​ТӨЛ ТЕҢГЕ –ТӘУЕЛСІЗДІК СЫЙЫ

Ұлттық валютамыз – теңгенің қаржылық айналымға еніп, ел игілігіне айналғанына да 27 жылдың жүзі болыпты. Қазақстан аумағында ерте замандардың өзінде әртүрлі ақша болғаны белгілі. Тарихи деректер Отырар мен Исфиджабта 8-10 ғасырларда монета сарайлары жұмыс істегенін айғақтайды. Сол уақыттарда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғайған. Алтын монеталар да айналымға түскен. Қалай десек те, қазақ халқы үшін теңге атауы ежелден құлаққа сіңісті. Еліміз өзінің төл теңгесіне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізгені белгілі. Ұлттық валютамыз қаржы-экономикалық дербестігі бар жеке мемлекет болуымыздың айқын нышаны болуымен қатар, осы жылдар ішінде Тәуелсіздігіміздің тұғырлы тірегі болып келеді. Біз ұлттық ақшамыз айналымға шығарылған мерейлі күн қарсаңында төл теңгеміздің өмірімізге ену кезеңі мен қаржы нарығын қалыптастырудағы маңызы туралы ой өрбіткенді жөн көрдік. Осы орайда Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Қаржы министрлігі Құрмет грамотасының иегері, қаржы саласының ардагері Айып БАЙҚАСЫНОВПЕН әңгімелескен едік.

Айып Асылханұлы сіз көп жылдар бойы қаланың қаржы саласында қызмет істедіңіз, оның біраз уақытында басшы болғаныңызды білеміз. Алғаш төл теңгеміз қолға тиген кездегі жағдай қалай еді?

— Иә, мен 1990 жылы облыстық қаржы басқармасына қызметке келген болатынмын. Әуелде кіріс жағында істедім. Кейін салық инспекциясы бөлініп сондағы акциз, қосымша құн, баға мәселерін қамтитын бөлімнің басшысы болып тағайындалдым. Теңге шығады деген әңгіме 1993 жылы естіле бастады. Әр деңгейдегі қаржы салаларында ішкі дайындық жұмыстарының қолға алына бастағанын да сездік. Алдағы өзгеріске қатысты біздің пікірлерімізді сұраған кез де болды. Шындығын айтқанда, көңілде күдік көп еді. Біз өмірбойы кеңестік сомды ғана көріп өстік қой. Одан бөлініп кеткендегі жағдайымыз қалай болады дегендей алаң күй кешкеніміз анық. Ақыры құлақ естігенді көз көрді. Елбасының жарлығымен теңге айналымға шықты. Ол қаржы саласындағы бір аласапыран кезең болатын. Рубльдің құнсыздануына байланысты қап-қап ақша жинағандарды да көрдік. Сомды теңгеге айырбастау кезіндегі үлкен қиыншылықтарды Ұлттық банктегі әріптестеріміз ойдағыдай еңсере білді. Кейін білгеніміздей, ұлттық валютамызды жасауға екі жыл қажет болған екен. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 сомға бағаласа керек. Кейін еліміздің саяси-әлеуметтік және мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль болды. Ал, бірінші айналымға енген уақытта 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болған еді. Төл теңгені алғаш қолға ұстағанда жүректі қуаныш кернеді. Тәуелсіздігіміздің басты нышаны ретінде бағаладық. Теңгеміздің алғашқы банкноталары еліміздің тарихын мейлінше терең танытуымен де құнды болған еді. Еліміздің мәдени, саяси өмірінде айрықша өшпес із қалдырған Әл-Фараби, Абылай және Әбілхайыр хандар, Абай, Шоқан, Сүйінбай сынды тарихи тұлғалардың бейнесі басты бетіне басылса, сырт тұсына кеңбайтақ жеріміздің көрікті табиғатының көріністері мен тарихи сәулет нысандарының енуі де халықтың көңілінен шықты. Рас, кереғар пікір білдіріп, теңгені менсінбегендер де бой көрсетіп жатты. Алайда, көп кешікпей-ақ теңге тегеурінділігін танытты, сырт елдерге де танымал жақсы валюта екенін дәлелдеді. Қорғаныштық қасиетін де мамандар жоғары бағалауда. Алматыда 1995 жылы өз банкнот фабрикамыз іске қосылды. Содан бері Тәуелсіз Қазақстан төл ақшасын өз елімізде басып шығаруда. Қазірде өмірімізді теңгесіз елестете алмайтынымыз анық.

— Теңге енгізілгеннен бері елімізбен қатар қаламыздың экономикасы өрістеп, қаржы жағдайы нығайып келе жатқанын көріп жүрміз. Бүгінде зейнетақысын немесе жалақысын алмай отыр деген жағдайдан арылдық. Бұл жалпы қаржы саласындағы әр жылдардағы тегеурінді әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екені анық. Осы жолдағы қиындықтарды еңсеру кезеңін еске алып өтсеңіз?

— Жезқазған облысының таратылып, қаланың Қарағанды облысына қосылу кезеңінде елеулі қиыншылықтар болған еді. Көпшілік жұрт жақсы біледі, сол тұстағы дағдарысқа ұшыраған Қарағандының ахуалы өте қиын болатын. Басты мақсат – Жезқазғанның экономикалық әлуеті арқылы көмірлі қаланы көтеру керек. Мен салық жағынан 1996 жылы облыстық қаржы басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып келген болатынмын. Барлық есеп-қисаптар қолдан өтеді. Жоғары жаққа барып та жиі есеп беріп жүрдік. Сонда қаржы-экономикалық жағдайынан Жезқазған облысы република бойынша бесінші орында тұрды. Ал, Қарағанды көш соңына таяу болатын. Қарағанды облысына қосылған кезде қаланың қаржы бөлімін басқарып келген біздің ұстазымыз Рахымжан Жұмбаевтың зейнет жасынан асқан кезі еді, құрметті демалысына кететін болды. Сол кезде мені республикаға қызметке шақырып, әрі-сәрі күйде ойланып жүргентінмін. Қала әкімі Жұмамәди Ибаділдин қаржы бөлімін басқаруды қолға алып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сонымен 1997 жылдың 13 мамырынан бастап қалалық қаржы бөлімін басқаруға кірістім. Қарағандыны дағдарыс жағдайынан шығаруға көбірек мүмкіндік беру үшін бізге қаржы жағынан «белбеуді тарта отырып» жұмыс істеуге тура келді. Осы жағдайға байланысты Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының әкімшілігі бөлек болғанымен бюджеті бірге болды. Біз қанаттас қаланың әлеуметтік сала қызметкерлерінің жағдайына нұқсан келмеуін көздеп қаржыландыруды ең әуелі Сәтбаевтан бастайтынбыз. Алайда, бюджеттік мекемелерде айлық алмай қалу деген жағдай болған жоқ. Сол кезеңде екі қаланың бюджетінің көлемі 2 млрд. теңгеге жетпейтін. Ал, қазірде Жезқазған қаласы бюджетінің өзі 33 млрд. теңгенің үстінде. Сол уақыттағы күрделі жағдайдан қала басшылығының іскерлік көмегіне сүйеніп, бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде үш-төрт жылдың ішінде ойдағыдай шықтық. Кейін Сәтбаев қаласына дербес өз бюджеті берілді. Осы жылдар ішінде экономика өрледі, қаржы жағдайы нығая түсті. Осының барлығы төл теңгеміздің тегеуріні арқасында жүзеге асып келе жатқанын айтқанымыз жөн.

-Теңгенің тұғыры тұрақты болуы еліміздің экономикалық жағдайына да байланысты ғой. Бірнеше рет шарпыған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстарын да аман есен бастан өткердік. Қазіргі пандемия індеті тұсындағы күрделі жағдай да кім-кімге болсын үлкен сынақ болуда. Айеке, өзіңіз қалай ойлайсыз, доллардың бағамына сәйкес бір құлдырап, бір көтеріліп тұрған теңгеміздің тегеурінін күшейту жолында алдағы уақытта не істеуге болады?

— Біздің екі жағымызда тығыз байланысып отырған екі алып мемлекет бар. Сауда-саттығымыздың басым бөлігі де осы Қытай мен Ресей арқылы жүзеге асып отыр. Сондықтан біз долларға тәуелді болып байлана беруден арыла бастауымыз керек. Теңгеміз жақын шетелдерде де сұранысқа ие. Осы мүмкіндіктің аясын кеңейте түссек. Ол үшін импорттан гөрі экспорттың үлесін арттыруды көздейтін көптеген шаралар қолға алынуға тиіс. Отандық өнімнің үлесін көбейтпей болмайды. Білікті экономистер мен қаржыгерлер осы тұрғыда жұмыс істеп те жатқан болар. Ал, біз жергілікті деңгейде тауар шығару мен түпкілікті өнім өндіруге барынша қол жеткізсек, кейбір өнімдерімізді сыртқа шығарудың жолын тапсақ осы үлкен мақсатқа лайықты үлес қосқан болар едік. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнес пен кәсіпкерліктің жанданып, кеңінен қанат жаюының да маңызы зор.

Амандық РАХҰЛЫ

13:45
428

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020