ФОРУМ БЕЛСЕНДІ ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚТАРДЫ АНЫҚТАДЫ

Жыл сайын қоғамның әр түрлі саласында оқ бойы озып шығып, мысты шаһардың дамуына өз үлестерін қосып жүрген жезқазғандық жастарға арналған «Мен жас қазақстандықпын» атты жастар форумы биыл да жалғасын тапты.

– «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деп Мағжан ақын сипаттаған жалынды қазақ жастары біздің қаламызда да жетерлік. Былтыр бұл форум республиканың әр түпкіріндегі аты көпке мәлім аймақ жастырының қатысуымен жоғары деңгейде өткізілген болатын. Биылғы карантин біраз жайтқа шектеу болды. Дегенмен, жастарды қолдау – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі болып қала бермек. Жыл сайын жастарға берілетін қаржылай сыйлық көлемі де артып келеді. Мен бүгінгі үздік деп танылған аталым иелерін шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін. Бағындырар белестеріңіз арта бергей! – деді шараны ашқан Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова.

Аталған шарада «Жылдың жас дарыны» номинациясын Абылай Садық иеленсе, «Жылдың жас ғалымы» Рауғаш Нұрмағанбетова атанды. Ал «Жылдың үздік блогері» номинациясы Әлібек Қаратаевқа, «Жылдың үздік жас спортшысы» Мадияр Отарға, «Жылдың үздік ауыл жасы» Айгерім Батыршайға бұйырды.

Ал «Жігерлі жас» номинациясын Әділ Естаев, ал «Ел үмітін» Диас Әбдіғазиев иеленсе, «Үздік жас маман» Әділбек Түсіпәлі, «Үздік құтқарушы» Бекболат Мейрам, «Жыл ақыны» Ботакөз Мұхиден, «Жыл көшбасшысы» Аружан Төлеубек, «Жастар жанашыры» Қанатбек Зертүймеев атанды.

Биылғы пандемия уақытында күн-түн демей еңбек етіп, қала азаматтарына қол ұшын созған Жезқазған жоғары медициналық колледжі ұжымы мен студенттерінің еңбегі мақтауға тұрарлық. Соған орай, қазылар алқасы «Жылдың үздік оқу орны» номинациясын Жезқазған қалалық жоғарғы медициналық колледжіне беруді жөн көрген. Ал «Жыл мақтанышы» номинациясын Аяжан Сәменова, «Үздік жас ұстаз» Ақжан Шубаева, «Жылдың үздік шебері» Мереке Фазылова атанды.

Жыл сайын кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер саны да артып келеді. Соған сай биыл жүлдегерлер тізіміне «Жылдың іскер әйелі номинациясы қосылды. Бұл аталымның иесі Зарина Фазылова атанса, ең басты номинация саналатын «Жыл патриоты» номинациясын боксшы Нұрбол Сұлтанбай қанжығасына байлады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:38
424

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020