​ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Талап селолық округінің әкімі Ғабит Битенов ауыл тұрғындарымен офлайн және онлайн форматта жүздесіп, есеп берді. Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаровтың басшылығымен өткен жиынға әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері де қатысты.

Бүгінде 646 тұрғыны бар Талап ауылында мектеп, дәрігерлік пункт, ауылдық клуб, дәріхана, кітапхана, байланыс бөлімшесі, мал дәрігерлік пункті, учаскелік полиция бөлімі, наубайхана және сұлулық салоны тұрғындар игілігі үшін қызмет қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 39 шаруа қожалығы мен, 2 азық-түлік дүкені бар.

– 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылымызда екі жоба жүзеге асырылды. Д.Бектепберген көшесінің су құбырын ауыстыру және жөндеу жөндеу жұмыстарына 5 млн 800 000 тг бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «Медет» ЖК мердігерлік компанияны жүргізді. Аталған жұмыс барысында осы көшенің 3 аз қамтылған отбасына мердігер өз есебінен тегін су құбырын орнатып берді. Жұмыссыз жүрген 2 тұрғын ауысымдық жұмысқа тартылды. Ауылдағы саябақ ауласын қоршауға да айтарлықтай көңіл бөлінді. Бүгінде мердігер «Адал еңбек» ЖШС бұл жұмыстарды 100 пайызға орындады, – деген ауыл әкімі Ғабит Битенов 2020 жылы жүзе асырылған жұмыстар бойынша толық мағлұмат бергеннен кейін, тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді.

Жиын барысында тұрғындарға қиындық тудырып отырған басты мәселенің бірі – үйге қыстыгүні судың дұрыс келмеуі. Яғни, былтырдан бері қытымыр аяз түсісімен жеке үйлерге тиесілі құбырлар қатып қалатын болыпты. Соған сай бүгінде ауылда мүлде сусыз қалып отырған 4 үй бары анықталды. Су тарту жұмысындағы орынсыздықтардан хабардар болған қала әкімі аталған сала бойынша жауапты орынбасары Қайрат Бапановқа дереу түрде себепті анықтап, тиісті шараларды қолдануға тапсырма берді.

Ауыл тұрғындары үшін қалаға қатынау жайы да айтарлықтай жайсыздық тудырып отыр. Оған себеп – Жезқазған мен Талаптың екі ортасында қатынайтын автобустың уақытында жүрмеуі. Бұл, әсіресе, қалаға барып жұмыс істейтін тұрғындарға зиянын тигізіп отырғанын айтқан ауыл тұрғыны бұл мәселенің шешілуін талап етті.

Одан бөлек бүгінгі таңда көпті сергелдеңге салып отырған жайт — интернеттің жыры. Ауылдағы интернет жылдамдығы өте нашар екенін айтқан тұрғынға Ғабит Битенов алдағы уақытта жылдамдығы 100 кбт/сек сапалы интернет қолжетімді болатынын жеткізді.

Қайрат Әбсаттаров ауылдағы жарықтандыру жұмыстарында да олқылықтар барынан хабардар болып, тұрғындар өтініші жауапсыз қалмау қажетін ескертті.

Ауылға толық ем көрсететін аурухана да қажет екенін естіген қала әкімі осы салаға тікелей жзауапты орынбасары Зина Ақылбековаға арнайы зерттеу жүргізіп, бұл мәселе бойынша облысқа сауал жолдауды тапсырды.

Сонымен бірге Қайрат Бектайұлы орынбасары Ербол Құсайыновқа әр тоқсан сайын Талап селолық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігін толыққанды біліп отыруды тапсырып, талаптықтардың күрмеуі көп күрделі мәселелерін тікелей өз бақылауына алатынын сендірді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

22:08
849

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020