​КЕҢГІРДЕ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шарапаты ауылдарға да тиіп жатқанын айтпай кетпуге болмас. Кеңгір селолық округінің өзінде биыл осы бағдарлама аясында 9 жоба жүзеге асырылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылған жобаларға келер болсақ, Кеңгір селосы мен Теректі стансасы энергия тиімді жарықтандырумен қамтамасыз етілді. Энергия үнемдейтін шамдардың 54 бағанын стансаға мердігер «Атакент» ЖШС бір айдың ішінде орнатса, Кеңгірді жарықтандыру «Горэлектросеть» ЖШС-ға жүктелді. Мердігер ауыл көшелеріне 18 дана жарық бағанын орнатып, істен шыққан 58 шамды ауыстырған.

–Тұрғындардың кәсіби әлеуетін іске асыру және жұмысқа орналасуда көмек көрсетуді мақсат еткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Кеңгір селолық округі бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Көшелер жарықтандырылып, кәріз жүйесі мен ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтті. Балалар ойын алаңқайы орнатылып, Қорғанбай ауылынеа баратын жол жөнделді. Теректі стансасының мәдениет үйі жөнделіп, 80 оқушыға шақталған жаңа мектептің құрылысы басталды. Осы жобаларды жүзеге асыруға 100-ге тарта жұмыссыз тартылды, – деген Кеңгір селолық округінің әкімі Қанағат Жанпейісов мемлекеттік бағдарлама ауыл тұрғындарының еңсесін бір көтеріп тастағанын жеткізді. Расында балалар ойын алаңы, Қорғанбайдың жолы, Теректі стансасындағы апатты мектептің мәселесі шешімін таппай жүрген еді.

Мердігер «Мукашев Қ.Т.» ЖК кеңгірлік балаларға 2 ойын алаңын орнатса, «Медет» ЖК жұмысшылары екі ай бойы Кеңгір ауылындағы кәріз және су құбыры желілерін ағымдағы жөндеуден өткізген. ЖЭО-нан Қорғанбай селосына дейінгі ұзындығы 30 шақырымды құрайтын жолды орташа жөндеуден өткізуге 720 млн теңге бөлінген. Маусым-тамаз аралығында жол жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер «Алмас Құрылыс» ЖШС барлығы 168 адамды жұмыспен қамтыды. Оның ішінде 84 жұмысшы жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданған.

Жоғарыда аталған жобалардың тапсырыс берушісі – Жезқазған қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі. Бұл мекеме биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын» дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде республикалық қазынадан бөлінген 1 млрд 850 млн 607 мың теңгеге 29 жобаны жүзеге асыруға тапсырыс берген. Жұмысқа орналасқан 390 адамның 195-і – жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындар.

Бота ШАЛҚАР

13:28
240

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020