​ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­ беделді халықаралық сарапшылар Қазақстан этникалық және діни қақ­тығыстар салдарынан ыдырап кетуі мүм­кін деген болжам жасағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Бұл пессимистік болжамдарға қарамастан Елбасының дара басшылығымен қасиетті қазақ жерінде ұлтаралық қақ­ты­ғыстар орын алмай, Қазақ­стан халқы біртұтас елге айналды. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына жинап қана қоймай, олардың құтты мекеніне айналған еліміздің даму жолында бүгінде 25 жылдық тарихы бар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі зор.

Тәуелсіздігін алған Қазақстан қоғамның алдында бірқатар маңызды мәселелер тұрды. Қазақ халқының болашағы сарапқа түскен сәтте Елбасы бар жауапкершілікті өзіне алып, полиэтносты қоғамды басқарудың оңтайлы мүмкіндіктерін іздестірді. Шетелдік тәжірибені және тарихи сабақ болатын жағдайларды есепке ала отырып, қазақстандық қоғамның жаңа болмысын үлгілеу жолдарын қарастырды. Жоғарыда аталған полиэтносты қоғамды басқару үлгілерінің ешқайсысы қазақстандық дамуға сәйкес келмейтіндігін бағамдап, ұлттық ерекшеліктерді басшылыққа алған өзіндік жол іздестірді.

1992 жылғы қоғамдық келісім мәселесін бірлесе талқылау дәстүрін қалыптастырған Қазақстан халықтарының форумында сөйлеген сөзінде Елбасы мынадай ұсыныс жасады: «Біз күнделікті әр адамның, әр халықтың және әр ұлттың даусын естиміз бе? Өкінішке орай, әрдайым олай емес.… Біз жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі және бірлігі Ассамблеясын құра аламыз. Ол жалпыхалықтық ұлтаралық келісімді бекіту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді». Нәтижесінде араға үш жыл салып, 1995 жылдың 1 наурызында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің әлемде аналогы жоқ қазақстандық үлгісі Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрылды.

Елдегі барлық этномәдени бірлестіктер қарқынды даму жолына түскен Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында ұлттық бірлікті нығайту жолында бірікті. Жыл сайын Ассамблея сессиясын өткізіп, қоғамдық келісім мәселесін билік пен азаматтық қоғамның бірлесе талқылау тәжірибесі дәстүрлі жалғасын тапты. Елбасының төрағалығымен өтетін сессияда этносаралық қатынастарды жетілдіру бойынша нақты мәселелер көтеріліп, нақты шешімдер қабылданып келеді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Ширек ғасырлық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Күні кеше ғана Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы, Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның Төр­ағасы Нұрсұл­тан Назарбаев «Бір шақырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында: « Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілдері. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіс­піз. Біз бірлік пен келісімнің қазақ­стандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді», – деп ұлттар бір­лігін нығайтуға бағытталған басымдықтарды анықтап берді. Біздегі ендігі мақсат елдегі бірлік пен қоғамдық келісімге сызат түсірмей, сақтап қалу.

Мемлекет басшысының сарабдал да салиқалы саясаты арқасында дүние жүзінде ешкімге ұқсамай­тын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшелік­тері­нен туындайтын уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделі қа­лыптасты. Бұл барша қазақстан­дық­тар­дың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, осы мемлекетке негіз болған ұлтымыздың дарқан мінезі мен парасатын күллі әлемге паш етті. Қазақ халқы өзінің ерек­ше қасиетінің арқасында елімізді ме­кен­деген этностардың басын қосып, мемлекет құраушы ұлт, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті. Қазіргі таңда елі міздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, мойындады. Әрі «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп әділ бағасын да берді.

Бүгінгі күні халық дипломатиясының күретамырына айналған Қазақстан халқы Ассам­блеясы – мемлекетіміздегі татулық пен ынты­мақтың, бірлік пен келісімнің киелі ордасы. Бұл – Елбасымыздың ұлтаралық мәселелерді шешуде көрегендігі мен даналығының көрінісі. Қазақстан халықтарының достықты ту етіп, бірлікті жыр еткен мызғымас татулығы мәңгілік жасай берсін!

Диана ОРАЗАЛИНА

08:54
363

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020