БҮГІНГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІР және ЖАСТАР

«Жастар біздің болашағымыз» деген сөз өскелең ұрпақ өкілдерін арқадан қағып, алдарқатып айта салған сыдыртпа сөз емес, шындығы сол. Алдыңғы буын ақырын-ақырын жылжып кетеді, орнын жас буынның дарынды өкілдері басады. Ал тізгін ұстар жастардың қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, оны уақыт талаптарына сай жаңғыртып, жаңа сипатты басқару жүйесін қалыптастыруға олардың білім қуаты, жаңаша ойлау қабылеті, іскерлігі қажет екендігі түсінікті.

Біз ойымызды жастар және олар өмір сүріп отырған саяси-қоғамдық жүйенің өзара қарым-қатынасына қатысты айтып отырмыз. Бұл қарым-қатынасқа айрықша назар аудару маңызды әрі аса қажет мәселе екен. Қоғамдық ғылымда «саяси мәдениет» деген терминнің қолданысқа енуінің себепкері де осы жайт болған. Оның мәнісі түсінікті: жаңа заман жаңаша ойлауды қажет етеді; жан алысып, жан берісіп жатқан жаһандық бәсекеде ескіше ойлау кәдеге жарамайды; ал жаңаша ойлау, тың жобаларды өмірге әкелу жастардың ғана қолынан келеді, өйткені олар алғыр, жалынды, сенімді, батыл т.с.с. Демек, бұл — кез келген мемлекеттің саяси жүйесін құрушыларды, билік басындағыларды ойландырып келе жатқан, ойландыра беретін өзекті мәселе.

Жалпы қоғам, белгілі бір жүйе мен сол ортада өмір сүріп жатқан субъектінің (жеке адам) арасында шекара жоқ. Жасамыстың да, жастардың да сол орта ахуалына қатысы болатыны түсінікті. Бұдан мемлекеттік және қоғамдық психологиялық ұғым саналатын «саяси психология» және адам мен қоғамдық институттар арасындағы қарым-қатынастың белгісі деп бағаланатын «саяси таным» мәселелері шығатыны белгілі. «Саяси мәдениет» — осы ұғымдар шоғырының бір тармағы.

Әлем «дамыған мемлекет», «дамушы мемлекет» және «кедей мемлекет» деген жіктерге бөлініп, жалпы жаһандық жанталас басталып кеткелі қашан. Қазақстан сол бәсекелі жарыстың бел ортасында. Дамудың өркениетті сатысына қарай ұмтылған кез келген мемлекеттің алдында күтпеген өзекті мәселелердің туындап жататыны да бар. Осы мәселелердің шешудің барысында халық пен биліктің, аға буын мен жастардың, бай мен орта дәулеттілердің немесе әлеуетті әлеуметтік топтар мен кедей тұрмысқа құрсауланып қалғандардың арасында дау-шар, өкпе-реніш, ризашылықтың болмауы сияқты көзқарастар туындап жататынын көріп жүрміз.

Айрықша маңызды мәселе – жастар мен қазіргі саяси-қоғамдық жүйе арасындағы қарым-қатынас. Сондықтан жастардың саяси мәдениетін қалыптастырып, тәрбиелеу ерекше назар аударатын жайт болып қала бермек.

Қалаңыз, қаламаңыз, аға буынның өкшесін басып келе жатқан жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі басқару жүйесінің қайсыбір іркіс-тіркіс тұстарын түзеп, жаңа заман тынысына сай өзгертетін де осылар. Біздің өзімшілдігіміз бен өктемдігіміз жас буынның батылдығы мен жаңаруға ұмтылушылығын мойындамай жатады. Бұл — дамуы баяу елдің дерті. Академик, әйгілі математик А.Жұмаділдаевтың: «Қазір ақылды адамдар азайған жоқ, керісінше, ақылды жастарды ұғатын шалдар азайып кетті»,- деген сөзі көңілге қонады.

Жастар ақылды. Виртуалды өмір салтына бейім. Белсенділігі де күшті. Бәрі демей-ақ қояйық, көбісі білім мен ғылымның ғана ұшпаққа жеткізетінін түсінеді. Ал осы әлеуетті күшті жүйенің жаңғырып, кемелденуіне белсенді түрде қатыстырып, жаңа лептің мүмкіндіктерін пайдалана алып отырмыз ба? Сізді де ойландыратын — осы мәселе.

Шарапат деген ұғым бар. (Шапағат емес, рақым — Алладан, шапағат -Пайғамбардан екенін білесіз). Біз бұл жерде бір адамның екінші бір адамға жасаған қолқайыры, жақсылығы, қамқорлығы туралы емес, қоғамдық жүйенің адамға, әсіресе жастарға жасап отырған шарапаты туралы айтып отырмыз.

Алдымен жастар өмір сүріп отырған қоғамдық ортаның, мемлекеттік жүйенің, биліктің саяси құрылымының оларға деген шынайы мейірімі, шарапаты анық сезіліп тұруы керек дейміз. Жақында әлеуметтік желі парақшасынан (Facebook) мынандай бір оқиғаның болғандығын оқыдым.

Оңтүстік Кореяда болған оқиға. Мектеп бітіруші бала ұйықтап қалып, аса жауапты соңғы емтиханынан қалып қоятын қауіп туады. Емтиханның басталуына 20 минуттай уақыт қалыпты. Үйінен мектепке дейінгі аралық шамамен бес жақырымдай жер. Көлік кептелісі күшейіп тұратын таңертеңгі мезгіл. Қалай шырылдаса да емтиханға үлгермейді. Ақылды бала полицияға телефон шалып, көмек сұрайды. Өтінішті дереу қабылдаған полиция қызметкерлері оқушыны көліктеріне отырғызып алып, дабылды қосып, қалың кептеліс пен бағдаршамдардан тоқтаусыз өтіп, жан ұшырған баланы мектебіне дер уақытында жеткізеді. Оқушы бала емтиханға үлгереді.

Әлгі бала сол күнгі емтиханынан кешігіп қалса, өзінің өмірінің басқа арнаға түсіп кететінін сезген соң жанұшырып шырылдағаны түсінікті. Соңғы үміті полиция көмегі болды. Ол сенімі ақталды. Енді сол бала қысыл-таяң кезде қол ұшын беріп, көмекке келген мемлекеттік жүйесін жан-тәнімен сүйіп, оған адал қызмет етуден басқа жолды таңдауы мүмкін бе? Жоқ, саяси құрылым, саяси жүйе мен оның жас мүшесінің арасында сенім бекіді, серт байланды. Біз сөз етіп отырған жастардың саяси мәдениеті осындай ортада өз жемісін береді. Қоғам мен қоғам мүшелерінің арасындағы сенім – жастардың саяси мәдениетінің тамырланатын топырағы. Бұл жоқ жерде айтып жатқан уағыз-әңгімең, айқайлатып қойған ұраның, бедірейіп тұрған билбордтарың, біріне бірі ұқсаған іс-шараларың тақырға шаша салған дән сияқты. Берері шамалы. Айтағымыз мынау: жастардың саяси мәдениетін қалыптастырып, бекіту ісінде билік жүйесінің жас буын өкілдері алдында әлеуметтік, адами жауапкершілігі бар, жастар аға буын тарапынан болған сол шарапат-мейірімді сезінуі тиіс. Әрине, бұл пікірді ауызды қу шөппен сүртіп: «Бізде жастарға деген жанашырлық жоқ»,- деген оймен айтып отырған жоқпыз. Жастардың шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер туғызған «Болашақ» бағдарламасы, жер-жерде жастар ресурстық орталықтарының ашылуы, еріктілер қозғалысының өрістеуіне жағдай жасау, «Жастар жылы», «Еріктілер жылы» деп айрықша мән берулер, сөз жоқ, жастарға деген мемлекет деңгейіндегі қамқорлық. Алайда мына бір жайт ойландырады.

«Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастардың біразы неге Отанына оралмады? Жолын тапқандар неге шетелге кетіп жатыр? Түркиядан үй сатып алу неге үрдіске айналып барады? Алаңдарға жиналып, әлеуметтік жағдайына уәж айтушы топтың арасында неге жастар көп? Сауал жетерлік.

Мәселенің екінші жағы бар. Саяси-қоғамдық орта, мемлекеттік жүйе жастардың тарапынан қандай қозғаушы күш боларлықтай, жаңаша басқару жүйесін ұсынарлықтай жақсылық көріп отыр? Осы тұста жастарымыз ойлану керек.

Мектепте алған орта білімің мен жоғары оқу орнынан алған білімің, өзіңді өзің дамытып, біліміңді жетілдіру жолындағы ізденісің, қоғамды тану қуатың, әлемдік үдерісті бақылап, байыптап, таразыға сала алу қабілетің жетерлік пе? Технократиялық қоғам орнатуға атсалысар білім-ғылым қуатың ше? Мамандық таңдауда қателескен жоқсың ба? Қолыңда — диплом, құлшынып кірісер жұмыс таппай отырсың, неге? Мамандығың бойынша жұмысқа конкурс бойынша қабылданатын болып жатыр екенсің дейік, бәсекелесіңді еңсеріп кетер білімің бар ма? Бұл төңіректе де сауалдар көп. Жастардың саяси мәдениеті деген мәселенің жанды тұстары да осы сауалдар төңірегінде тұрса керек.

Біздің ойымызша, жастар әлемдік ғылымда өзіндік орны бар ғалым ағалары А.Жұмаділдаевтың мына бір сөзін де үнемі жадында ұстауы керек. «Тірі балық теңізде болады. Оны жегің келсе өзің қармақ сал, өзің аула. Неше түрлі дәмдеуіштерді қосып, тойғанша же. Ал өлі балықты, яғни консервіленген балықты кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Әлемдік өркениет біздің консервіленген балық болғанымызды қалайды»,- дейді көрген-білгені көп ғалым.

Баршамыздың пікіріміз біреу: саяси мәдениет дегеннің өзегі – еліңді сүю, еліңді көркейту. Ал елді сүю, елді көркейту дегеніңіз билікке бару, саясаткер болу ғана емес. Мысалы, әлемді дүрліктірген короновирусты электормагниттік өріс арқылы немесе күн сәулесінің толқындарын түрлі физикалық тәсілдермен бағыттау арқылы жою сияқты тәсілдерді қазақ жігіті ойлап тауып, әлемдік жаңалық ашып жатса, отанды сүю деген осы. «Ойбай, 5G антеннасы арқылы адамды қырып-жоятын хайуани әрекет жасалып жатыр»,- деп байбалам салдық. Ал осыған қарсы тұрарлық қондырғы неге ойлап таппасқа? Қазақтың ғалым қызы осындай қондырғы тауып, жаһанды жалт қаратса, елді сүю деген осы емес пе?

Артықтығы болмас, айта кетейік, қаламыздағы IT бағытында жұмыс істейтін фирмаларды, ЖШС-ді аралап шығыңызшы, сонан соң онда жұмыс істейтін қазақ жастарын санап шығыңыз. Осы шағын кәсіпорындардың нешеуі жергілікті ұлт өкілі саналатын жастарға тиесілі екенін де біле салыңыз. Біз ұлтқа бөлінейік деп отырған жоқпыз, ұрымтал тұс пен ұтылатын жерімізді бажайлап алайық деген ойымызды ортаға салдық. Жаңа технологиялар ғасырының шарты өзгеше және тым қатал екенін түсіндік. Алдымызда — АҚШ, Жапония, Қытай. Екпіндеп, ентелеп келе жатқан мемлекеттер қаншама. Шынымен, біз қай тұста жүрміз? Саяси жүйені де, жасампаз жастарды да осы ойландыруы керек.

«Саяси мәдениет» дегеніміз – термин. Оның ішкі мәні – Отанды сүю, елді олжалы күндеріне жеткізуге атсалысу. Ақыл айтып кетті демессіз, біздің ойымыз осындай.

Ғазиз Ештанаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

09:18
395

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020