КАРАНТИН КҮШЕЙЕДІ

Қауіпті індет қайта дендеген сәтте карантин талаптарын қатаң ұстану,әлеуметтік арақашықтықты сақтау,кісі қарасы қалың ортадан оқшаулану, адам көп жерде масканы тастамау аса маңызды. Осыған сәйкес Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров пен қаланың бас санитариялық дәрігері Оңал Байғожина брифинг өткізіп,қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы толық мағлұмат берді.

–Біз аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер шығарған қаулы талаптарының орындалуын қатаң қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ең алдымен өзіміздің және жақынымыздың денсаулығын қорғауға бағытталған. Тәртіп болған жерде, ауруды еңсеріп шығу мүмкіндігі басым. Қазіргі енгізіліп жатқан шектеу шаралары елдің қауіпсіздігін қорғауға септігін тигізеді. 2020 жылдың 6 желтоқсанында COVID-19 дертіне шалдыққан жезқазғандықтар саны 6-ау ғана болатын. Бір ай ішінде,яғни,2021 жылдың 19 қаңтарында науқастар саны 6,5 есеге артты. Бұл — 100 мың адамға шаққанда бір адам кем дегенде айналасындағы екі адамға ауру вирусын жұқтырады деген сөз. 20 қаңтардағы көрсеткіш бойынша инфекциялық госпитальда 56 емделушіге тиісті ем көрсетіліп жатыр,– деген қала басшысы Жезқазғанда КВИ-мен ауырған науқастарға 920 орын,жансақтау бөлімінде 53 орын дайындалғанын жеткізді.

Бүгінде қаланың медициналық орталықтарында 2 цифрлы рентген аппараты,17 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты,305 оттегі концентраты,247 пульсоксиметр,2 компьютерлік томография аппараты бар.

Одан әрі Оңал Байғожина 23 қаңтардан бастап Жезқазған қаласы аумағына енгізілген күшейтілген карантин шектеулерімен таныстырды. Аталған шектеуге сәйкес ойын-сауық орталықтары қызметтерінің жұмысына,караоке,бильярд,боулинг орталықтар мен букмейкерлік кеңселер,жабық алаңдағы балалар ойын-сауық мекемелеріне,түнгі клубтар жұмысына тыйым салынады. Отбасылық жиын-тойларды да өткізуге болмайды. Мәдениет нысандары,соның ішінде театрлар мен кинотеатрлар да жұмыстарын тоқтатады.

Кезекші сыныптарды қоспағандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері,көрмелер де уақытша жұмыстарын тоқтатады,қоғамдық-мәдени іс-шаралар,ғылыми конференциялар да ұйымдастырылмайды.

Отбасы мүшелерін қоспағанда 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Жерлеу рәсімдеріне де 5 адамнан артық адамдар қатыспағаны абзал. Көлемі 2000 шаршы метрден артық емес азық-түліктік және азық-түліктік емес дүкендер мен сауда орталықтары сағат 20:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелері 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстарына және Қазақстаннан тыс спорттық жарыстарға қатысуға да тыйым салынады.

Қоғамдық тамақтандыру мекемелері де таңғы сағат 09:00-ден кешкі 20:00 сағатқа дейін қызмет көрсете алады,бірақ мекеме ішіндегі тұтынушылар саны белгіленген орындардың 50 пайызынан аспауы қажет. Ең шекті мөлшер – 30 адамға дейін. Ашық базарлар жексенбі күні жұмыс істемейді. Ал ашық алаңдардағы жеке және топтық спорттық,фитнестік жаттығуларға,медициналық және 15 балаға дейінгі білім беру орталықтарының,сұлулық салондарының жұмысына шектеу жасалмайды. Тек аталған мекемелер алдын ала жазылым бойынша ғана қызмет көрсетуге,санитарлық талаптар мен сақтық шараларын қатаң ұстануға міндетті. Ауық-ауық залалсызландыру шараларын жүргізілуге міндеттелген моншалар да өз аумағына сәйкес 50 пайызға дейінгі мөлшерде тұрғындарға қызмет көрсете алады. Ал қонақүйлер,курорттық демалыс орындары мен туристік нысандар 80 пайыздық толықтырумен жұмыс істей алады. Діни мекемелердің де жұмысы шектеледі. Аталған шектеулермен егжей-тегжейлі таныстырған Оңал Байғожина қаладағы әрбір мекеме басшысы қарамағындағы қызметкерлердің қауіпсіздігі мен олардың санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қадағалауды өз жауапкершілігіне алу қажеттігін де ескертті.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

00:16
498

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020