ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫ БЕРІК ҚОЛДА

1991 жылғы желтоқсан айының 10-шы жұлдызы болатын. Республика сарайында бүкіл халық сайлаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың қызметке кірісуіне байланысты болатын салтанатты мәжіліске шақырту қағазын алған едім. Уақытында сарайға келдім. Таңертең ғана Парламент мемлекетімізді Қазақстан Республикасы деп атау жөнінде Заң қабылдаған. Енді ықылым заманнан бері тарихта алғашқы сайланған халық Президенті таққа отырғалы отыр.

Егемендік алған жас мемлекеттің ертеңі қандай, басқа қонған бақ баянды бола ма, еңсемізді көтеріп, өркениетті демократиялық қоғам құра аламыз ба деген сұрақтар көңілімізді кеулеп тұрған.

Президент мінбе жанына келіп, қолын Конституцияға, мемлекеттік тәуелсіздік Декларациясына қойып, ішкі сезімі сыртқа теуіп, нық та сенімді қоңыр үнмен ант берді. Залда отырғандардың жан дүниесі, ой-толғамы сілкінгендей болды, күдіктері демде сейіліп, болашаққа үміт шамшырағы жарық етті. Зал ду қол шапалаққа көміліп, бір сәт халқымыздың бірлігі мен берекесін, қайрат пен мәрттігін, асыл арман, ақ тілегін әлдилеген бесік сияқты көрінді.

Өңірдегі сайлаушылармен кездесулердің соңында Президент Жезқазған облысына келген еді. Мыс қорыту зауытында, шахталарда болды, металлургтермен, кеншілермен, жастармен, мұғалімдермен, тұрғындармен кездесулер өтті. Халық Нұрсұлтан Назарбаевтың атына қанық, от көсеп, метал балқытқан металлургтің еңбегіне тәнті. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеттің хатшысы, республика Үкіметінің басшысы болмысында мысты өлкеге келіп, талай экономикалық-әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатып, тұрлаулы шешімдер қабылдаған. Сондықтан да Ұлытау оны өз ұлындай төсіне басып, ақылман ақсақалдар алла аузына салған ақ батасын беріп, қатарлары мен жастар көшбасшымыз деп шын жүрекпен қолдап қарсы алған.

–Жезқазғандықтарға ырзамын. Қадамыма сенім, жүрегіме жалын, қанатыма күш қостыңыздар. Металлургтер мен кеншілер – тірегім. Көріскенше күн жақсы болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев әуежайда шығарып салғандармен қоштасып тұрып.

Президентті ұлықтау тарихи салтанатында ақылман аталар мен марғасқа жайсаңдар ой толғады, парасатты пікірлерін ортаға тастады. Президент Н.Назарбаев сөз сөйледі: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн… Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық» деді ол. Ой ағысы өткенге салауат, болашаққа жігерлі құлшыныс керек деп алға жетелеп тұр.

Шындық та осыған сайды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осыдан бері тұтас ұрпақ дүниеге келді. Ол жаңа жағдайда өсті, нарыққа көшудің ащы

дәмім байқап, тәтті дәмін татты, замана керегіне қарай білім-ғылым игеріп, әлемдік бәсеке әлемінде Қазақстанды алға сүйреп жүр. Қазақ халқының мақтанышы мемлекетіміздің символы Нұрсұлтан қаласы инвестициялық күш-қуатымыздың және белсенділігіміздің орталығына айналды.

Тәуелсіздік жылдары елімізде 300 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Алтын-валюта резерві 90 млрд доллар деңгейінен асты. Кедейшілік деңгейі 10 есе төмендеді. 15 мың шақырымға жуық автомобиль магистралі, 2,5 мың шақырым теміржол салынды. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 1250 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 300 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Еуразия аймағындағы жолдардың тоғысқан торабына орналасқан еліміз өз өнімімізді өткізудің аса ірі нарықтарының орасан зор әлеуетіне ие болып отыр. Таяу жатқан сыйымдылығы 2 млрд адамға жуық нарықтардың кез келгені Қазақстан өнімін егер бәсекелестікке қабілетті болса, сатып алып жатқанына куә болып отырмыз. Сол үшін мыңдаған км мұнай айдайтын құбырлар, жаңа порттар, траснконтиненттік теміржолдар салынды. 146 мемлекетпен алыс-беріс жасап жатырмыз. Сонымен еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграцияланып, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді.

Әрине, бұлар алғашқы қадамдар. Қазақ елі жер көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орын, Азияда Қытай, Үндістаннан, Ресейден кейін төртінші орын алады. Ал, Еуропаның 12 елі бізге сыйып кетеді. Ұлытау–Жезқазған өңірін алайық. Еуропаның Дания сияқты төрт мемлекеті еркін сыйып кетеді.

Қазақстанда Менделеев кестесіндегі 126 элементтің 99-ын өндіруге болады. Оған 1225 түрлі минералдар қоспасын құрайтын 5 мыңына үлкенді-кішілі кеніштерді есепке алайық. Мұндай дүниені сыртқа шикізат күйінде шығаруда ұтылып отырмыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қазір әлем 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін кемінде бес жылға дейін уақыт қажет», – деп атап көрсетті. Қазақстанда экономиканы қалпына келтіру кемінде екі жылды талап етеді деп болжайды біздің мамандар.

Әр тараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін, ұлтқа сын аса жауапты міндет. Ғасырларға созылған мұнай дәуірі аяқталып қалған сияқты. Әлемдік нарықта жаңа тұрпатты ахуал қалыптасып келе жатқаны сезіледі.

Жаңа жағдайда құрылған экономиканы халықтың әл-ауқатын арттыруға, ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлуге, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыруға бағыттау жөніндегі қоғамның тегеурінді талабын толық және сөзсіз орындау қажет болады. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2020-2025 жылдарға қарай 35 пайызға жеткізу, ал жұмыспен қамтылғандардың санын 4 млн адамға көбейту көзделіп отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуге, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталады.

Бұлармен бірге жергілікті және орталық мемлекеттік билік өкілдерінің әр түрлі желеумен кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс деп бағалау қазіргі күні аса қажетті, әділетті қағидат деп есептейміз. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер қысым көрсе, бірден прокуратура органдарының құзіретіне жүгіне алады.

Биылғы жылдың бір жақсы ерекшелігі Қазақстан халқының жалпы саны 19 млн.-нан асқалы тұр, оның ішінде қазақтар саны 13 млн болады деп күтілуде. Қазақ жастарының үлесі үнемі өсіп келеді. Еліміздің жай-күйін сипаттайтын бір дерек келтірейін. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы халық саны 14 миллион болған екен. Италия халқы бүгін 60,8 миллион адам, ал жылдық өсімі 400 мыңдай болғалы тұр. Биыл Қазақстан халқы 300 мың-нан астам адамға өседі. Біз жас және болашағы зор ұлтпыз. Әрбір отбасында білім, ғылым және тәрбие орындарында, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық бірлестіктерде, жастарды аталы сөзбен, жеке басымыздың үлгісімен, нақты іспен қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге тиістіміз. Оның өзегі – мемлекетшілдік, түрікшілдік, жаңалықты жедел іліп алу, ұлттық құндылықтарымыз, мінезіміз, салт-дәстүрлеріміз. Алтын Орданың алғашқы қазығы қағылған Ұлытауды халықаралық туристік орталықққа айналдыру жөніндегі мемлекетіміздің қадамдары бұл бағытта зор мүмкіндік береді.

Биыл Абай атамыздың 175 жылдығын, ұлы ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтудеміз. Бұрынғы даңғаза-шудан гөрі ғұламалардың еңбектерін оқуға бет бұрдық, ой-қимылдарымызды ұлылардың ұстанымдармен салыстырдық, жақсылығымызды білдік, кемшілігімізді түсіндік. Енді Абай мен әл-Фарабидің еңбектері қазақтар үшін үстел үстіндегі сүйіп оқитын кітаптарына айналып барады.

Ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі және басты құралы цифрландыру екенін білеміз. Бұл сәнге айналған үрдіс емес. Бұл қазіргі елімізде атқарылып жатқан реформалардың негізгі ұстыны, жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр. Былтыр маининг ісіне сексен млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге жеткізу болжануда. Ақпараттық технологиялар нарығы, инженеринг және басқа да жоғары технологиялар қызметі арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары пайда болады. Осындай қызметтерді шетелге экспорттайтын боламыз.

Алдымыздағы асқаралы міндеттер халқымыздың жаңа болмысын қалыптастастырудың, тұтас ұлт сапасын арттырудың қажеттігін көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған мемлекетіміздің жетістігін жаһанға таныта алады. Олай болса оның негізі күнделікті ұстанымдарымызды өзгерту керек болады. Кез келген істі кәсіби дағды арқылы іске асыру – әрқайсымыздың жаңа болмысымыздың өлшемі.

Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік жолының 30-шы жылы басталды. Бұл адамзатқа қауіп-қатер төндіріп, коронавирус індеті етек алған мезгілмен тура келіп тұр. Бірақ қазақ елінің қуатты экономикасы, жиған-тергені, қоғамның бірлік-берекесі, ел тұрғындарының алтын жүрегі дерттің алдын алуға,

зардабын еңсеруге бізге күш-қуат, орасан сенім береді. Біз коронавирусты жеңеміз. Баяғыда үлкендер «қыс жамандығы кетер» деп отыратын. Бұл жолы да солай болады.

Тәуелсіздіктің көк туы берік қолда.

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ

19:18
821

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020