​ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан санаулы жылдарда әлемдік аренада танымал мемлекетке айналып, өзіндік құрметке ие болды. Бұрынғы қоғамымызда бізге мүлдем жат нарықтық қатынастардың тұңғиық иірімдеріне түсу, небір алпауыт елдердің жаhандық үрдістегі ықпалының арасынан экономикалық дамудағы өз жолымызды тауып, береке-бірлігімізді сақтай білу Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудағы сындарлы кезеңде оңайға түспегені анық. Ел ішіндегі тыныштық пен бірлігімізді басты орынға қойған Тұңғыш Президентіміз ядролық қаруды таратпау, халықаралық деңгейдегі шиеленістер мен жанжалдарды келіссөздер арқылы реттеу және қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы форумдар құру сияқты әлем тарихында маңызды орын алатын тың бастамаларымен ерекше танылды. Сырт елдерге беделді, ұлтымыздың көшбасшы тұлғасына айналды. Біз бұл мақалада Елбасының еліміздің тұтастығы, қоғамымыздың тұрақты болуы және ұлттық ерекшеліктерімізді жаңғыртып, сақтай білу жолындағы өзекті бағдарламаларының өміршеңдігіне тоқталып өтуді мақсат тұттық.

Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылдардағы биік белестер мен нақты істерге жұмылдырған халыққа арнаған Жолдауларымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «Мәңгілік ел» жобасы аясында көптеген өзекті бағдарламалар өмірге келіп, даму жолымен алға ұмтылуымызға айрықша серпін берді. «Цифрлы Қазақстан», «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Нұрлы жол», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» және басқа да бағдарламалары білім мен ғылымды игеру, инновациялық жаңа жетістіктерге жету, елімізді кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына жетуге ұмтылдырып келеді. Қазақстанның жаhандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Мәселен, 2014 жылдан бастап іске асырыла бастаған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша еліміздің инфрақұрылымдары жаңартылуда. Өңірлерде қаншама жол салынды, тұрғын үйлер бой көтерді. Сондай-ақ, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың игіліктеріне де ел қол жеткізе бастады. Соның негізінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері жасалуда, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысы көтерілуде, кәсіпкерлікті дамытуға еркін жол ашылып, елді газбен қамтамасыз етуде жаңа жобалар қолға алынды. Осы жоба аясында қысқа мерзімде Қызылорда – Нұр-Сұлтан газ магистралі салынғанын жұртшылық жақсы біледі. Көгілдір отынның игілігін біздің облысымызбен қатар Жезқазған қаласының тұрғындары да көре бастады. Елімізді индустриаландыру, барлық салаларды цифрландыру бағытындағы жүзеге асып жатқан істер де ауқымды.

Ұлт көшбасшысының ұсынуымен ұлттық рухымызды жаңғырту бағытындағы ұлағатты бағдарламалардың өмірге келгенін айрықша атап айтуымыз керек. Мәселен, осыдан 16 жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылса, 2013 жылы өмірге келген «Халық – тарих толқынында» жобасы арқылы әлемнің ең таңдаулы архивтерінен төл тарихымызға қатысты деректерді жинап, зерттеуге қол жеткізілді. Осы орайда 2017 жылы бастау алған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы өте зор болды. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай… Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», — деп атап көрсетті бағдарламаның мәні туралы Н.Назарбаев. Бағдарлама аясында өткен алуан іс-шаралар барысында төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына одан әрі тереңдеп үңілуге көңіл бөлінді. Ұлттық сана-сезіміміздің көкжиегін кеңейтуге барынша мүмкіндік жасалды. Салт-дәстүрлерімізбен қатар, әдебиетіміздегі, музыкамыздағы ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні жан-жақты зерделеніп, рухани мәдениетімізде жаңаша бетбұрыстар жасалды. Жезқазғанның орталығындағы Шыңғыс хан заманында өмір сүрген қолбасшы, жырау Кетбұқа абыздың еңселі ескерткішінің бой көтеруіне осындай рухани серпілістің ықпал еткені сөзсіз. Қазір бұл жер тарих тереңіне бойлап, бабалар рухына тағзым жасайтын қастерлі орынға айналды. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Кейде біз салт-дәстүрлеріміз бен жоралғыларымызға, тілімізге қатысты түйткілдерді қозғағанда біреулерден көретініміз бар. Шынтуайтында, оларды дамытуға ешкім бөгет болып отырған жоқ. Енжарлық пен боссөзділікке салына беруден арылып, ортақ іске әркім үлесін қоса білуге ұмтылса бәрі орнына келер еді.

Рухани жаңғыру аясында «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы өмірімізге жол тартты. Әркімнің шыр етіп түскен топырағы, аунап-қунап өскен туған жері бар. Адам қай қиырға қанат қақса да туған жеріне деген ыстық сезім жүрек төрінде жүреді. Елбасы алға қойған бұл жоба туған жерге сүйіспеншіліктің арта түсуіне зор әсерін тигізді. Бүгінде жастардың көбі үлкен қалаларға ойысып, ауыл көбінесе қариялардың мекені болып қалды. Немесе іргесі сөгіліп, қаңырап қалған ауылдар да аз емес. Сана-сезімнің жаңғыруы атамекенге көзқарасты өзгертуге, жанашырлық пен қамқорлық жасауға үлкен қозғау салды. Бойларында патриоттық сезімі оянған кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі қызметте жүрген азаматтар туған жерлеріне атбасын бұрып, қолдан келген көмектерін көрсете бастады. Соның нәтижесінде көптеген ауылдарда спорт сарайлары, мәдениет ошақтары мен басқа да қажетті әлеуметтік игіліктер бой көтеріп, ел еңсесінің көтеріле түсуіне оң әсерін тигізуде. Мұндай бастамалар әлі де жалғасын тауып, жалпыұлттық патриоттық қозғалыстың өзегіне айналып отыр.

Ұлт көшбасшысы ұланғайыр даламыздың аса бай рухани тарихы бар екенін, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері бар екендігін алға тарта келіп, осынау рухани географиялық белдеудің біртұтас желісін жасауға тапсырма берді. «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», — деп атап көрсетті Елбасы. Міне, осы бағдарламадан бастау алған ұлағатты істер Ұлытау төрінде, Жезқазған жерінде де жалғасын тауып, үлкен жобалардың жүзеге асып отырғанын ел көріп отыр. Қасиетті орындардың картасы жасалды. Қасиетті Ұлытау өңірінің жаңаша түлеуіне, туризм орталығына айналуына жол ашылды. «Алтын орданың 750» жылдығы аясында биыл Жошыхан кесенесіне қайта жаңғырту жүргізіліп, үлкен тарихи кешеннің бой көтеруі де ел мерейін көтерер іс болып отыр.

Ал, Тұңғыш Президенттің осыдан екі жыл бұрын жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің тарихына деген тәуелсіз көзқарастың жаңа тұжырымдамасы ретінде бағаланды. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Онда ұлтымыздың ежелгі өркениеттегі алар орыны байыппен пайымдалып, баршамызға белгілі нәрселердің өзіне тереңдеп қарай білуді ұқтырады. Елбасы атап айтқандай, біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген түрлерінің пайда болған орыны, бастау бұлағы. Мысалға, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын бүгінде ешкім жоққа шығармайды. Көкше өңіріндегі Ботай қонысында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарында жылқыны тұңғыш рет қолға үйрету энеолит дәуірінде біздің жерімізде жүзеге асқаны дәлелденген. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалағаны белгілі. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі көшпенділер әлеміне тән ерекше белгі ретінде қалыптасқан. Оны ежелгі заманнан қалған тастағы мүсіндерден де көруге болады. Металл өндірудің амал-тәсілдері де Ұлы далада ежелден қалыптасқанын мақтанышпен айтуға болады. Көптеген өңірлерде оның белгілері сақталған. Басқа өңірлерді айтпағанда, Орталық Қазақстандағы Атасу қонысындағы, Жезқазған өңіріндегі ерте замандағы тау-кен ошақтары осыны айғақтайды. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» дала өркениетінің ертедегі мүмкіндігі мен эстетикалық деңгейін әйгілейтін ғажайып дүние. Еліміздің Еуразия құрлығының кіндігіне орналасуы ежелден керуен жолына қолайлы жағдай туғызған. Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастыратын сауда және мәдениет желісі ретінде Ұлы Жібек жолы да қазақ даласында қалыптасқаны, алма мен қызғалдақтың алғашқы отаны да біздің жерімізде болғаны осы тарихи-танымдық мақалада тамаша айтылады. Ежелгі «Жібек жолының» Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жаңғыруы ретінде Жезқазған-Бейнеу болат жолы арқылы Шығыстан Батысқа жүк тасымалының жолға қойылғанын қалайша айтпайсыз. Елбасы сонымен қатар тарихи сананы жаңғыртуға қатысты тағы жаңа міндеттер қатарында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялық музейін ашу, мыңжылдық музыкамызды дәріптеп таныту үшін «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттігін алға қойды. Қазақстанды күллі түркі халықтарының қара шаңырағы ретінде кеңінен танытып, насихаттау мақсатында «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын қолға алуды ұсынған болатын. Осы ауқымды шаралардың кейбіреуі там-тұмдап қолға алынғанымен әлі де толықтай жүзеге аса қойған жоқ. Негізінде, «Рухани жаңғыру» аясындағы «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық ерекшелігімізді әйгілейтін, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жалғасары анық.

Жалпы Елбасының қай бағдарламасын алып қарасаңыз да ел мәртебесі мен ұлт рухын асқақтатар ұтқыр пайымдар мен терең тұжырымдарға толы екенін көреміз. Ел дамуының басты міндеттері де жан-жақты қамтылып, өркендеудің өміршең жолдары нақты алға тартылады. Қай бағытта болмасын жүрер жолымызды, атқарар ісімізді тайға таңба басқандай айқындап берді. Ұлт көшбасшысының ұлағаты мен ұстынды жобалары бізге әлі де талай жылға азық болары сөзсіз. Мәңгілік елдің жарқын болашақтағы ұлы мұраттары да осы міндеттермен тығыз өзектес.

Амандық РАХҰЛЫ

08:24
1777

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020