​ЗЫМЫРАН ЗАРДАПТАРЫ ЗЕРТТЕЛУГЕ ТИІС

Кейінгі кездері қоғам белсенділері Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын зымырандардың Жезқазған мен Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданы аумағындағы экологиялық жағдайға тигізетін зиянды әсері туралы мәселені жиі көтеріп жүр. Оның негізгі түйіні бұл өңірлерді экологиялық апат алдындағы аймаққа жатқызып, халыққа жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар жасалуын көздейді. Бұл – негізсіз емес. Көп жылдардан бері айтылып келе жатқан, өңір тұрғындарының денсаулығына байланысты көпшілікті алаңдатып жүрген аса өзекті мәселе. Осыған орай өткен 2020 жылдың шілде айында Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Жүрсінбай Лекеровтің қозғау салуымен облыстың қоғамдық кеңесі отырысында «Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметінің факторларына және Арал экологиялық апатының салдарына байланысты Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының экологиялық жағдайы туралы» арнайы мәселе қаралды. Қоғамдық кеңесте талқылау нәтижесінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына жататын аумақтарды ғарыш-зымыран қызметінің және Арал экологиялық апатының әсеріне жататын өңір ретінде экологиялық мәртебесін айқындау үшін білікті мамандарды қатыстыра отырып республикалық комиссия құру қажеттігі туралы Үкіметке ұсыныс жасау ұйғарылды.

Байқоңыр ғарыш айлағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы аумағында 1955 жылы құрылып, 1957 жылы дүниежүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігі орбитаға жіберілген болатын. Әлемде теңдесі жоқ ғарыш кешені кеңестік замандағы зор жетістігіміз ретінде біздің мақтанышымыз болғаны белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғарыш айлағы Қазақстанның еншісіне қалдырылды. Ғарыш айлағы солтүстікке қарай 75, батыстан шығысқа қарай 90 шақырымға созылатын 6 мың шаршы шақырымнан асатын үлкен жерді алып жатыр. Ұзақ жылға жалға берілуіне байланысты бұл бірегей кешеннің негізгі кілті қазір Ресейдің қолында. Толассыз көкке самғап жататын зымырандар мен зымыран тасығыштардың зияны туралы бұрын айтылмай келсе, бүгінде бұл жетістіктің қоршаған ортаны зиянды заттармен ластайтыны дәлелденген ақиқат болып отыр. Көптеген ғылыми зерттеулер ауа ылғалдығының төмендеуін, жылдың әр мезгілінде температураның күрт өзгеруін ғарыш ұшу аппаратының жұмысымен байланыстырады. Бір жылдың 300 күнінде жел соғып, оның 20-38 күнінде шаңды борандар соғуы осының әсері. Мәселен, кеңестік ғалымдар мен мамандар 1981-1985 жылдары жүргізілген алғашқы эксперименттік бақылаулар барысында қуатты ғарыштық ұшу аппаратын немесе «Сатурн-5» зымыран жеткізгішін ғарышқа ұшыру кезінде Еуропа жағалауы мен Солтүстік Атлантаға дейінгі аралықтағы ауа ағынының (циклон) өзгеруін анықтаған болатын. Ал, «Байқоңыр» ғарыш айлағына жақын орналасқан аймақтарда ауа-райы күрт бұзылып, төрт-бес тәулікке дейін құм боранның соғуы қалыпты жағдайға айналған. Ғарыш айлағы жұмысының әсерінен Арал теңізі деңгейінің төмендеуі және көл табанының құрғақшылыққа айналуынан тұзды қабаттардың ауаға таралуы экологиялық үлкен проблемаға ұласқанын білеміз. Желмен ауаға көтерілген тұзды қабаттар Ұлытау, Жезқазған жеріне дейін жетіп, Үкіметтің қаулысымен кезінде бұрынғы Жезді ауданының аумағы апат алдындағы аймаққа жатқызылды.

Кейінгі жылдарда «Байқоңыр бағымыз ба, сорымыз ба?» деген мәселенің жиі көтерілуі де жұртшылық үшін таңсық тақырып емес. Мысалға, қазіргі қоғам қайраткері Әлихан Байменовтің жетекшілігімен құрылған «Ұлытау қозғалысы» қоғамдық бірлестігі сонау 1990 жылдың өзінде-ақ Байқоңырдан ұшатын зымырандардан бөлінетін бөлшектер жерге құлаған өңірдегі табиғатқа, адамдардың денсаулығына тигізетін зардаптары туралы мәселе көтеріп, зерттеулер жүргізе бастаған еді. Бұл алаңдаушылықтың басты себебі Байқоңырдан ұшырылатын «Протон», «Союз» сияқты зымырандардан бөлінетін сатылары бірінші кезекте ғарыш айлағымен іргелес Ұлытау, Жезқазған өңірлерінің аумақтарына келіп түседі. Сонымен қоса тоқсаныншы жылдардан бергі зымыран апаттарының жиілеуі де алаң көңілдерді одан әрі ушықтыра түскен-тін. Атап айтар болсақ, 1996 жылы 14 мамырда «Союз» зымыран тасығышы, 1997 жылы 20 мамырда «Зенит», 1999 жылы 5 шілдеде «Протон», сол жылы тағы да екінші «Протон» зымыран тасығышы облысымыздың Атасу кенті аумағында апатқа ұшырады. Ал, 2007 жылдың 6 қыркүйегінде апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышының тура Жезқазғанның жанына келіп құлап, әбігер тудырғанын жергілікті жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Айналаға қаншама радиациялық зиян тарады. Отын қалдықтары түскен жер тазартылды десек те, мамандардың айтуынша, төгілген гептилдің зардабы ондаған жылдар бойы топырақ пен суда сақталып қалады екен. Мәселен, Ресейдің «Мотор» конструкторлық бюросының, «Казмеханобр» өнеркәсіп экологиясы ғылыми-өндірістік бірлестігінің және әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің бірлесіп жүргізген зерттеулерінің нәтижесі Ұлытау ауданы аумағында 45 жыл бұрын зымыран сатысы құлаған жерде гептилдің шоғырлануы 3 есеге дейін көп болғанын көрсеткен. Баспадан 2018 жылы жарық көрген «Ұлытау» энциклопедиясында: «Жерімізге Байқоңырдан ұшқан зымырандар отынынан ыдыраған өнімдерден де зиян келіп жатыр. 1957-2010 жылдары космодромнан 1298 зымырантасығыш ұшырылған. Оның 125-і жартылай нәтижелі, 81-і апатты болған. «Протон» зымырантасығышының бірінші сатысы Ұлытау ауданының аумағындағы №148, №15 және №25 аудандарға құлайды. Зымыран сатысы құлайтын №148 ауданның көлемі 1 167000 га, ал қалған екі ауданның көлемі – 160 мың га. Соңғы екі алаңға 1961-2004 жылдары «Протонның» 224 сатылары, басқа алаңдарға «Союз», «Циклон», «Энергия» зымырандарының 400-ден аса сатылары, оның сыртында №148 ауданға «Протонның» 48 бірінші сатысы, 370 екінші сатысы түскен. Ұлытау жеріне барлығы «Протоннан» бөлініп түсетін 1060 саты құлаған», — деген деректер келтірілген. Мұның сыртында Жезқазған қаласының аумағына жататын тағы 90 мың гектар алқап осы ғарыш зымырандарынан бөлінетін бөліктердің құлау аймағына тиесілі. Тағы бір түйткілді мәселе, осы аумақтардың «Жер кодексі» талаптарына сәйкес мәртебесі дұрыс айқындалмаған. Мысалға, қалдықтар құлайтын жаңағы Жезқазғанның 90 мың гектар жері ауылшаруашылығына арналған алқаптар қатарына жатады. Негізінде ол ғарыш қызметіне тиесілі жер деп айқындалуға тиіс.

Радиоактивті заттардан тұратын зымыраннан бөлінетін қалдықтар адам организміне зиянды саналады. Қаншама рет белгісіз жағдайда киіктердің қырылуы осы улы химиялық қоспалардың әсерінен болды деген болжам да негізсіз дей алмаймыз. Жалпы брнеше сатылы қалдықтар түсетін аумақ 18 млн. гектар алқапқа дейін созылады екен. Ал, оның ең зиянды саналатын бірінші сатысы біздің өңірге түседі. Көп сатылы зымыран жеткізгішінің алғашқы бөлігі жұмысын аяқтап, жерге құлағанда елеулі мөлшердегі гептил қалдығы жерге төгілетін көрінеді. ҚР Ұлттық аэроғарыш агенттігінің мәлімдеуінше, экологиялық қауіпсіздікті барынша сақтаған қазіргі кездің өзінде құлау аймағындағы жерді зақымдайтын гептил мөлшері 150-200 литр шамасын құрайтыны анықталған. Топырақ қабаттарын токсинді қалдықтармен ластаумен қоса ғарыш зымырандары табиғи реттілікті бұзады, қышқылды жаңбыр жаууына себепші болады. Атмосфераның озон қабатын бұзып, кең ауқымда температураның жоғарылауына әсерін тигізеді.

Міне, осы жағдайлардың көбі көпшілікке белгілі болғанымен, Үкімет деңгейінде ғарыш зымырандарының зияны тиіп отырған аймақтың экологиялық жағдайына жан-жақты зерттеу мен сараптама жасау, адамдардың денсаулығын тексеру сияқты түбегейлі шаралар қолға алынбай келеді. Жоғарыда айтылған қоғам белсенділері мен қоғамдық кеңес осыған қозғау салуда. Зымыран тасығыш бөліктері құлайтын аумақтағы Жезқазған, Сәтбаев қалалары тұрғындарының Арал аймағындағы экологиялық апат аймағынан зардап шегушілер қатарына жатқызылып, тиісті мәртебе берілуін көтеруде. Тұрғындарға тиісті өтемақы төленуін талап етуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Еңбек және әлеуметтік қорғау және Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері арқылы зымыран қалдықтарынан зиян шегіп отырған аймақ тұрғындары үшін Жезқазған қаласында емдеу және сауықтыру орталығын салу қажет дейді. Талқылау нәтижесі бойынша облыс әкіміне хат жазып, осы көкейкесті мәселені Үкіметтің назарына ұсынуды сұрап отыр.

Ғарыштық зерттеу орталығы бөлініп түсетін зымыран қалдықтарының зияны жоқ дегенімен, жұртшылық бұл уәжге сенбейді. Ғарыш аумағына жақын орналасқан елді мекендерде өмірге жарымжан болып келетін сәбилердің кездесетіні айтылып жүр. Зымыран тасығыштардың бірінші сатысы түсетін Жезқазған өңірінің халқы да жүрек-қантамырлары, қатерлі ісік сияқты көптеген дерттің асқынуын осы экологиялық ахуал әсерінен көреді. Онкологиялық аурудың өсуіне экологиялық ахуалдың әсері бар екенін дәрігерлер де жоққа шығармайды. Қарағанды облысында өткен жылдың 1 қазандағы дерек бойынша онкологиялық ауруы бар 21078 науқас диспансерлік есепте тұрған болатын. Осының басым көпшілігі Жезқазған аймағына тән болуына орай қазір қалада жеке онкологиялық диспансер ашу мәселесі күн тәртібіне қойылуда.

Жақында белгілі болғандай, «Роскосмос» биыл ауыр санаттағы үш «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлап отыр екен. Бұл – экологияға залалы көп зымыран екені белгілі. Дегенмен, жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына орай бұл салада да оңтайлы бетбұрыстар жасалатын болар деген үміт бар. Сондықтан да, көтеріліп отырған мәселенің негізгі түйіні Ұлытау, Жезқазған өңірінің зымыран бөлшектері құлайтын аумағындағы суына, топырағына, өсімдіктеріне жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тіреледі. Бұл тексеріске қаржы керек екені белгілі. Жанашырлық болса оның да көзі табылар. Айталық, қала аумағындағы өндірістік ірі кәсіпорындар ауаны зиянды қалдықтармен ластағаны үшін бұған дейін жылына бюджетке 3,5 млрд. теңгеге дейін эмиссиялық төлем жасап келді. Қоғам белсенділері осы қаржыны экологиялық проблемаларға бағыттаса көп жағдайды шешуге болар еді деп санайды. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі өз құзырындағы Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтын жұмылдыра отырып, аймақ халқының денсаулығын медициналық тексерістен өткізіп отыруды тұрақты жолға қойғаны жөн.

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

08:40
767

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020