АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ НЕ БОЛДЫ?

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жер-жерде игі істер атқарылып, лайықты тартулар жасалғанда жезқазғандықтар бұл жағынан шынын айтқанда ұятты болды. Әлем мойындаған тұлғаның мүсінінің тұғырға емес, құбырға қондырғандай сәтсіз орнатылуы халық арасында елеулі наразылық туғызды. Осыған орай, бір айға жуық көзге күйік болып тұрған шағын ескерткішті жауапты тұлғалар 23 маусым күні алып тастауға мәжбүр болған еді. Жаңадан басқа ескерткіш жасалатыны да сол кезде жария етілді.

Көпшілік көңілінен шықпаған бұл жобаны Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі жүзеге асырған екен. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі оларға ескерткіштік мүсінді мемлекеттік тапсырыс арқылы орнату үшін республикалық комиссиядан рұқсат алып берген. Аталмыш бөлім жобаны кіші сәулет туындысы ретінде жүзеге асырып, ақын мүсінін ЖК «А.Меңдіғалиев» жасаған көрінеді.

Сәтсіз шыққан мүсінді алып тастаған кезде қала әкімдігінің баспасөз қызметі «Мәдениет бөлімі арқылы Абайдың еңселі ескерткішіне тапсырыс берілетін болды» деп, ел көңіліне жағымды хабар таратқан болатын. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары кейіннен осы мәселе туралы сұрау салғанымен бүгінге дейін нақты жауап жоқ. Әжептәуір қаржы бөлінген жұмыстың аяғы биыл осылайша еш нәтижесіз тиянақталды. Сәулет және қала құрылысы бөлімі бекіткен жоспар бойынша Абай және Сарыарқа көшелерінің қиылысындағы 3500 шаршы метр алаңды абаттандыру да үстіміздегі жылдың жоспарлы істерінің бірі еді. «KAZAKH TECHNO» ЖШС жасаған жоба ойдағыдай жүзеге асса бұл жер адамдар тынығып отыратын, балалар ойнайтын әдемі гүлзарға айналады деген ел үміті де ақталмады.

Сөйтіп, Абай жылында ақын атындағы көшені де дұрыстап аялай алмадық. Абай көшесі бойындағы табан жолдардың тозығы жетіп, азып бара жатқаны бүгінде жиі айтылып жүр. Көше келбетінің осындай келеңсіздіктеріне қала билігі мүмкін келесі жылы көңіл бөлер деп үміттенеміз.

Амандық РАХҰЛЫ

10:54
2216

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020