​ТАРАПТАРДЫҢ ТАРТЫСЫ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТОҚТАТТЫ

Кеңгір жағалауында құрылысы басталған 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басы даудан арылмай қойды. Әу бастағы «Жер дұрыс таңдалмады», «жасыл желектер оталды» деген дау саябырсығаны сол еді жобаның тапсырыс берушісі «Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесін мемлекеттік сатып алу конкурсында екінші орынға ие болған «Астана Көктем-С» ЖШС сотқа берді. Арызданған тараптың көздегені – қалалық құрылыс бөлімі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрлысын жүргізіп жатқан мердігер «Орион ЛТД» ЖШС арасында жасалған келісім-шартты бұзу. Сот дауының барысы мен болашақ спорт нысанының бүгінгі жағдайын білмек мақсатта Жезқазған қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа КЕЛМАҒАНБЕТОВАҒА сауал жолдадық.

–Жоба бойынша 2020-2021 жылдарға қандай жұмыстар жоспарланған ?

Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 900 млн.теңге (ЖҚЖК шеңберінде республикалық бюджеттен 500 млн. теңге, облыстық бюджеттен 100 млн.теңге, қалалық бюджеттен 300 млн. теңге) қаражат бөлінді. Шартқа сәйкес жобаның жалпы сметалық құны 1 млрд.704 млн. теңге, оның ішінде: ҚМЖ – 1 млрд. 639 млн. теңге, техникалық қадағалау – 44,7 млн. теңге, авторлық қадағалау – 20,4 млн. теңге. Іске асыру кезеңі 2020-2021 жылдар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Орион ЛТД» ЖШС мердігерлік ұйымы 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 31/20 жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес жүргізді.

Бүгінде о рындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 22%-ды құрайды.Құрылыс алаңында келесі жұмыстар аяқталды: ағаштарды, бұталарды жұлу, өсімдік топырағын шығару, іргетас шұңқырын әзірлеу, электрмен жабдықтау кабельдерін тарту (600кВт) және науаларды монтаждау, іргетас қаңқасын орнату, тіреу қабырғасын құю, тіреу қабырғасының іргетасын қалау, тіреу қабырғасы мен сатысын монтаждау, 454 дана мөлшерінде ұңғыма қадаларды орнату, ішкі тіреу қабырғасының іргетасын қалау, аумақты тік жоспарлау, жылу желілерін орнату (30%), ғимарат іргетасының құрылысы (80%), арынды кәріз құрылғысы (80%), ғимарат іргетастарының құрылысы (40%). 2020 жылдың 15 қарашасына дейін КТП мен 15 желтоқсанға дейін 10000 кВт трансформатор орнатуға тапсырыс берілді.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша нысан құрылысына қанша адам жұмылдырылды?

–«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын іске асыру кезеңінде жұмыспен қамту орталығынан 29 адам жұмысқа қабылданды.

Мемлекетік сатып-алу конкурсы мен келісім шартқа байланысты сот процесі жүріп жатқанын білеміз. Сол жайында толығырақ айтсаңыз.

«Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі» ММ өтінімі бойынша 24.01.2020 жылы конкурс жарияланды. 12.03.2020 жылғы хаттамаға сәйкес «Орион ЛТД» ЖШС конкурс жеңімпазы, екінші орын алған «Астана Көктем-С» ЖШС әлеуетті жеткізуші болып анықталды. Осылайша, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 43-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес заңда көзделген мерзімде жалпы сомасы 1 638 582 674 теңге 41 тиын болатын жұмысты орындауға мердігер компания «Орион ЛТД» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Жоғарыда айтып өткенімдей, мердігер өзіне жүктелген міндеттерді күні бүгінге дейін белгіленген кесетеге сай жүргізді. «Астана Көктем-С» ЖШС талап арызымен өткен азаматтық іс бойынша Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 14 шілдедегі № 2-2291-20 шешімімен «Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі» ММ мен « Орион LTD» ЖШС арасында 24.04.2020 жылы жасалған №31/20 мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы тоқтап, келісім шарт бұзылды. Қазіргі таңда «Жезқазған қалалық құрылыс бөлімі» ММ Қазақстан Республикасының жоғарғы сотына кассациялық шағым жолдады.

Дайындаған Диана ОРАЗАЛИНА

14:34
354

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020