​ТАРИХИ КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫНА ЖҮЗ ЖҰМЫСКЕР ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 1 329 120,414 теңгеге іргетасы қаланған Жошы хан тарихи-мәдени орталығының құрылысына жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жүз жезқазғандық тартылды. Олардың 19-ы – бетоншы, 29-ы – тас қалаушы, 8-і – сырлаушы, 20-ы – монтаждаушы,10-ы – ағаш ұстасы, 5-уі – электрик, 3-уі – кафель салушы. Жұмыскерлердің орташа жалақы көлемі – 140-150 мың теңге.

Бүгінде Жезқазған-Ұлытау аймағының туристік әлеуетін арттырады деп жоспарланған кешеннің құрылыс жұмыстарының орындалысы – бекітілген кестеден ілгері. Мердігер «Самға» ЖШС жұмыскерлері болашақ нысан іргетасының астына қиыршықтас төсеп, ғимараттың төменгі арматуралық бөлігін бетондаған, сонымен қатар, жертөле қабырғаларын гидрооқшаулау, ғимараттың іргетасын, баспалдағын монтаждау, монолитті бағандар құю, жертөле үй-жайларының ішіндегі топырақты нығыздау, жертөле қабырғаларын жылыту сынды шаруаларды атқарып, еден тартқыштарын орнатып үлгерді. Су құбыры желілерінің траншеясы қазылып, ұзындығы 1700 метр су құбыры желісі тартылып, есептеу құралы мен ысырма да орнатылды. Қазіргі таңда болашақ кешен сумен толық қамтамасыз етілген. Жарықтандыру жұмыстары да өз деңгейінде орындалған. Тікұшақ алаңы жасалып, Жошы хан ескерткішінің тұғыры гранитпен қапталды.

Жоспарланған құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталғанын алға тартқан жобаға тапсырыс беруші «Жезқазған қаласы құрылыс бөлімі» ММ мамандары бүгінгі күні ішкі әрлеу жұмыстарымен қатар шатырлау, сыртқы жарықтандыру мен абаттандыру, трансформатор стансасын қою бойынша монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, жобаға сәйкес Жошы Хан тарихи-мәдени кешенінде экспозициялар мен демонстрацияларға арналған залдар, басты кіру үй-жайы (негізгі кіру тамбуры және кешеннің аулалық бөлігіне өту жолы, қызметтік, күзет үй-жайы), оң жақ қанатында намазхана, буфет пен шайхана, ерлер мен әйелдерге арналған санитарлық тораптар, персоналдың тұруына арналған бөлмелер мен шаруашылық заттар қоймасы, жылытылатын галерея, ашық аспан астында демалу ротондасы бар галерея болады. Сонымен қатар, кешеннің сол жақ қанатында туристердің демалуына арналған 20 адамдық он бөлме және шаруашылық мақсаттағы техникалық, қосалқы үй-жайлар мен галериялар орналастырылады.

2020 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілетін Жошы хан тарихи-мәдени орталығының құрылысы алаңында барлығы 115 жұмыскер еңбек етіп жатыр. Құрылысқа қажетті қиыршық тас, балласт, еден плиталар мен кірпіш сияқты материалдарды жеткізуде еш іркіліс жоқ.

Диана ОРАЗАЛИНА

18:32
1087

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020