ЖЫЛ ЖЕТІСТІКСІЗ ЕМЕС

Өткенге есеп беріп, болашақты бағдарлайтын кез де жақын. 2020 жыл Жезқазған жұртшылығы үшін қандай жағымды жаңалығымен есте қалады? Мысты өлкеде нендей өзгерістер орын алғанына бірге көз жүгіртейік.

Біздегі басты жаңалықтардың легін жаңа әкімнің тағайындалуынан бастасақ. Шынын айту керек, басқару тізгінін тамыз айында Қайрат Әбсаттаров өз қолына алғанда жезқазғандықтар қуанып қалды. Қала халқы туған жерге туын тіккен Қайрат Бектайұлы мысты өлкенің қордаланып қалған мәселелерін шешіп, тың идеялар жүзеге асырады деп сенді. Көп уақыт өтпесе де қала басшысы халыққа жақын, Жезқазғанға жанашыр екенін көрсетті. Бүгінде оның тапсырмасымен оң шешімін тауып жатқан мәселелер мен қолға алынған жаңа жобалар туралы газетіміздің әр санында жазылып жүр. Сондықтан, оларды тізбектеп жатудың өзі артық.

Тышқан жылының тартуы ретінде Жезқазған қаласына тартылған газды, бой көтерген модульді инфекциялық орталық пен 900 оқушыға арналған жаңа мектепті, «ULY DALA» гипермаркетінің минимаркеттерін, ел игілігі үшін ашылған «Kinoplexx» кинотеатры мен «Ойна» ойын-сауық орталығын атауға болады. Енді оларға жеке-жеке тоқталсақ.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Қызылордадан Нұр-Сұлтан қаласына тартылған « Сарыарқа» магистральды газ құбыры бойынан Жезқазған аймағын газбен қамту мақсатында автоматты газ тарату стансасы салынғаны белгілі. Стансадағы барлық қондырғылар қалаға газ жіберуге дайын. Барлық тексерулерден өткен. Қазір магистральды құбырдан газ келіп тұр. АГТС-те табиғи газды тазалау, жылыту, қысымды түсіру, есептеу, одаризациялау процесі жүреді. АГТС-тен Талап ауылы мен Жезқазған қаласына газ құбырын тарту былтыр басталған болатын. Бұл 4 қосылу кезеңінен тұратын ауқымды жобаның бірінші сатысы еді. Былтыр мердігер компания «Әлия-Сервис» ЖШС бірінші кезеңнің бірінші кезегіне сай газ тарату стансасынан Жезқазғанға кіреберіске дейін және Талап ауылына газ құбырын тартты. Сондай-ақ, Талап ауылындағы 154 үйдің алдына газ жеткізілген болатын. Биыл вокзал маңындағы 286 үйге газ құбыры тартылды.

Жалпы, Жезқазғанды газдандыру үш кезектен тұрады. Алғашқылдардың бірі жоғарыда айтып өткеніміздей газға Талап селосы мен Пристанционный, Геология елді мекенінің тұрғындары қол жеткізсе, Бекболатсай мен Қостанкелді елді мекендері, 7, 8 шағын аудандар мен 91-99 орамдар екінші кезекте газға қосылады. 1-8 және 66-84 орамдарды газбен қамту үшінші кезекте жоспарланған. Аталған үш кезек бойынша Жезқазғанда ұзындығы 170,477 км газ құбыры тартылмақ. Жоба сәтті іске асқанда 3,5 мың жеке тұрғын үй мен 14 көпқабатты үй, сондай-ақ 2 кәсіпорын (мыс қорыту зауыты мен «Казкат» зауыты) көгілдір отынға көшеді.

2020 жылдың күзінде мердігер «Аспап» өндірістік кооперативі құрылысын ақтаған жаңа мектептің болашағы туралы нақты дерек жоқ. Ел арасында мектеп дарынды балаларға арналады деген әңгіме бар. Бірақ, Жезқазған қаласының білім бөлімі бұл жорамалды растамады да, жоққа да шығармады. «Бұл мәселе облыстық білім басқармасының қарауында» деп жауап берді қаланың бас педагогы.

COVID-19 екінші толқынына дайындық барысында Президенттің тапсырмасына сәйкес 13 өңірде бой көтеруі тиіс модульді инфекциялық аурухананың біреуі қарашада Жезқазғанда да пайдалануға берілді. Алғашқыда облыс орталығында салынады деп жоспарланған госпитальдің мысты өлкеде салынуына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қолдау білдірген.

Көпбейінді ауруханаға қарасты 200 орынға шақталған инфекциялық орталықтың екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте ауру жұқтырған науқастар жатса, екінші бөлікте тек қана медициналық қызметкерлер жүреді. Бұл ұжымды ауырып қалудан сақтайды. Орталықта науқастарға барлық жағдай жасалған. Әр науқастың кереуетіне өттегі келіп тұр. Гемодиализ аппараты да орнатылған. Дәрігерлерде науқастарды бейнебақылау камералары арқылы қадағалап отыру мүмкіндігі бар. Одан бөлек дәрігер не медбибінің көмегін қажет еткен науқастарға арнайы дабыл түймесі орнатылған. Одан бөлек әр алты сағат сайын ауысып тұратын медицина қызметкерлерінің таза аймаққа шықпас бұрын қорғаныш костюмдерін залалсыздандыратын, жуынып-шайынатын, тынығатын орындары да ойластырылған. Қызыл аймақтағы палаталардың терезелері ауа өткізбейді. Бұл іштегі вирустың сыртқа тарауына мүмкіндік бермейді. Ауаны ылғалдандырып, тазартып тұратын арнайы желдету сүзгілері орнатылған. Сонымен бірге, жаңа инфекциялық орталықта науқастарды жеткізген жедел жәрдем көлігін залалсыздандыру орны, вакуум мен газ қоймасы, қазандық, мәйітхана мен медициналық қалдықтарды зарарсыздандыратын қосалқы ғимарат бар.

2020 жылдың қарашасында іске қосылған модульді орталықта күні бүгінге дейін 206 науқас емделіп шыққан. Орталық ұжымында 103 қызметкер еңбек етеді.

Бүгінгі таңда 160 адамды жұмыспен қамтып отырған «ULY DALA» гипермаркетінің басшылығы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында минимаркеттер ашуды қолға алған-ды. Жезқаладағы алғашқы минимаркет Тұңғыш Президент күні қарсаңында іске қосылды. 1 желтоқсанда Абай және Пушкин көшелерінде « ULY DALA» минимаркеттерінің үш желісі қолданысқа берілсе, Тәуелсіздік күні қарсаңында Алашахан даңғылы, 7, Анарқұлов көшесі, 9, Әуезов көшесі, 56 және Мир даңғылы, 45/47, Гагарин көшесі, 36 мекенжайларында тағы 5 минимаркет желісі тұрғындарға есігін айқара ашты. 2021жылы Медициналық орталық маңы мен Жеңіс көшесі, 11 мекенжайында тағы екі минимаркет ашуды жоспарлап отырған кәсіпкер 114 тұрғынды жұмыспен қамтымақ.

Үлкен кинотеатрды ашылуын тілеген жезқазғандықтардың арманын жергілікті кәсіпкер Алмас Рахымбек ақиқатқа айналдырды. Ол 18 қарашада «Golden Family» отбасылық орталығынан жанынан «Kinoplexx» кинотеатрын ашты. Кино тамашалауға келгендер үшін еуропа мен шығыс елдерінің асмәзірін ұсынатын отбасылық ресторан жұмыс жасап тұр. Бүгінде 5 мыңдай тұрғынға қызмет көрсетіп үлгерген кәсіпкер 30қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Пандемия біткен кезде Алмас Рахымбек тағы 2 кинозал, боулинг пен бильярд залдарын, фитнес пен жазғы кафе ашуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, «Golden Family» отбасылық орталығы «Ойна» ойын-сауық орталығы басшылығы келіссөздер жүргізіп, 2021 жылы үлкен жобаны бірге жүзеге асыруды ойластыруда.

2020 жылы басталған ауқымды жобалардың көшін Жошы Хан тарихи-мәдени кешені мен Теректі стансасында құрылысы басталған 80 орындық мектеп бастап тұр. Жезқазғанның туристік әлеуетін арттыруға, апатты жағдайдағы білім ошақтарын жоюға бағытталған осы екі жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020 »бағдарламасы шеңберінде қолға алынып, келер 2021 жылы аяқталады деп күтілуде.

Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірлердің инфрақұрлымын дамытып, жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандардың салынуын көздейтін осы мемлекеттік бағдарлама бойынша Жезқазған қаласында 40 жоба қолға алынып, бүгінде оның 36-сы толығымен аяқталған. Мемлекеттік бағдарлама аясында білім беру, мәдениет және әлеуемттік нысандарды салу мен жөндеу бағытында 11 жоба жоспарланды. Сонымен бірге, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жүзеге асқан 29 жоба қаланы жарықтандыру мен абаттандыруға, инженерлік желілер мен жолдарды жөндеуге, балалар ойын алаңын орнатуға бағытталды.

2020 жылды қорытындылайтын болсақ, Тышқан жылы коронавирус індетімен әуреге салғанын есепке алмағанда жаман болмады. Әр салада өркендеу мен ілгерілеу бар. Ендеше, келер жылға мол үміт артып, 2020-ға қош бол дейміз!

Диана ОРАЗАЛИНА

11:06
2271

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020