​ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚТАР ЖЕЛТОҚСАНДА ГАЗ ЖАҒА АЛАДЫ

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Қызылордадан ел астанасына тартылған «Сарыарқа» магистарльді газ құбырының құрылысы аяқталып, аиалған магистральдың игілігін Жезқазған халқы да көретінін бұған дейін бірнеше мәрте жазған болатынбыз. Талап ауылы мен Пристанционный елді мекенінде әр үйге газ құбыры тартылып та қойды.

Жақында Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов  «Ortalyq Qazaqstan» газетіне желтоқсан айында Теміртау мен Жезқазғанға газ берілетінін хабарлады.

-Алаңдауға негіз жоқ, газ беру кесте бойынша жүзеге асуда, тек қана Қарағанды қаласында іркіліс бар. Теміртау мен Жезқазған қаласына табиғи газ желтоқсан айында беріледі. Теміртау тұрғын үйлерін газдандыру 8 тарату кешенін салумен жүзеге асады. Жобаның жалпы құны – 10,7 млрд. теңге. Металлургтер қаласына 4 498 үйге газ тарту жоспарланса, Жезқазғанды газдандыруға 14,3 млрд. теңге қарастырылды, 5 тарату кешені салынып, 4562 үйге газ жететін болады, – дейді басқарма басшысы.

Бұған дейін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жезқазғанға газ беру мәселесіне тоқталған болатын.

– 2021 жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда екінші тарату кешендерінің құрылысы басталады. Көгілдір отын 3 872 жеке тұрғын үйге қосылады. Сонымен қатар, қаржылық қолдаудың көмегімен Жаңаарқа, Осакаров аудандарында, Саран және Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау желілерін салу басталады, – деген еді облыс әкімі.

Тағы бір айта кетерлігі, газдандыру аймақ экологиясын жақсартуға да септігін тигізеді. Өйткені, «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыстың» кейбір кәсіпорындарын газға көшіру де жоспарлануда.

– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму біздің өңір үшін, әсіресе Теміртау, Балқаш және Жезқазғанда өткір тақырып болып табылады, Елбасының тапсырмасы бойынша экология министрлігімен бірлесіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар 50%-ға азайтылуы тиіс, – деді облыс әкімі аталған брифингіде.

18:23
553

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020