​ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА, САПАЛЫ ТАУАР

Бүгінгі таңда 160 адамды жұмыспен қамтып отырған «ULY DALA» гипермаркеті аймақ тұрғындарының игілігіне қызмет етіп тұрғаны рас. Енді аталған азық-түлік желісінің минимаркеттері Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында тұрақты жұмыс істейтін болады.

Бүгінде Сәтбаев қаласында белгіленген он минимаркеттің сегізі жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай біздің қаламызда да «ULY DALA» минимаркеттері желісінің алғашқысы іске қосылды. Абай көшесіндегі минимаркеттің ашылу салтанатына Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров та қатысты.

– Осындай елулі күнде біздің де қаламызда «ULY DALA» минимаркеттерінің ашылып жатқаны – тұрғындар үшін зор қуаныш. Бүгінгідей шараға ұйытқы болып отырған қаламыздың мақтанышы, көпке үлгі кәсіпкер Сәуле Шәуенова ханымға алғысымды білдерімін. Минимаркет жұмысымен танысып шықтым. Өзге азық-түлік сауда орындарына қарағанда бағаның төмендігі байқалады. Аталған баға тұрақтылығы алдағы уақыттарда да ауытқымауын, өзгермеуін қалар едім. Азық-түлік бағасының шарықтауына жол берілмейді деген үмітім бар. Көптеген сауда желілерінде кездесе бермейтін заманауи технологиялармен жабдықталғанынан хабардар болдым. Минимаркеттің сыртқы көрінісі де бірден көзге түседі. Дегенмен, алдағы уақытта минимаркет ғимараттары аулаларының абаттандырылуына көңіл бөлсеңіздер екен деген тілегім бар, – деген Қайрат Бектайұлы минимаркет жұмысына сәттілік тіледі.

Әрқашан тұрғындар жағдайы мен талабын ескеретіндіктерін айтқан Сәуле Шәуенова да минимаркеттің ашылуына жиналған барша қонақтарға алғысын білдірді.

1 желтоқсан күні Жезқазған қаласында Абай және Пушкин көшелерінде «ULY DALA» минимаркеттерінің үш желісі қолданысқа берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында Алашахан даңғылы, 7, Анарқұлов көшесі, 9, Әуезов көшесі, 56 және Мир даңғылы, 45/47, Гагарин көшесі, 36 мекенжайларында тағы 5 минимаркет желісі іске қосылмақ.

2021 жылы Медициналық орталық маңы мен Жеңіс көшесі, 11 мекенжайында да тұтынушыларға жаңа минимаркеттер қызмет көрсететін болады. Барлық минимаркет желілері толық ашылысымен 114 тұрғын жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Аймақ бойынша ашылатын барлық «ULY DALA» минимаркеттеріне «Kazakhmys Holding» тарапынан 1 млрд 226 млн теңге, «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы 306 млн теңге қаржы бөлінген.

Таңғы сағат 8-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін сауда орнында қала азаматтарына қажетті барлық азық-түлік өнімдері, ет, сүт тағамдары жартылай фабрикатты өнімдер мен дайын тағамдар, кондитерлік өнімдер кездеседі. Бастысы – минимаркет көбіне отандық өнімдерді саудалайды. Олардың ішінде өз аймағымыздағы «Ұлытау нан», «Сүт жағасы», «Сәтбаев минералды және жемісті сулары» «Ақ баян», «ПлемПтицеторг» ЖШС мен «Ахмиров», «Устай», «Рейслер» жеке кәсіпкерліктерінің өнімдері бар.

Минимаркетке келген халықтың қарасы қалың. Аталған азық-түлік маркеті туралы тұрғындар пікірін сұрағанды жөн көрдік.

– Көріп тұрғандарыңыздай себетімді жеміс-жидекке толтырып жүрмін. Жасы үлкен адаммын. Маған осындай дәруменге құнарлы тағамдарды жиі тұтыну керек. Көбіне, осы маңайдағы бір-екі ғана азық-түлік дүкеніне баратынмын. Оларға қарағанда бұл жерде баға арзанырақ екен. Азық-түлік бағасы күн санап шарықтап барады. Бұл, әрине, бірінші кезекте қарапайым халықтың қалтасына ауырлық салады. Алдағы уақытта да осы бағалар сақталса, мен осынау «ULY DALA» минимаркетінің тұрақты тұтынушысына айналарым сөзсіз, – дейді минимаркетке келген Тұрар Жұмабекова есімді қала тұрғыны.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:33
534

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020