​БАС АМАН БОЛСА, ТОЙ ЕШҚАЙДА ҚАШПАЙДЫ

Қаншама ата-баларымыз, әке-аналарымыз азат күнді, егемен кезеңді армандаған күйі кете барды. Өмір өлшеміміміз ортасынан асса да осынау бақытты көру мүмкіндігі бізге де бұйырғанына шүкір дейміз. Еліміздің түтіні түзу ұшып, тірлігіміз күннен-күнге жаңаруда. Жасарын жасап, асарын асаған біздердің ендігі тілеріміз – еліміздің амандығы.

Тосыннан келген аты жаман ауру еліміздің экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Үрлесе құлағалы тұрған біршама салалардың құрғақ сөзінің өтірігі ашылды. Елдің біраз бөлігі жұмыссыз қалды. Дегенмен, айтпағым ол емес. Аурудың басты зияны біраз қазақ отбасын шайқалтып, қайғыға батырып кетті. Алғашында көршілес Қытай елінде пайда болған ауру бір демде әлем елдерін түгелдей жаулап алды. Көзсіз, тілсіз аждаһаның аранының астында біздің елімізде қалды. Басқа басқа, қауіпті, жұқпалы індетке қарсы тұру өте қиын нәрсе екеніне көзіміз жетті. Бір демде байланыста болған 4-5 адамға вирус тарата алатын короанвирус дерті салдарынан бір отбасы анасынан, біреулер әкесінен, келесілер бауыр-туыс, жора-жолдастарынан айрылды. Қазаның қайғысын ешкімнің басына салмасын. Алғашында абдырап, қайда көңіл бөлерімізді білмей сасып қалғанымыз рас. Тағатын маска, ішетін дәрі таппай қиналдық. Ауруханаларда науқас қабьылдайтын орын қалмады. Үміт артқан дәрігерлеріміздің өзі ауруға төтеп бере алмай, о дүниеге аттанғанда қорқыныштың үрейі көптің кеудесін басып алды.

Дегенмен, мемлекет тарапынан бөлінген мол қаржы мен сырттан келген көмектің арқасында біраз адам дерттен аман қалды. Ауру аяғы да бәсеңдегендей болған. Алғашында шоши аттандаған халық маскаға да үйренісіп қалды. Бірақ, аяқ астынан тағы да ауру өршіп барады. Әрине, бұл күтілген де болатын. Жұрттың иммунитеті түскен қыс айында коронавирус түгілі басқасы да өршиді ғой. Қысы қақаған біздікіндей аймақта ауру қаупі тіптен жоғары. Газет-теледидар бетіндегі жаңалықтардан Жезқазған-Ұлытау аймағында да аталған ауруға шалдыққан науқастар саны күрт артып жатқанын естіп жатырмыз. Әрине, бұл жағдайдыңғ алдын алу мақсатында билік басындағылар мен ақ халаттылар барынша күш-жігерлерін саларына сеніміміз зор. Дегенмен, біздің халықтың қит етсе қауіпсіздік дегенді ұмытып кете беретіні көңіл қынжылтады. Ауру басылды ғой дегендей той-томалақ жасағыз қазақтардың саны тағы да артқан. Тойсыз да, өлең-бисіз де күнелтіп, ел қатарына қосылуға болатынын уақыт ағыны әлдеқашан дәлелдеп тастады. Бұны карантин кезеңінде тіптен қатты сезіндік. Десе де, тығылып той жасайтын «Тойшыбектер» мен «Тойгүлдердің» саны азаймай тұр. Мысалы, қаламыздағы біраз тойханалардың адамдарды автобуспен апарып, автобуспен алып кетіп, қонақтарды артқы есіктен кіргізіп той жасап жатқандарын біліп те, көріп те отырмыз. Осыған байланысты кейде құзырлы органдар мен жауапты мамандар қайда қарап отыр екен деп кіжініп қалатынымыз да рас. Жарайды көптен қалмай той жасайсың, оған барлық туыстар мен таныстарыңды шақырасың. Адам ығы-жығы тойханаджа ауру жұқтыру қаупі жоғары екенін олар да түсінеді. Дегенмен, ұялғандарынан, сен ренжиді деп, кейін бетіне қарамай қояды-ау деген оймен келеді. Сырттан біреу келіп қала ма деп, сен де, олар да иненің үстінде отырғандай қылпылдап отырады. Енді осыдан не қызық, не береке табасың? Бұлай айтылған тілектен қайыр бар ма? Шыныңызды айтыңызшы, ондай тілек пен бата қабыл боларына сенесіз бе? Әй, қайдам?! Ертең осы той, осы ас беру, осы шеке беруден кейін қонақ болған біреу өлім құшып, ол жай кетпей өзгелерге де ауру жұқтырып кетсе, кім кінәлі болмақ? Қай кезде де оқиғаның салдарын, оның соңы немен бітерін ойлаған абзалыырақ. Бұл күндер де өтер, кетер. Баяғы алаңсыз кездер қайта оралар. Оған дейін вирустың таралуын үдетпей, тыныш жүрейік дегім келеді. Бас аман болса, әлі талай қызық-қуанышымыз тойланар.

Рахым АРЫСТАНБАЕВ,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері

11:55
461

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020