КӨРКІ КІРГЕН КЕҢГІР

Осы апта Жезқазған қаласына қарасты ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Дүйсенбі күні Талап ауылының әкімі Ғабид Битенов ауыл тұрғындары алдында есеп берсе, кеңгірліктер ауыл әкімі Қанағат Жанпейісовтің жұмысы туралы есебін сәрсенбі күні тыңдады. Кеңгір ауылдық округі әкімінің халықпен кездесуіне Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев, әкім орныбасарлары мен мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты. 

Кеңгір ауылдық округінің әкімі Қанағат Жанпейісовтің есебін тыңдауға жиналғандардың да қарасы аз болмады. Ауыл ақсақалдары бастаған кеңгірліктерге Қанағат Байжанұлы 2019 жылы атқарған қызметі мен биылғы жоспарларын кеңінен түсіндірді.

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауылдағы шаруа қожалықтары түрлі мемлекеттік бағдараламалар мен қолдау шараларынан тыс қалған емес. «Игілік», «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламалары аясында әкімшілік-аумақтық тұрғыда Кеңгірге қарайтын Теректі, Қорғанбай ауылдары, Түйемойнақ стансасында тұратын шаруалар мал басын көбейту үшін жеңілдетілген несие алып келеді. Жезқазғанда тұрақты ұйымдастырылатын «Ауыл – береке» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысушылардың дені – осы Кеңгір ауылдық округының шаруалары.

Шаруа қожалықтары заман көшінен қалмай цифрландыру жұмыстарына да белсенді қатысуда. Қазіргі таңда барлық шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімдері Qoldau.kz цифрландыру сайтына енгізілген.

Әлеуметтік қолдау шаралары да заң шеңберінде білгіленген тәртіппен көрсетіліп келеді. Ауылдық округ аумағында тұратын 3 мыңнан астам адамның ішінде 330 зейнеткер болса, 74 тұрғын түрлі әлеуметтік жәрдемақы алады, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 25 адам.

Жарықтандыру жұмысын жолға қою мақсатында өткен жылы ауылдағы Сейфуллин, Пушкин, Школьная, Ұлытау, Молодежная, Сәтбаев, Мир көшелеріне «АСКУЭ» маркалы 13 есептегіш құралдары орнатылған. Бұл жұмысты 2 млн 326 мың теңгеге «Әсия-Строй» ЖШС атқарып шыққан.

Сондай-ақ, Кеңгір ауылы ішіндегі жарық желілері де З52373-2005 МЕМС-ына сай жаңартылған. Ауылдағы саябаққа 22, Әуезов көшесіне 18, Пушкин, Тимириязев, Ұлытау көшелеріне 12 жарық бағаны орнатылған.

Кеңгірге қарасты Қорғанбай ауылында 101 дана жарық шамдары диодты шамдармен алмастырылған.

Былтыр өңірлерді дамыту жөніндегі бағдарламамен Кеңгір селосының ішіндегі жолдар жөнделген. Бюджеттен 2 млн 400 мың теңге қарастырылып, 359 шаршы метр жол жамалыпты.

Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен Әуезов көшесі мен Тимириязев көшесінің бір бөлігі толық асфальтталған.

Кеңгір ауылында мектепке дейінгі жастағы 300 бала бар. Оның ішінде 2-3 жас аралығындағы 20 бала «Айгөлек», 3 жастан жоғары 20 бала «Балапан» шағын орталығына барады. Мектепалды даярлық сыныптарында 36 бала қамтылған.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мектеп пен шағын орталыққа жұмыс істеуге келген екі маманға ауылдан үй алу үшін төмен пайызбен несие берілген.

Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін қалалық емхана филиалы жұмыс істейді. Теректі, Қорғанбай ауылдары мен Түеймойнақ стансасында фельдшерлік-акушерлік пунктер бар. Барлық тұрғын емхананың тіркеуіне алынып, тиісті ем-дом, екпе ала алады.

Ауылда мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар жоспарға сай өтіп тұрады. ауыл балалары түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады.

Ауыл тұрғындары «Электронды Үкімет» порталының игілігін толық пайдалануы үшін әкімдік ғимаратынан қызмет алу бұрышы ұйымдастырылған.

Ауыл әкімі биыл қолға алынатын жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі жолдарды ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, футбол алаңы жөнделіп, саябақ ішінен спорттық-сауықтыру аумағы жасалмақ. Футбол алаңын жөндеуге 1 млн 472 мың теңге, саябақ ішінен спорттық-сауықтыру аумағын дайындауға 2 млн 700 мың теңге қаражат қарастырылған.

Әкімнің есептік баяндамасы тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді. Кездесуге қатысып отырған Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков осы ретте ауылдағы аяқсыз қалған кәріз жүйесінің мәселесін көтерді. Депутат кезінде қыруар қаржы бөлінген жоба аяқсыз қалғанына қынжылыс білдіріп, бұл мәселе облыстық мәслихатта бірнеше рет көтерілгенін, жұмысты аяқтау үшін ауыл әкімі де өз тарапынан бастама жасауы керегін жеткізді.

Ауыл әкімінің айтуынша кезінде Қарағанды облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен басталған бұл жоба аяқсыз қалған. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы сот дауы жақында аяқталған. Қала басшысы Қайрат Бегімов бұл шаруаны облысқа сеніп отырмай, ауыл, қала деңгейінде шешу жолын қарастыруға болатынын айтты. Атап айтқанда, кәріз жүйесінің ендігі қалған жұмысының сметасын әзірлеп, алдағы бюджетті нақтылауға дейін ұсыныс енгізуді тапсырды.

Кездесуде сонымен бірге, тұрғындар тарапынан жаяу жүргіншілер жолын қалыпқа келтіру, көшелерге жол белгілерін қою, Теректі ауылындағы 20 шақты үйдің айналасын жарықтандыру, монша салу, балалар алаңдарын орнату сынды мәселелер көтерілді. Ауыл әкімі бұл мәселелердің бірқатары жоспарланып отырғанын, жоспарда жоғын ббюджет мүмкіндіктеріне сай шешетінін айтты. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы мүмкіндіктері де барынша қарастырылатынын алға тартты.

Қос ауылдың тұрғындары әкімдерінің жұмысына қанағаттанатындарын айтып, жоспарланған шаруаларға қажет қаражат уақытылы бөлініп тұрса деген тілектерін жеткізді. 

13:11
848

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020