​ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА КАНДИДАТТАР АНЫҚТАЛДЫ

«Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясы өтті.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттаы сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезін 2020 жылдың 25 қарашасында өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бүгінгі «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясына бастауыш партия ұйымдарынан сайланған 111 делегаттың 110-ы қатысып отыр. Конференция жұмысын бастауға қажетті кворум бар, – деп конференция жұмысын бастап берген «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Қайрат Әбсаттаров күн тәртібіне шығарылған мәселелерді таныстырды.

Конференцияның күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе – Жезқазған қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту. Бұған дейін https://primaries.kz сайтында жарияланып, барлық бастауыш партия ұйымдарында талқыланған партияның сайлауалды бағдарламасын делегаттар бір ауыздан қолдады. «Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында қаланы дамытудың 7 басым бағытын айқындаған. Олар: экономикалық тұрақты қала, жайлы қала, әлеуметтік бағдарланған қала, жастарға арналған қала, тарих пен мәдениетті дамыту, ашық және есеп беретін жергілікті орган және қауіпсіз қала. Партия аталған бағыттарды өміршең ете отырып, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасауды мақсат етіп отыр.

Делегаттар конференцияда облыстық мәслихатқа және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар арасында өткен қызу пікірсайысты тамашалады. Пікірсайысқа 7 кандидат қатысты. Олар: Бауыржан Шыңғысов, Жанар Салықова, Ізтөлеу Түсіпов пен Елдос Әбікенов, Уәли Жағыпаров пен Силар Қияқбаев пен Амангелді Әлімжан. Аталған кандидаттар конференция делегаттарына өздерін таныстырып, Жезқазған қаласының экономикалық әлеуетін көтеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуді міндет еткен сайлауалды бағдарламаларына тоқталды. Сұрақ-жауап кезеңінде кандидаттарға бір-біріне сауал жолдау мүмкіндігі берілді. Жастар саясаты, әлжуаз топтағы азаматтарды қолдау шаралары, жұмысшы мәртебесін көтеруге қатысты қойылған сұрақтарға кандидаттар тұщымды жауап бере алды. Бұдан кейін конференция делегаттары өз таңдауын жасады. Яғни олар өз дауысын Қарағанды облысы мәслихатына лайықты деген кандидатқа берді. Электронды форматта өткен дауыс беру нәтижесі келесідей: Бауыржан Шыңғысов – 102, Силар Қияқбаев – 84, Елдос Әбікенов – 37, Ізтөлеу Түсіпов –12, Жанар Салықова – 10, Амангелді Әлімжан – 8, Уәли Жағыпаров – 6 дауыс. Көп дауыс жинаған кандидаттар партиялық тізіммен облыстық мәслихат сайлауына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңгірбай Смағұлов партиялық квота бойынша кандидаттарды қоса алғанда қалалық мәслихат сайлауына ұсынуға арналған партиялық тізімді делегаттардың бекітуіне ұсынды. Партиялық тізімге қазанда өткен праймеризде басым дауыс жинаған 24 кандидат ұсынылды. «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы саяси кеңесінің құрамын өзгерткен соң конференция делегаттары кезектен тыс ХХХІV облыстық партия конференциясына қатысатын 10 жезқазғандық делегатты дауыс беру арқылы таңдады.

Кезектен тыс ХХІХ конференциясыны қорытындылаған қала әкімі, «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасы Қайрат Әбсаттаров Парламент пен мәслихат сайлауында «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуі үшін «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалында сайлауалды штаб құрылып, оған облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов жетекшілік ететін жеткізді.

Диана ОРАЗАЛИНА

12:16
207

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020