың күнделік жазбалары, қолжазбалары жинақталған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандардың парақшалары осы қордың, 1 тізімдемесі, №143-145 сақтау бірліктерінде, «За медь» газетінің көшірлемелері №289 қор, 1 тізімдеме, №146-154 сақтау бірліктерінде кездеседі.

«За медь» газетінде майдан даласына көмек беру, аудандық әскери комиссариатының әскерге шақыруы жайлы 1942 жылғы бұйрығы, №289 қор, 1 тізімдеме, №150 сақтау бірлігінде, майдан хаттары, сондай-ақ 1942 жылғы қызыл әскерді жылы киіммен қамтамасыз ету туралы мәлімет осы қордың №149 сақтау бірлігінде топтастырылған. «Қызыл кенші» газетінде жарияланған Д.Бектібаевтың, Т.Әлмағанбетовтың, Ж.Балахметовтың соғыс жылдары жазылған өлеңдері аталмыш қордың, 1 тізімдемесі, №269 сақтау бірлігінде топтастырылған.

Майдан даласынан туыстары мен достарына жазған жауынгер хаттары 289 қор, 1 тізімдеме, №209 сақтау бірлігіне енгізілген.

Сүтемген Бүкіровтің жеке тектік қорында қор иесінің жинақтаған фотосуреттері де топтастырылған. №183, 243, 247, 250 сақтау бірліктерінде «Жезқазғандықтар Отан үшін соғысуда», «Жезқазған тыл ардагерлерінің қаласы» тақырыптарындағы, Даңқ орденінің толық кавалері Ж.Үншібаевтың фотосуреттері, Сталинград түбінде шайқасқан Жезқазғандық жауынгерлердің фотосуреттері кездеседі.

«Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазғантүстіметал» ғылыми-өндірістік бірлестігі ҚазССР Түсті металлургия министрлігінің» №152қоры, 2 тізімдеме, №2, 3 сақтау бірліктерінде 1944 жылғы Жезқазған комбинатының жауынгерлерді донорлық қанмен қамтамасыз ету туралы, Қарсақбай зауытының қару–жарақ өндіру жөніндегі 1942 жылғы бұйрықтары бар.

«Жезқазған аудандық Әскери Комиссариатының» №186 қоры,1 тізімдеме, №35 сақтау бірлігінде 1941 жылғы Аудандық әскери комиссариатының Қызыл әскер жауынгерлеріне посылка жіберу туралы бұйрығы бар. №186 қордың 1 тізімдемесі №46 сақтау бірлігінде Жезқазған аудандық әскери комиссариатының әскери міндеттерін атқарушыларының тізімінде жезқазғандық Совет Одағының Батыры Колбасов Николай Илларионовичтің есімі кездеседі.

Қазақстан Коммунистік партиясы Жезді аудандық комитетінің 143п қорында Кеңестік әскерді отынмен қамтамасыз ету туралы 1942 жылғы қазандағы бюро шешімі, Қарсақбай, Жезқазған руднигі мен зауыттарына әйелдер арасынан кадр даярлау жөніндегі 1942 жылғы тамыз айындағы бюро шешімі осы қордың 1 тізімдеме, №744, 746 сақтау бірліктерінде жинақталған. Бұл шешімде әйел адамдардан кадр даярлаудың төмен деңгейде екені, яғни көпшілігі мамандық бойынша курстардан өтпегені жайлы баяндалады.

Аталған қордың, 1 тізімдемесі, №662 сақтау бірлігінде Жезқазған руднигі бастауыш партия ұйымының бюро кеңесінің 1941 жылғы қарашадағы Жезқазған руднигінен, Байқоңыр шахтасынан майданға азық–түлік жіберу жөніндегі хаттамалары, «Цветник Казахстана» танк колоннасының құрылысына қаржы жинау туралы 1942 жылғы желтоқсан айындағы Жезқазған руднигі бастауыш партия ұйымының бюро кеңесінің шешімі топтастырылған.

Қарсақбай мемлекеттік металлургиялық зауытының №161 қор, 4 тізімдеме, №181 сақтау бірлігінде әскери оқу жаттығуларына арналған орынмен қамтамасыз ету және жаппай орыс тілін оқыту туралы 1941 жылғы қараша айындағы Жезқазған Аудандық Атқару комитетінің қаулысының жобасы, №199 сақтау бірлігінде Қарсақбай мыс қорыту зауытының майданға көмек беру жөніндегі 1942 жылғы қазан айындағы бұйрығы, №200 сақтау бірлігінде оқ-дәрі шығару жөніндегі Қарсақбай мыс қорыту зауытының 1942 жылғы 3 тоқсандағы есебі кездеседі. Аталмыш қордың №175 сақтау бірлігінде 1938-1948 жылдар аралығында соғыс кезіндегі әскерге мобилизация құжаттары, 1940-1942 жж. Стахановшы мектептерінің құрылуы туралы дирекциялық нұсқаулықтары бар.

Халық Комиссариаты түсті металлургиямыс балқыту және мыс кені өнеркәсібінің Жезқазған мемлекеттік, одақтық комбинатының бас басқармасы №381қорының, 1 тізімдемесі, №12 сақтау бірлігінде Түсті Металлургияның Халық комиссары Ломаконың 1941 жылғы қыркүйек айындағы өнеркәсіптегі 37 жасқа дейінгі жұмысшыларды Қызыл әскер қатарына алу жөніндегі бұйрығы бар. Аталмыш қордың 1 тізімдемесі, №16 сақтау бірлігінде 1939 жылғы майданға қажетті детонатор, детонаторлық шнур, карбид-кальцийі, перфоратордың қосалқы бөлшектерінің мобилизациялық қорға өткізілуі жайлы құжаттары кездеседі.

Қарағанды облысы Ұлытау аудандық әлеуметтік қамсыздандыру аудандық Кеңесінің еңбекші депутаттарының №35 қорының 1 тізімдемесі, 3 сақтау бірлігінде Ұлытау ауданынан соғысқа аттанып хабарсыз кеткендердің тізімі бар. №35 қор, 1 тізімдеме, 7 сақтау бірлігінде ҰОС-нан жараланып, денсаулығына байланысты қайтып келгендердің тізімдері сақталған.

Жезқазған облыстық «Боздақтар» кітабының редакциялық тобының» №403 қоры, 1 тізімдеме, 1-3 сақтау бірліктерінде жауынгер Тәңірбергеннің ата-анасына, бауырларына жазған хаттары, өлеңдері, Нағыманов Шарманның отбасына, достарына өлеңмен жазған хаттары, соғыста қайтыс болғандар туралы хабарламалары жинақталған. Аталған қордың 1 тізімдеме, №147 сақтау бірлігінде Ашумхан Саметов, Баубек Бұлқышев, Әубәкіров Төлеген, Қожамсейт Лекеров, Аман Кусаинов, Сердалинов Төленнің суреттері топтастырылған.

№545 жеке тектік қор иесі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Жалпақов Саяттың жинаған құжаттарында да ҰОС ардагерлері жайлы мәліметтер кездеседі.

Осы аталмыш қордың 1 тізімдемесінің жалғасы, №150-155 сақтау бірлігінде ҰОС ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ягуда Ибраевтың өмірбаяны, соғыс жылдарындағы естелігі, жеке құжаттарының көшірмелері, ҰОС ардагері Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Қалкен Макенбаевтың өмірбаяны, құрмет грамоталары және жеке құжаттарының көшірмелері, еңбек және соғыс ардагері Жәңгір Жанасовтың өмірбаяны, фотосуреттері, құрмет грамоталары мен жеке құжаттарының көшірмелері, ҰОС және тыл ардагері Сейтқали Төкебаевтың өмірбаяны, фотосуреттері, мақалалары, құттықтаулары, жеке құжаттарының көшірмелері, ҰОС ардагері Тұрлыбек Әмірсейіловтың өмірбаяны, мақалалары, хат алмасулары, құттықтаулары, жеке құжаттарының көшірмелері жинақталған.

Жезқазғандық соғыс ардагерлері Тұмарбай Жақыпов, Михаил Филиппов, Николай Григорьев, Сабыр Мәденов, Бектай Әбсаттаров, Құспан Ыдырысов, Қозғанбай Абиев, Әуезхан Мұсабаев туралы деректер мен фотосуреттер және осы қордың, 1 тізімдемесінің жалғасы, №174 сақтау бірлігінде және 1 тізімдеме, №30 сақтау бірлігінде майдан даласынан Сәлем Торғаевтың Елеукенге, Жекенге және туған-туыстарына жазған хаты сақталған.

Сонымен қоса архивтің «Ақпараттық технологиялар және аудиовизуалдық құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету» бөлімінде ҰОС ардагерлері мен еңбек ардагерлерінің берген сұхбатының (8 есеп бірл., 45 сақтау бірл.) видеоқұжаттары сақталған.

Қорыта айтқанда, Ұлы Отан соғысы туралы құнды деректер 322, 289, 545 жеке тектік қор және 152, 143п, 186, 161, 381, 403, 35 тұрақты сақталатын құжаттары зерттеушілер, студенттер, оқушылар, жалпы көпшiлiк үшiн аса пайдалы дерек көзi болады деп есептеймiз. Қызығушылық танытқан адамдар осы қорлар туралы толық мағлұматты Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінен алуларына болады.

Қарлыға НАУРЫЗБАЕВА,

Жезқазған мемлекеттік архиві әдебиет, өнер, жеке қорлар  және ақпараттар мен құжаттарды ғылыми  пайдалану бөлiмiнiң жоғарғы санатты архивисі

14:52
240

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020