​ДЕПУТАТТАР ЖҰМЫС САПАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

VI шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті LIV сессиясына депутат Светлана Жумкина төрағалық етті. Сессия жұмысына Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, кәсіпорын мен мекеме басшылары қатыстырылды.

Күн тәртібіне шығарылған алғашқы екі мәселе бойынша Жезқазған қаласы экономика және қаржы бөлімі басшысы Виктория Ставицкая сөз алды. Ол қалалық мәслихат депутаттарының қарауына Жезқазған қаласының бюджетіне және 2016-2020 жылдарға арналған қаланың даму бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Одан кейін қалалық білім бөлімі басшысы міндетін атқарушы Гаухар Жақыпбекова жөндеу жұмыстары кестеге сай өтпеген мектеп пен балабақшалар турасында баяндама жасады.

–№5 «Тамаша» балабақшасы мен №21 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай орындалмады. Балабақша жөндеуі бойынша конкурс жыл басында, яғни 28 қаңтарда жарияланған. Оның нәтижесінде жеңімпаз атанған «Рокада Group» ЖШС-ны конкурстың екінші қатысушысы «Марал Құрылыс» компаниясы сотқа берген. Сот шешімі шыққан қыркүйек айында біз мердігер «Рокада Group» ЖШС 25 млн 512254,21 теңгеге келісім-шарт жасастық. Бүгінгі таңда мердігер жұмыстың 90 пайызын орындады. Жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімі – 05.12.2020 жыл.

№21 орта мектептің жөндеуі маусым мен тамыз айлары аралығында өтуі тиіс еді. Дегенмен, мердігер жөндеуді 58 күнге кешіктірді. Қалалық білім бөлімі мердігерден кешіктірілген күндер үшін 7 млн 536 871 теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы сотқа талап-арыз берді, – деген Гаухар Нәбиқызына мәслихат депутаттары кадр тапшылығын жоюға, сондай-ақ, Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің жанына автокөлік тұрағын жасау бойынша ұсыныс білдірді. 2021 жылдан бастап облыстық деңгейге өтетін білім бөлімі 2020-2021 жаңа оқу жылына дайын емес екі мектеппен аяқ басқанын сынға алған облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов білім бөліміне қалалық бюджеттен бөлінетін 6 млрд теңгеден астам қаржының мақсатты жұсалуын бақылауға жергілікті атқа мінерлер қатысу қажеттігін алға тартты. Құрылысы ұзаққа созылған 320 орындық балабақшаның да мәселесін көтерген депутаттарға Зина Жұманазарқызы жауап берді. Қала әкімінің орынбасары балабақша құрылысына тапсырыс беруші Қарағанды облысының құрылыс басқармасы нысанды бұрынғы мердігер «Тавис» ЖШС-дан қабылдап алғанын және құрылысты аяқтауға қосымша 52 млн теңге бөлінгенін хабарлады және жаңа мердігер «Қарағанды» ЖШС 2021 жылдың басында балабақшаны ел игілігіне береді деп сендірді.

Сессия отырысында «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағы беру ұсынысы да қаралды. Мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен осы атаққа Асқар Ермекбаев, Болатбек Есмұханов пен Ғазиз Ештанаев лайықты деп танылды. Сонымен бірге, олар Жезқазған қаласы мәслихатының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. VI шақырылған қалалық мәслихатының кезекті сессиясына Сергей Сурнин төрағалық ететін болды.

Диана ОРАЗАЛИНА

08:41
395

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020