​«САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ САҚТАМАЙ, ІНДЕТТІ ЖЕҢЕ АЛМАЙМЫЗ»

Әлеуметтік желіде желдей ескен «Жезқазған қызыл аймаққа өтті» деген хабар көпшілікті елең еткізді. Одан індеттің екінші толқыны наурызға келуі мүмкін деп топшылаған денсаулық сақтау министрінің үндеуі тіпті абдыратып тастады.

Осы жаңалықты естіген әрбір саналы жанның көз алдына маусым мен шілдедегі жағдай келіп, бүгінде арамызда жоқтар есіне түскені анық. Дегенмен, «қойшы, сол вирусты» деген пікірі барлар әлі де біздің арамызда кездеседі. Олардың күдігін сейілту үшін коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналып ашылған жаңа инфекциялық орталыққа барып қайттық. Қарбалас болса да жарты сағат уақытын қиған сол аурухананың жетекшісі жоғары санатты дәрігер Қарлығаш Шариязданованың түрінен-ақ жұмыс көбейгенін байқадым. Қарашада кездескендегіміздей емес түрі шаршаңқы. Бірақ, еңсесі тік.

–Шынын айту керек, көпшілік арқасын кеңге салды. Қыз ұзатып, тұсау кескен, Жаңа жыл тойлап, шеке мүжіген таныс-тамырларымыз арамызда бар. Олардың бейқамдығы індеттің өршуіне алып келді. Қарағанды облысының сары аймаққа өтуіне Жезқазған қаласында вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне тікелей байланысты. Бүгін біздің орталықта 88 адам ем қабылдап жатыр. 47 науқаста COVID-19 расталды, өзгелерінде – пневмония. Олардың қатарында балалар да бар. Науқас 21 баланың сегізі – 1 жасқа толмағандар. Жансақтау бөлімінде 7 науқас жатыр, — деп әңгімесін бастаған Қарлығаш Сәдуақасқызы жансақтау бөлімінің кереуетіне 65 жастан асқандар түсіп жатқанын айтты.

–Егде тартқандарға вирусты жеңу оңайға соқпайды. Қазір біздің қарауымызда өкпесінің 15 пайызы зақымданған ата-апалар бар. Бірақ олардың коронавирустан басқа да жоғары қан қысымы, қант диабеті мен жүрек жетіспеушілігі сынды аурулары бар. Олардың бәрі қоза түсіп, науқасқа ес жиғызбай жатыр. Сондықтан, карантин шектеулерінде көрсетілген 65 жастан асқандардың оқшаулану талабын орындауға баса назар аудару керек. Індеттің екінші толқыны балаларды айналдырады деп болжанды. Бірақ, алдын ала қамданып, тұмауға қарсы екпе салып, қашықтан оқытуға көшкеннің арқасында балалардың жаппай ауруына жол берілмеді. Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай 21 бала қазір біздің қарауымызда. Олар қайдан вирусты жұқтырып алды дейсіз? Әрине, үлкендерден. Сұрай келе, науқастар жиын-тойға барғанын немесе үйіне қонақ шақырғанын біліп отырмыз. Екі-үш сағаттық қызықтың зардабы ауыр екенін олар енді сезніп жатыр, – деп әлі де болса вирусқа атүсті қарап, өзінің, бауыр еті баласының денсаулығы мен өміріне немқұрайлық танытатындарға ашынды.

–Рас, күз айларында статистика төмен болды. Сондықтан, көпшілік маска кию мен көпшілік орындарға бармауды, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауды доғарды. Олар іштей вирус бәсеңсіді деп сенген болар. Бірақ, олай емес. Бірінші толқында вирустың симптомды және симптомсыз түрімен ауырғандар көп. Соның нәтижесінде бізде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Ол үш-төрт айға дейін бізді вирусты қайта жұқтырып алудан қорғады, – деген маман тұрғындар өз өмірін аман алып қалу үшін сақтық шараларын барынша күшейту қажеттігін айтты.

–Біз, дәрігерлер, алдымызға келген науқастың өлімнен арашалап, аяғына тұрғызу үшін аянып қалмаймыз. Біз дәрі-дәрмек те, тәжірибе де, медициналық аппараттар да бар. Бірақ, біз – құдай емеспіз. Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Вирус үлкенді де кішіні де аямай, жалмайды. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына жауапты екенін ұмытпаса дейміз. Шақырған жерге бармаңыз. Антисептик пайдаланып, маска киіңіз. Денсаулықты нығайту үшін нәрлі тағамдартұтынып, дәрігердің кеңесімен дәрумендер қабылдаңыз. Спортпен шұғылданып, көңілді жүріңіз. Ең бастысы, үрей бой алдырмау керек, – деп кеңесін аямаған Қарлығаш Шариязданова коронавирустың белгілері сол баяғы – демікпе, жоғары температура мен тамақтың қызаруы, мұрынның бітелуі, буындардың сырқырауы мен кеуде тұсының ауырсынуы екенін айтты. Аталған ауру белгілері бар науқастар «басылар» демей дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет. Ауруын асқындырып алғандардың басым көпшілігі кейін жансақтау бөліміне түседі екен.

Бойымызға үндемей кіріп, мысқылдап шығатын індет бүгін-ертең түп-тамырымен жойылмасы анық. Көзге көрінбейтін вируспен арпалыста біз жеңіп шығуымыз үшін, әр адамның үлесі қажет-ақ...

Диана ОРАЗАЛИНА

10:14
633

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020