​«МЕМЛЕКЕТ БАР ЖАҒДАЙДЫ ЖАСАП ОТЫР»

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле». Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Нағима Тағыбергенова қаншама рет тәрбиешіліктен қол үздім дегеніммен жүрекпен байланған кәсіпті қиып кету әсте мүмкін емес екен дейді. Ол басшылық ететін «Ер Төстік» балабақшасы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың аймағымызға жасаған кезекті бір сапары қарсаңында жаңа кейіпке еніп, бүгінде ел игіліне қызмет етуде.

Нағима Қиынбайқызы, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу оңай емес. Осы жолды таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен – Сыр елінің тумасымын. Мектепті бітірген соң Жезқазған педагогикалық институтына оқуға тапсырдым. Өкінішке орай, мұнда оқуға трүсе алмадым. Сосын құжаттарымды бірден Жезқазған педагогикалық училищесіне апарып өткіздім. Бұл жерде мектепке дейінгі тәрбие ісі мамандығы бойынша білім алдым. Оқуымды бітірген соң жолдамамен № 32 «Балдырған» балабақшасына жұмысқа орналастым. Еңбек жолым сол қара шаңырақтан басталды. Міне, білім беру саласында жүргеніме қырық жылға таяу уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде Жезқазған қаласы білім бөлімі мен қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай тағайындалған «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» мерекелік медалімен, Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен және тағы да сан түрлі марапаттарға ие болдым. Бұл – менің мамандыққа адалдығымның жемісі деп білемін.

Екі қыздың анасымын. Әр декреттік демалысқа аттанған сайын «болды, асықпай демаламын» деп аттанатынмын. Бірақ, бір жыл ішінде қайта жұмысқа шығып кететінмін. Себебі, мен бұл кәсіпті жаныммен сүйдім. Сүйікті ісімен айналыспаса отыра алмайтын адамдар болады ғой. Міне, мен – сондаймын. Жұмысқа шыққан уақытымда екі қызымды да көршілерім қарап берді. Мен сену, сенім арту деген асыл қасиеттерді осы көршілерімнен үйрендім. «Жақсы көрші туыстан артық» еген рас екен. Қазіргі адамдар өзгенің баласы түгілі өз жақындарынікін де қажет етпейді. Ал жастар балаларын біреуге сеніп қалдыру дегеннен мүлде бейхабар. Көрші десе, ат-тондарын ала қашып, кірпідей жиырыла қалады. Не де болса, адамдардың ниеті де, сенімі де бұрынғыдай еместігіне қарап, көңілім түсіп қалатыны рас.

Бүгінде қаламыздағы алдыңғы қатардағы «Ер Төстік» балабақшасында меңгерушісіз. Өзіңіз басшылық ететін бүлдіршіндердің негізгі білім мен тәрбие мекені жайлы кеңірек айта өтсеңіз.

– Бұл жер алғашында «Болашақ» типтік балабақшасы ретінде құрылды. Кейіннен президенттік балабақша дәрежесін беру мақсатында қайта құрылымдаудан өткізілді. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен тәрбиешілер армандаған барлық жағдай жасалды. «Ер Төстік» құрылар алдында корпорация басшылығы тәрбиешілерден балаларға қарайтын маман ретінде нені армандайтындарын, қандай жағдай жасалу керектігін егжей-тегжейлі нақтылыап біліп алды. Соған сай, осындай еңселі ғимарат бой көтерді, іші заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталды. Бассейн салынды. «Ер Төстіктен» балаға қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған.

Балабақшаның жалпы сыйымдылығы – 285 орын. Қазіргі таңда 246 бала тәрбиеленуде. 2008 жылдан бастап инклюзивті білім беретін топтар ашылды. Қазір 4 инклюзивті топ бар. Сау балаларға қараудың өзі оңай емес. Оның ішінде ерекше балаларға күтім көрсету, оларды тамақтандырып, жуындыру, денсаулықтарына қатаң қадағлау жасай отырып, білім беру, қоғамдық іс-шараларға араластыру тіптен қиын іс. Әр ерекше бала екі бала болып есептелінеді. Өз балаларынан бөлек, әрбір үйдің еркесі мен серкесінің бабын тауып, жолбасшылық еткен тәрбиешілермен, ұжымдастарыммен қай кезде де мақтанамын.

– Қауіпті індет көп саланың қызметіне кедергі келтіргені мәлім. Соған байланысты бірнеше ай бойы балабақшалар жұмысына тыйым салынды. Бұл жұмысбасты, қарайтын адамдары жоқ ата-аналар үшін де, тәрбиешілер қауымына да, бастысы бала үшін де жеңіл болмады. Қазіргі жұмыс үдерісі қалай жүріп жатыр?

– Балабақшада кезекші сыныптар жұмыс істеуде. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталынады. Ата-аналар балаларын кезекші қызметкерлерге есік алдында табыстайды. Кешке сол есік алдынан алып қайтады. Вирус тасымалын болдырмау мақсатында ата-аналарды ішке кіргізбейміз. Кезекшілер балаларды тәрбиешілерге жеткізеді. Яғни, ата-ана мен тәрбиеші арасында тікелей қарым-қатынас болмайды. Осылайша тәрбиешілер балаларды қабылдап алып, міндетті істеріне кіріседі. Бір топта екі тәрбиеші мен бір тәрбиешінің көмекшісі бар. Кезекші сыныптарға келмейтін балалар да ұмыт қалмады. Олардың білім бағдарламасынан қалып қоймаулары үшін тәрбиешілер ата-аналармен әлеуметтік желілер, онлайн платформалар арқылы хабарласып, арнайы әзірленген видеосабақтарды салып отырады.

Балабақшада 87 қызметкер бар. Олардың ішінде қазақ тілі, орыс тілі, бейнелеу өнері, еңбекке баулу, денешынықтыру, музыка, хороеография, информатика, суда жүзу ісінің мұғалімдерімен қатар, білікті логопед, дефоктолог, психологтар бар. Қызметкерлеріміз белгіленген уақыттард сыйақы алып тұрады. Өткен жылдармен салыстырғанда қаржы үнемделуіне байланысты балабақша ұжымына бірнеше мәрте қаржылай қолдау көрсетілді. Мен өз тәрбиеленушілерімізді де, мамандарымызды да бәрінен жоғары қойып, олардың өмірлерінің жайлылығы үшін барыызды салуғ тырысамын.

Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Осы кезге дейінгі де, бұдан кейінгі де басты мақсатым – «Ер Төстік» балабақшасын одан әрі көркейтіп, өркендету. Ауламызда шағын бау-бақша бар. Осыған дейін балалар сол жерге өздері дән салып, картоп, сәбіз, қияр, қызанақ сынды көкөністер егетін. Шыққан өнімді тамаққа тұтынатын. Алдағы уақытта сол бақшаны кеңейтіп, экопарк жасағымыз келеді. Бұған қатысты жоба тиянақталу үстінде. Жауапты мекемелерден қолдау табарына сенім мол. «Тәлімгер» жобасы аясында педагогтердің блім және денсаулық сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар әзірленуде. Ұлттық қолөнер сыныбы жасақталмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да әр түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, аймақ балабақшаларымен де әріптестік байланыс орнатылып, өзара пікір және тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі түрде жүруде.

Сұхбатыңызға рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін !

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:59
470

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020