​ХАЛҚЫНА ҚАМҚОР ЕЛБАСЫ

Орталық Азия төрінде алғаш болып бейбітшілік пен өзара түсіністіктің берік қамалына айналған егеменді еліміз бүгінде барша әлем елдеріне тұрақтылық пен татулықтың үлгісін көрсетіп отыр. Небәрі ширек ғасырдың ішінде еліміздің іргесі бекіп, шекарасы айқындалып, шын мәніндегі әлем таныған бейбіт ел атанып үлгерді. Бұл берік қамал өздігінен орнай салған жоқ. Қоғамдық күш әулетінің, жекелеген адамдардың ерлік қуатымен жасалып отырғанын көзбен көріп отырмыз. Бұл тарихи өзгерістің жолында тер төгіп, қызмет етіп, бастаушы, атқарушы болып жүрген азаматтар көп. Солардың көшбасшысы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек лайықты да әділ баға болар еді.

Бүгінде егеменді ел атанып, көрші және әлемдегі үлкенді-кішілі мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатылды. Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келешекті болжай білетін айқын саясатының арқасында Қазақстан қоғамы алға қойған барлық мақсат-мүдделеріне қол жеткізіп, биік межелерден көрініп отыр.

Ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың, Елбасының көрегендігінің арқасында Қазақстан өркендеп, дамып келеді. Билік тізгінін алған күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы халқын бір атаның баласындай татулық пен түсіністікке, тыныштық пен тұрақтылыққа ұйытты. Еуразияның жүрегіне айналған көрікті Астананы тұрғызды. Оның бастамасымен ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде сан ұлт өкілдерінің құтты мекеніне айналған еңселі ел, іргелі мемлекет атануымызда қоғамдық келісімді нығайтуды, бірлікті сақтауды мақсат тұтқан Ассамблеяны құру идеясының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық.

Бүгінгі күні еліміз өзінің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағдарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Осы егеменді мемлекеттің бір бөлшегі ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін.

Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, қандай да бір қиын кезеңдердің өзінде де халықтың әлеуметтік мүддесін жақсартуды назардан тыс қалдырып көрген емес. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына ұшырап, әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттік қаржыны азайтып, кей жағдайда еңбекақыларын төмендетіп, тіпті, азаматтары жаппай жұмыссыз қалып жатқанда да, біздің ел жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақылары жыл сайын өсу үстінде болды. Бұл, бір жағынан, еліміздің ұдайы даму үстінде екенін білдіреді. Және Елбасымыз үшін халықтың әлеуметтік жағдайы айнадай анық екенін аңғартады. Елбасының халықтың жағдайымен санасып, әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін жасаған маңызды шешімдерінің нәтижесінде халқымыздың жағдайы көтеріліп, әл-ауқаты артып отырғанын қалайша жасырамыз?! Алысқа құлаш сермеп, көз жүгіртпей-ақ 2018 жылдың 5 наурызында халыққа жеткен бес әлеуметтік бастамсы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халқынадеген ерекше қамқорлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі.

Бес әлеуметтік бастаманың бірінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері жария етілді. Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Демографиялық ахуалымыздың жақсаруы әлеуметтік мәселелердің жеделдете шешілуін қажет етеді. Жыл сайын үйленіп жатқан жастарымыздың қатары толығуда. Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан жастар легі де жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй ипотекасына қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады. Еліміздегі баспанаға мұқтаж әрбір адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалауға болады.

Елбасының жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтудың да халқымыз үшін пайдасы көп. Өйткені, түрлі экономикалық құрылымға байланысты Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшерінің де бір деңгейде еместігі жасырын емес. Мысалы, мұнай мен газ өндіретін аймақтағылардың айлық жалақыларын еліміздің басқа бір аймағындағы халықтың жалақысымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, жалақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұстау төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мақсатында жатақхана салу, ө зін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беру мен елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру басымдықтары да Елбасының қамқорлығын паш етіп тұр. Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасы айтылғанда сенінкіремеген көпшілік қазір көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Міне, істің адамы деген осы!

Тұңғыш Президентінің көрегендігі н мойындамағандар кемде-кем бүгін. Ол болашақты болжай отырып еліміздің 2030, 2050 жылдарға дейінгі даму старатегиясын қабылдап берді. Алдағы уақытта осы даму жоспарындағы жобалар да ақиқатқа айналары сөзсіз. Әлі де іске қосылар басқа бағдарламалардың да шарапатын сезінер күн жақын.

Отандастарын алға ұмтылдырып, жарқын болашаққа жол ашқан, халқына тәуелсіздіктің туын ұстатқан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Талай ғасыр ата-баба арманы болған тәуелсіздігімізге қан төгіссіз жету жолында барлық күш-жігерін аямаған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар халқымыз аса бақытты.
Жәукен БӘЙІШЕВ,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы

18:37
281

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020