«БҮКІР» КӨПІР ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Ел арасында «Бүкір көпір» аталып кеткен теміржолдың үстінен өтетін №4 жол өткелі кейінгі жылдары апатты деп табылып, биыл қайта жаңарту жұмыстары басталған еді. Алайда, мердігер ұйым – «Асыл ЖАС» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың қараша айында аяқтау жөніндегі міндеттемесін орындамады. Бұл жағдай ала жаздай шыдап келген қала тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр.

Осы көпір арқылы вокзал аумағы мен әуежайға, сондай-ақ Геология мен Талап кентіне баратын автокөліктер амалсыздан мыс қорыту зауытының сыртындағы айналма жол арқылы қатынайтын болды. Сапаржайға дейін баратын автобустар көпірге қайта жаңғырту жұмыстары басталғалы бергі жағындағы «Орион» аялдамасына дейін жеткізумен ғана шектелуде. Станса маңындағы ауданда тұратын тұрғындар бастарын қауіпке тігіп, енді көпір астындағы бірнеше тармақты рельстер үстімен жүруге мәжбүр болуда. Бұл болат жолдармен кен тасыған пойыздардың толассыз жүріп жататыны белгілі. Жан-жаққа жүретін жолаушылар да көпір құрылысының ұзаққа созылуына ренжулі. Автобустың жүрмеуіне арқаланған жеке тасымалдаушылар да бағасын аспанға көтеріп тұр. Қазір вокзалдан қалаға, немесе керісінше вокзалға жеткізетін таксилер 800-1000 теңге аралығында алып, жұрттың қалтасын қағуда.

Қайта жаңғыртылып жатқан көпірдің бекітілген жоба бойынша ұзындығы 58,1 метр, ені – 24 метр болуға тиіс. Үстіне бетонды-асфалтьт төсемі төселеді. Құрылыстың жалпы құны 699,9 млн. теңге. Тапсырыс беруші – Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Олар тиісті қаржысын іркіліссіз төлеген көрінеді. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың сәуір айында басталған. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров 21 қазандағы кезекті аралауында барып көргенде мердігер ұйымның жауапты өкілдері: «Жұмыс жоспар бойынша атқарылуда, қарашаның аяғында нысанды тапсырамыз», — деп уәде берген болатын. Одан кейінгі бір жолы желтоқсан айында аяқтаймыз дегенін естідік. Міне, енді жаңа 2021 жылдың табалдырығына қадам аттауға да санаулы-ақ күн қалды. Уәде орындалмай, «Бүкір көпір» құрылысы әлі бітер емес. Біз мәселенің мәнісін нақтылай түсу ниетімен «Асыл ЖАС» ЖШС-нің басшысы Қазбек Жұмагелдиевпен хабарласқан едік.

— Құрылыс жұмыстарының басталғанына 8 ай болды. Негізі мұндай көпірді күрделі қайта жаңғыртуға 11 ай мерзім керек. Бағдарлама әкімшісінің яғни «ЖКХ» бөлімінің ең әуелде нысанда атқарылатын жұмыстарды дұрыстап саралап, көрсете алмауынан құрылыс жұмыстарын атқару барысында жобаға елеулі өзгерістер енгізілді. Біз қосымша көп жұмыстар атқардық. Көпір астындағы темір жолдармен күніне 124 пойыз өтеді. Уақыт тұрғысынан олардың да өзіндік кедергісі бар. Әлі көпірге баспалдақтар, суағарлар салу сияқты біраз жұмыстар бар. Оларды негізінде көктемге қарай күн жылына атқармақпыз. Бұл жұмыстарға қосымша 257 млн. теңге қаржы керек. Ал, орындалған жұмыс көлемі үшін 614 млн. теңге қаржы кедергісіз аударылды. Құрылысшыларымыз жалақысын уақытылы алуда. Қала әкімі Қайрат Бектайұлы жобадағы өзгерістерге байланысты атқарылатын істерге түсіністікпен қарап, тиісті қолдау жасап отыр. Арматура, бетон материалдарымен де көмектесуде. Көпірдің жабылып қалуының халыққа қолайсыздық тудыратынын біз де жақсы түсінеміз. Қазір шамалы бір жұмыстарымызды реттеген соң, көпір толықтай бітпесе де жаңа жылдан кейін автокөліктердің өтуіне мүмкіндік жасағалы отырмыз, — дейді мердігер ұйымның басшысы.

Амандық РАХҰЛЫ

10:58
824

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020