​«ӘКІМ САҒАТЫ» – ЖАҢА ФОРМАТТА

Сәрсенбінің сәтінде әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде өтетін "Әкім сағатының" бұл жолғы форматы өзгерді. Қала басшысы Қайрат Әбсаттаров қала тұрғындарынан түскен шағымдар бойынша үш нысанға барды. Сол жерден тікелей эфир арқылы жұртшылықтың сұрақтарына дауап берді. Әкім ат басын бұрған алғашқы нысан – Пушкин көшесіндегі су құбырларын ауыстырып жатқан орын. Аталған көшеде «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылдан бері ауыстырылып жатқан қалаішілік ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Жұмыстың барысы мен сапасын бақылауды мақсат тұтқан қала әкімі нысанға барысымен мердігер мен техникалық бақылаудың эксперті не «құбыр салу жұмыстары белгіленген талаптарға сай ма?» деген сұрақ қойды.

–3.4.85 құрылыс нормалары мен стандартының 61-тармағына сәйкес құбырды дәнекерлеуге рұқсат етілген ауа райы температурасы -10 градустан +40 градусқа дейін. Бүгін ауа райы – 19-20 градус суық.Тиісінше құбырларды дәнекерлеуге рұқсат жоқ. Бірақ, мердігер амалын тапты. Арнайы күрке орнатып, ондағы ауа температурасын жасанды жолмен жоғарлатып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін де мұндай тәжірибе қолданып келді. Ешқандай олқылықтар болмады, – деді техникалық бақылаудың эксперті Ербол Жамалбеков.

Күркенің ішіндегі температураны +38-ге жеткізген жұмыскерлер құбырларды бір-біріне жалғаған соң, 30 минут суытанын жеткізді. Пушкин көшесіндегі 700 метр құбыр осы әдіспен тартылады.

Тікелей эфир барысында қаладағы ауыз су құбырларының 72 пайызы тозғанын алға тартқан Қайрат Бектайұлы 2020 жылдың желтоқсанынан бастап 5,6 шағын аудан мен 63-66 орам тұрғындары тартылып жатқан жаңа ауыз су құбырының игілін көретінін жеткізді.

Әкім бастаған топ Расков көшесіндегі 6-үйді бетке алды. Бұл үйдің тұрғындары подъезде жарықтың жоқтығына шағымданған. «Казэнергоцентр» ЖШС үйлердің есептеуіш құрылғылары болмағандықтан жарық беруді тоқтатқан. Осы ретте, «Ақниет» ПИК төрағасы екі аптаның мұғдарында тұрғындармен кездесіп, олардың келісім алған соң подьезде жарық болады деп сендірді. Бұл оңайға соқпайтын сыңайлы. Өйткені, тұрғындардың талабы – әр подъезге жеке есептеуіш құрылғысы.

Бүгінде қала бойынша 59 тұрғын үйдің кіреберісі қараңғы. Бұл мәселені қала әкімі «Қазэнергоцентр» ЖШС басшылығына айдың соңына дейін шешуді тапсырды.

Жөндеуі ұзаққа созылған №4 көпірдегі құрылыс жұмыстары да тікелей эфир қатысушыларына таныстырылды. Бүгінде жоспарланған жұмысының 85 пайызы орындалған көпірдің ені ұлғайтылған. Жұмыстардың сапасына көңілі толған Қайрат Бектайұлы қала тұрғындарының өтініштері ескерусіз қалмайтынын айтты.

18:21
180

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020