ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЕСҚҰЛА

Жақында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Парламент Мәжілісі депутаттары көтерген мәселеге орай Жезқазған қаласын сумен жабдықтау мақсатында салынып жатқан Есқұла су құбыры құрылысындағы келеңсіздіктерге назар аударып, бұл жоба бойынша орын алған жағдай мен алдағы белгіленген істерді атап айтты. Жезқазғанға дейін тартылуға тиіс құбырдың жалпы ұзындығы 71,8 шақырым болады. Оның Сәтбаев қаласына дейінгі 55,3 шақырымы 2018 жылдың сәуір айынан бастап байқау ережесі бойынша іске қосылып, бүгінде екі құбырмен су беріліп тұр. Алайда, А.Мамин атап көрсеткендей, құрылыс-монтаж жұмысының барысында моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтардың салынуынан суды зарарсыздандыру жүйесі жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ, бұрынғы бас мердігер «Caspian Contractors Trust» ЖШС №1 және №2 екі резервуарды құрастыру жұмыстарын сапасыз орындаған. Геология, экология және табиғи ресурстар министрлігі техникалық қорытынды негізіндегі тексерісте орын алған кемшіліктерді жою қажеттігі туралы бас мердігерге хат жолдағанымен, оның тарапынан көрсетілген ескертулер жолға қойылмапты. Осыған байланысты министрлік мердігерді сотқа беріп, жіберген кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары үшін 463 млн. теңге талап еткен көрінеді. Бірақ, соттың барлық сатыларында министрліктің талап арызы қанағаттандырылмаған. Депутаттардың сауалына жауап беру кезінде Премьер-министр осы жағдайлардан хабардар ете келіп, Кешенді жоспардағы жобаны жүзеге асыруға бақылау жасау жөніндегі жүктелген міндетін дұрыс атқармағаны үшін министрліктің су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшевтың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Жезқазған, Сәтбаев қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Кешенді жоспарға енгізілген Есқұла су құбырының құрылысы кейінгі нақтыланған жоба бойынша 2020 жылы толық аяқталуға тиіс болатын. Жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен 500 млн. теңге қаралған еді, қымбатшылыққа байланысты Жұмыспен қамту жол картасы аясында 2020-2021 жылдарға қосымша 1 937 млн. теңге бөлінді. Алайда, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бас жобалау институтының жобаға түзету енгізуі себебінен құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап қалды. Жобалық сметалық құжатқа түзету үстіміздегі жылдың қарашасында енгізіліп, одан әрі мемлекеттік сараптамананың оң бағасын алды. Уақыттың тығыздығына байланысты биылғы жылдың игерілмей қалған қаржысы республикалық бюджетке қайтарылды. Қазірде министрлік мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс бойынша құрылыспен одан әрі айналысатын мердігер ұйымды анықтау үстінде. Жезқазғанды сумен қосымша жабдықтауға тиіс жобаны енді келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен, Есқұла су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстарына тағы 2 млрд. теңгеден аса қаржы бөлуге тура келеді.

Ал, енді Есқұлаға қатысты бұдан бөлек тағы екі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – ескірген Есқұла су жинағышын қайта жаңғырту. Оның құрылысына бөлінген 2 357,6 млн. теңгенің 1 105,97 млн. теңгесі игерілді. Бас мердігері «СК-Kaz Alem» ЖШС. Екінші жоба – 55-шахта аумағындағы кен өндіру аймағына еніп кетуіне байланысты су құбыры учаскесінің 15,2 шақырымдық бөлігін «Жезқазған-Есіл-Петропавл» автожолының бойына көшіру. Бұл жұмысқа бөлінген 1 758,1 млн. теңге қаржының 1 486,81 млн. теңгесі игерілді. Бас мердігер министрліктің «Казводхоз» РММ-сі. Биыл аяқталуға тиіс деген бұл екі жоба Сәтбаев қаласы тұрғындарын жерасты көзінің сапалы ауызсуымен қамтамасыз етуді көздейді.

«Жырға айналған Есқұла» дейтініміз, Жезқазғанға дейін тартылатын осы жоба осыдан 12 жыл бұрын қолға алынған болатын. Сол алғашқы кездің өзінде-ақ өңір тұрғындары жобаның өте тиімсіз екенін айтып дабыл қаққан еді. Менің қолымда 2008 жылдың желтоқсан айында 53 адам қол қойып, ҚР Парламентіне, ҚР Үкіметіне және Қарағанды облысының әкіміне жолдаған Жезқазған қаласы қоғамдық өкілдерінің ашық хаты сақтаулы. Сол хаттан үзінді келтірейін. «Біз Жезді кенті мен Сәтбаев қаласын сумен жабдықтап, 40 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан Есқұла су құбырын жаңартып, оны Жезқазғанға дейін жеткізуді көздейтін жобаның жай-жапсарын жақында білдік. Бұл жобаға республикалық бюджеттен Үкімет 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөліпті. Бірден айтуымыз керек, Жезқазған қаласын ауызсумен қамтамасыз етудің бұл – кездейсоқ таңдалған, ең тиімсіз жобасы болғалы тұр. Біріншіден, оның құрылыс жұмысы, сондай-ақ құбырды одан әрі пайдалану өте қымбатқа түседі. Мәселен, жоғары диаметрлі полиэтилен тұрбадан ұзындығы 78,2 шақырым құбыр тартып, тағы да жаңадан 5 нысан салынатын бұл күрделі құрылысқа 5-6 жыл уақыт кетеді. Жобада көрсетілген 3 жылда игеру мүмкін емес. Тапсырыс беруші Жезқазған әкімдігі, қаржы мәселесі шешілгенмен құрылыс жүргізуші мердігер әлі белгісіз. Екіншіден, бұл жоба жүзеге асқан күнде Есқұла су көзі Жезқазғанды ауызсумен толық қамтамасыз ете алмайды. Су көлемінің жетпеген елеулі мөлшерін бұрынғыша Кеңгір су қоймасынан толықтыру жалғаса бермекші. Сонда толықтай жер астынан келетін сапалы су мәселесі шешілмейтін болса қыруар қаржыны босқа жұмсаудың қажеті қанша?», — деп жанайқайларын білдірген екен қоғам өкілдері. Оған қосымша айғақ ретінде 2007 жылғы көрсеткіш бойынша Есқұла су жинағышынан Сәтбаевқа жыл ішінде 12,4 млн. текше метр су берілгені, ал кеншілер қаласының шаруашылық және ауызсуының жылдық қажеттілігінің көлемі 20 млн. текше метрге жуық екені туралы ресми құжаттық анықтамалар да келтірілген. Бұл дәйектерге сүйенсек, Есқұланың су көлемі кеншілер қаласынан артылмайтыны ап-айқын көрініп тұр. Сондай-ақ ашық хатта осы қаржыға Қожамсейіт жерасты су көзінің ұңғымаларын бұрғылап, оған қосымша жұмыс істеп тұрған Үйтас-Айдос су құбырына қосса Жезқазғанды қамтамасыз етуге толық жететіні де дәлелмен жазылған еді. Хатқа қол қоюшылардың арасында су мамандары, қаланың сыйлы ақсақалдары да бар-тын. Олардың біразы бұл күнді көрмей өмірден өтіп кетсе, біразы басқа жақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Дегенмен, қоғам өкілдерінің қисынды пікірі мен орынды ұсынысына кезінде дұрыстап құлақ асқанда жылдарға созылған мұндай шырғалаң болмас па еді? Әйтеуір, бір кем дүние демеске лаж жоқ.

Сапалы ауызсудың жолға қойылмауы Жезқазған тұрғындары үшін жанға батар ең өзекті мәселе. Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Жезқазғанға жұмыс сапары барысында: «инженерлер мен мердігерлер құбыр құрылысының барлық үш кезеңін 2020 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп мәлімдеді» деген хабар таратылғанда Есқұладан су ішетіндей «е-е» десіп қалып едік. Көріп отырсыздар, енді Үкімет басшысы құрылыстың 2021 жылы аяқталатынын алға тартып отыр. Жылдан жылға жалғасып келе жатқан су құбырының жыры түбі немен тынар екен?! Оны да уақыт төреші көрсетер...

Амандық РАХҰЛЫ

11:02
390

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020