​ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ НАҚТЫ ҚОЛДАУ

Мысты шаһар басшылығы жастарға қолдау танытудан аянып қалған темес. Соның бір дәлелі – «Ең үздік бизнес жоба» байқауы. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға биыл 26 жоба келіп түскен. Оның үшеуі ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталса төртеуі тігін, тағы үшеуі білім саласы бойынша әзірленген. Ал 4 жоба өндіріс саласын дамытуға арналса 3 жоба сән, 3 жоба кондитерлік, 2 жоба клининг орталығын ашудымақсат тұтқан. Фото-видео салонын ашу бойынша 2 жоба гүлзар ашуға 1 жоба және қызмет көрсету және шармен безендіру кеңсесін ашу саласы бойынша 1 жоба ұсынылды.

–26 жоба арасынан қазіргі таңда саса сұранысқа ие,тұрғындар үшін қажетті әрі тиімді саналатын 7 бизнес жобаны іріктеп алдық. Аталған жобаға қатысуға былтыр 15 өтініш келіп түссе, бүгінде олардың саны әлдеқайда артқан. Жаңашыл бастамаларға ие жастар қатары артқаны қуантпай қоймайды. Жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарымыз алдағы уақытта да қаламыздың өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп,биік белестерді бағындыра береріне сенемін. Қаламызды да,мемлекетіміздің де кемесін өрге тартар ол — жастар. Ендеше жезқазғандық жас кәсіпкерлер, қадамдарыңызға ақ жол тілеймін,–деген қала әкімі Қайрат Әбсаттаров жеңімпаздар есімін атады.

Облыс әкімдігінің 1000000 теңгелік грантын «Графикалық дизайн мектебі» жобасының авторы Айгерім Бапанова мен «8 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бағдарлау мектебі» жобасының авторы Темірлан Тілеукен жеңіп алды. Ал, қалалық конкурста үздік деп танылған «Cleaning Master» (кленинг мастер) клининг орталығын ашу» жобасының авторы Сұлушаш Еркенова мен «Magan kelmedі» (маған келмеді) комиссиялық дүкені жобасының авторы Жұлдызай Әлімжанова 500 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Ал 700 000 теңгелік сертификаттар «Экологиялық таза ағаштан жасалған эксклюзивті балалар жиһазын шығару» жобасының авторы Сымбат Садықов пен «Мансап және кәсіптік бағдар беру орталығы» жобасының авторы Арман Кенжебековке және «Бейнебаян түсіру қызметін дамыту» жобасының авторы ЖансаяТөлеутаеваға бұйырды. «Саумал орталығын ашу» жобасының иесі Жәния Бердіхановаға 1 000 000 теңгелік сертификат бұйырса,«Сандық бағдарламалық басқару арқылы пенопласт кесетін шеберхана ашу» жобасының авторы Әлімхан Рүстемов 1 400 000 теңгені жеңіп алды.

– Менің негізгі мамандығым — энергетик. 2015 жылы «Рүстемов» деп аталатын жеке кәсіпкерлік орталығымды ашқан болатынмын. Осылайша пенопласпен қаптау қызметін көрсетіп жүрдік. Бүгінгі таңда пенопласт құрылыс саласында өте қажетті материал. Ол сапалы әрі қолжетімді және экологиялық таза өнім. Жезқазған қаласы жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Ең үздік бизнес жоба»байқауының ұйымдастырылып жатқанын естіп,қатысуға бел будым. Осылайша жолым болып ең жоғары қаржылай қолдауға ие болдым. Бұл грантқа Ресейден пенопласт кесетін станок алмақпын,– дейді ол.

Білім саласы бойынша жүлдегерлердің бірі – Арман Кенжебеков.

–Халықаралық «Edtech» ұйымының зерттеуінше елімізде жұмыссыз жүргендердің 75 пайызы мамандықтарын өз қарым-қабілеттеріне қарап емес,ата-ананың қалауымен таңдағандар екен. Бүгінгі таңда жастар,соның ішінде,жоғары сынып оқушылары,мектеп бітіруші түлектер өмірлік таңдау саналатын мамандық мәселесінде жөн сілтейтін жолбасшы таппай сергелдеңге түсетіні жасырын емес. Соның бәрін ескере отырып,көптен бері қаламызға консультациялы-диагностикалық орталық қажетін ойлап жүрген едім. Көп ойлана келе,мен де бақ сынаймын деп шештім. Соған сай жобаны 900000 теңге көлеміне шақтай ұйымдастырдым. «Kasip» онлайн платформасының мүмкіндіктерін пайдалануда ойда бар. Мамандық таңдаудан резюме жазып жұмысқа орналасуға дейінгі қажетті көмектерді ұсынатын аталмыш орталық 3 жасты жұмыспен қамтитын болады,- деген Арман Қуандықұлы жас кәсіпкерлерге мол мүмкіндік тудырған қала басшылығына айрықша алғысын білдірді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:38
534

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020