АПАТТЫ ҮЙЛЕР МӘСЕЛЕСІ – НАЗАРДА

2009-2020 жылдар аралығында жүргізілген техникалық зерттеулер нәтижесінде Жезқазған қаласында көп пәтерлі 26 тұрғын үй апатты деп танылды. Оның ішінде 9 тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етсе, 17-і сүріп тастауды қажет етеді.

Осы ретте Жезқазған қаласы әкімдігі 2020-2025 жылдар аралығында 6 жыл ішінде 148 апатты және ескі үйдің тұрғындарын көшіру бағдарламасын әзірледі. Бұл тізімге енген үйлер қаланың ескі бөлігінде, яғни Абай, Байқоңыров, Пугачев және т.б көшелерде орналасқан. Бағдарламаға сай тұрғындарға өтемақы беру үшін барлығы 6,4 млрд теңге қажет.

Аталған 68 пәтері бар 9 үйдің тұрғындары көшіріліп жатыр. Оларға жылжымайтын мүлігі үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу қарастырылған. Қазіргі таңда 50 пәтердің иесі жалпы сомасы 227,1 миллион теңге өтемақы төлеу үшін құжат тапсырды.

Қаланың бас жоспары сәйкес алдағы жылдары көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланған. 2021 жылы Шевченко көшесіндегі № 9,13 үйлердің орнында жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қала әкімдігі, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және құрылыс компания арасында ескі және апатты тұрғын үйлерді бұзу жөнінде ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қояды.

Мир даңғылы, 1 (Абай, 38) мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының өтініші бойынша үйге техникалық тексеру жүргізілді. Бұған дейін аталған үйдің тұрғындары қабырғада жарықтардың пайда болғаны туралы хабарлаған еді. Тұрғын үйді техникалық тексеруден өткізген аккредиттелген сараптама ұйымы үй конструкцияларын күшейту қажеттілігі туралы қорытынды берді. Бүгінде тұрғындар үшін еш қауіп жоқ.

Қазіргі таңда тұрғын үй конструкцияларын күшейтуге бағытталған жобаны әзірлеу мәселесі шешіліп жатыр.

Алиса САҒЫМБАЕВА,

«Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысы

09:35
208

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020