​ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҢҒЫШ ЖАРЛЫҒЫ

1991- дің 16-желтоқсанында Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заң қабылданды. Біз әлемге өзіміздің дербес мемлекет екенімізді жарияладық. Келесі жылы Құдай қаласа Тәуелсіздік Туы желбірегеніне 30 жыл толады.

Бұл кезде Кеңес Одағының күнінің біткеніне еш күмән қалмаған еді. Өйткені, соның алдында ғана Ресей, Украина, Беларусь басшылары Беловежье орманында оңаша бас қосып, ақырында, Ельциннің АҚШ Президенті Дж. Бушқа (үлкеніне — авт.) «Советского Союза больше нет» деп, сүйіншілегені де тарихқа айналған еді. Бірақ, халық Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялайтын күнді күтіп жүрді. Сол күн қазаққа 16 желтоқсан болып жетті.

Ертесіне Алматыдағы қазіргі республика алаңында Тәуелсіздіктің жариялануына байланысты үлкен митинг болып өтті. Бұл теледидардан тікелей берілді. Түскі үзіліс кезінде телеарнаны қосып қалсам, митингтен репортаж беріп жатыр екен, өкінішке орай, басталып кетіпті. Митингде Олжас Сүлейменовтің, Мұхтар Шахановтың, Серік Әбдірахмановтың сөз сөйлегендерін көрдім. Олжекең сөзінде «Түнгі сағат екіде маған Түркияның елшісі телефон шалып, Тәуелсіздігімізбен құттықтады. Түркия біздің Тәуелсіздікті бірінші болып мойындады» дегені есімде. Бұл туралы неге жазып отырмын. Өйткені...

Сол кезде Алматы қаласын Заманбек Нұрқаділов басқаратын. Ол кісі митингтің ұйымдастырушысы әрі басқарушысы болғаны белгілі. Бұл туралы өзінің ақырғы сұхбаттарының бірінде нақтырақ айтып та берген екен. Мұны мен ол өмірден өткесін жекеменшік газеттердің бірінде, атын ұмытып қалыппын, жарияланған «Заманбек Нұрқаділовтің соңғы сұхбатынан» оқыған едім. Бұл сұхбатында Зәкең саясатқа еш қатыссыз дүниелерді қозғаған. Мысалы, Алматыда прописка тәртібін қалай жойғанын, Роза Бағлановаға қалай "өтірік" машина сыйлағанын, т.т.жәйттерді сөз еткен. Соның бірі халқымыздың айтулы перзенті, дара композитор Шәмші Қалдаяқовқа Халық әртісі атағын алып беруге қандай ықпалы тигенін де айтады. Зәкеңнің сөзімен айтқанда, бұл былай болған екен.

— Он алтысында кештетіп Тәуелсіздік жариялаған соң, ертесіне қаланың басты алаңында үлкен митинг жасауды ойластырдық. Бұл ойымды Нұрекең де құптады. Халық тез құлақтанып үлгерген екен, алаң халыққа лық толды. Митингті өзім қысқаша сөз сөйлеп аштым, содан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз бердім, -деп еске алады Зәкең сол күнді әлгі сұхбатында. Одан соң Олжастың, Мұхтардың және тағы басқалардың сөз сөйлегендерін айта келіп: — Митинг аяқталуға жақында ешкім күтпеген бір оқиға орын алды. Біз мінберде Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз қатар тұрғанбыз. Митинг аяқталуға жақындағанда арқа жағымыздан әлдебіреу екеумізді екі жаққа итеріп, ысырды да микрофонға жармасып, барылдаған даусымен «Алтын күн аспаны» деп әндете жөнелмесі бар ма? Әнге алаңға жиылған күллі халық қосылды, біз де қосылдық. Алаң әнмен тербеліп тұрды. Тәуелсіздіктің таңы атып жатқанда бұл деген жанымызды керемет толқытып жіберді. Ал, әлгі «тентек» кәдімгі Амантай қажы екен — деп, Зәкең сөзін бір түйіп тастайды.

Митинг бітіп, мінберден түсіп келе жатқанда Нұрекең Зәкеңе қарап: -Заманбек, рахмет! Тамаша ұйымдастырған екенсің.Қандай керемет болды. Әсіресе, митингті әдемі әнге ұластырып жібергенің тіпті тамаша болды — дейді. «Сол кезде Нұрекеңнің жүзіне қарап едім, шын риза болғаны сонша жүзі алаулап, жанып тұр екен» дейді Зәкең сұхбатында.

— Нұрсұлтан Әбішұлы, лебізіңізге рахмет! Ал, Сіз әлгі әннің кімдікі екенін білесіз бе?- деп сұраған Заманбекке «Мынау не деп тұр?» дегендей таңдана қараған Нұрекең «Е, неге білмейді екенмін? Білемін. Бұлд бәрімізге қадірлі Шәмші ағамыздың әні емес пе?» дейді ештеңе түсінбеген қалпында. «Ендешке, ол ағаңыз ауруханада, хәл үстінде жатыр» деген Заманбектің сөзіне «Мұны білмейді екем. Сонда менің тарапымнан қандай көмек керк?» деген Нұрекең де шын ықыласын сездіре, қолынан келетін көмегін аянып қалмайтынын аңғартады.

Сонда Зәкең: — Қазір Шәкеңнің өмірі алдымен Алланың, сосын дәрігерлердің қолында. Сіз бұ жағынан о кісіге көмектесе алмайсыз — деп, сөзіне сәл үзіліс жасайды. Оның не айтпақ ойы барын түсінбеген Нұрекең: — Енді сен анығын, ашығын айтсай. Мен қандай көмек берейін? — деп ашық сөзге шақырғанын байқаған Зәкең де төтесінен кетіп: — Сіз Шәмшіге Қазақстанның Халық әртісі атағын неге бермей жүрсіз? — деген қарсы сұрақ қояды.Президент бұд сөзге қатты таңданыс білдіріп: — Заманбек, мұндай атақ берудің өзінің жолдары бар емес пе? Өзің неғып осы уақытқа шейін маған ұсыныс түсірмей жүрсің?- деп қарсы сұрақ қояды.

-Ұсыныс бермегені қалай? Жарты жылдан асып кетті ғой менің тиісті қағаздарын реттеп Сіздің атыңызға жолдағаныма — деген Заманбектің сөзінің соңына шейін тыңдар — тыңдамастан Нұрекең оның өзіне тағы да "Қай бөлімге тапсырдың? Кімге тапсырдың?" деп бірінен соң бірі сұрақтарды жаудыра түседі.

«Сәтін салғанда, мен қағаздарды тапсырып, хабарласқан сайын „кейін, кейін“ деп жүрген көмекшісі Президент екеуміздің қасымызда келе жатыр еді, „Оны мына көмекшіңізден сұраңыз“ деп едім, „Бұл не әңгіме? Құжаттар маған неғып жетпей жатыр?“ де еді, әлгі көмекші „Нұрсұлтан Әбішұлы, Заманбек Қалабайұлы құжаттарды әкелгелі жарты жылдан асты. Бірақ, өзіңіз мынау Одақ біржақты болғанша атақ, сыйлық туралы ұсыныстарды тоқтат тұр“ деп тапсырған соң, өзімде ұстап жүр едім» деп түсіндірмек болды. «Сен ондай сөзді қой. Шәмшінің жөні бөлек. Оған анау Әсет ағаларыңды да қосыңдар. Екеуінің де құжаттары ертең менің қолыма тиетін болсын» деп көмекшісіне менің көзімше тапсырма берді" деген Зәкеңнің сұхбатын оқығанда тақ үстінде жүрген тұлғаны кейде айналасы аласартып жібереді -ау деп те ойланып қалады екенсің.

Бұл оқиға желтоқсанның 17 — сі күні болған. Ал, 1991 жылғы желтоқсанның 20-сында Президенттің Әсет Бейсеуов пен шәмші Қалдаяқовқа Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағын беру туралы Жарлығы шығады. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан тарихында қабылдаған тұңғыш Жарлығы болатын.

Ал, арада небәрі алпыс күн өткенде, 1992 жылғы 29 ақпанда Шәкең дүниеден өтті. Егер бұл ұсыныс елдің сөзін жерде қалдырмайтын ердің құлағына ертерек жеткенде әлде қайтер еді? Әйтеуір, көзінің тірісінде ресми түрде мойындалғанын көріп кеткені де көңілге — медеу.

Абдолла ДАСТАНОВ

19:21
1122

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020